АДАСҚАНДАРДЫ АҚЫЛҒА ШАҚЫРУ - ОРТАҚ МІНДЕТ

Дүйсенбі, 26 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 61 рет

ӘбуовТұрар

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы

Діни ахуалды талдау және мониторинг бөлімінің бастығы,бас ғылыми қызметкер

 

 «Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзасына үкі таққан елміз.

Дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм-тұзын ақтай білген елміз», – дейді әділ сөздің төресін айтқан Қаздауысты Қазыбек би.

Расында да, тарихтың бұралаң жолдарында қаншама қиыншылықты басынан өткерген ел атынан сөйлейтін ерлер ғана осылайша айта алары сөзсіз. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің қайраттылығы мен қайсарлығына тарих беттерін парақтаған сәттерде шүбәсіз сенеміз.

Бүгінгі таңда еркін ел көк байрағын желбіретіп демократиялық елдердің қатарына қосылды. Мемлекеттің экономикалық өрлеуі де, саяси тұрақтылығы да, демократиялық дамуы да елде мекен еткен түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара сыйластығына, түсіністігі мен татулығына барып тіреледі. Осы қағидатты құрмет тұтқан Елбасының жетекшілігімен мемлекеттің ұлттық саясаты  әрбір ұлттың этникалық жаңғыруын, өз тілі мен салт-дәстүрін өз қалауына сәйкес берік ұстану арқылы жүзеге асты. Сөйтіп, әр этностың толыққанды ұлт ретінде, әрбір ұлт өкілінің өзін осы елдің тең құқылы азаматы ретінде сезінуіне жағдай жасалды. Соның нәтижесінде 130-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері «Қазақстан – ортақ отанымыз, ортақ үйіміз» деген құндылықтық қағидат топтаса білді.

Заманауи әлемде түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың көпшілігі дәл осы ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан туындап жатқанда, еліміз бейбітшілік пен татулықтың негізін қалау жолында  өзгелерге үлгі болуда.

Діни татулықты әрдайым басты назарда ұстайтын Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде: «...Мемлекеттің зайырлылығы Қазақстанда бар барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетуден, әркімнің таңдау еркіндігінен арқаулық табады. Конфессияаралық толеранттылықтың мұндай ахуалы, сірә, әлемде еш жерде жоқ. Сонымен бірге, біздің еліміз зайырлы және дін мемлекеттен бөлінген.

Біз сондай-ақ діни ұрандар ұстанған экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген талпыныстарды, біздің халқымызға біз үшін бөгде діни көзқарастар мен идеяларды күштеп таңуды барынша теріске шығарамыз.

Ислам діні әу баста жаратушыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ. Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адасқандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіспіз....», – деп ескерткен болатын.

Ендеше, ел ішінде шетін көзқараспен  жүрген азаматтарымызды жат ағымдардың ықпалынан арашалау, оларды қорғау, адасқандарды ақылға шақыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Ал шетін көзқарастағылар азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, діни сеніміне нұқсан келтіретін, отбасының бұзылуына, т.б. бүлдіргіш әрекеттерге себеп болған нақты жағдайлар айқындалғанда бұған өз құзыреттері шегінде құқықтық органдар да араласып, тиісті шаралар қолданатыны белгілі.

Мұхаммед пайғамбар: «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді», – деген. Бір ғана елді емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремистік және лаңкестік әрекеттер дінде шектен шығушылықтың салдарынан болып отыр. Ел ішіне іріткі салып, дүрбелең туғызуға жаны құмар шетін көзқарастағылар ар алдында да, адамзат алдында да, тіпті Алла алдында да жауапсыз қалмайтынын білгені жөн.

Бұл ретте шетін көзқарастағыларды тек кіналап қана қоймай, оларды байсалды ортаға қайтару жұмыстары ауадай қажет-ақ.