Экстремистік секталардың адасуы

Жұма, 31 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 151 рет

 

Қазіргі таңда діни ахуал, соның ішіндегі экстремизм мен терроризм мәселесінің белгілі бір аймақтық, мемлекеттік дәрежеде емес, ғаламдық дәрежеде орын алып, ХХІ ғасыр індеті аталып отырғандығы белгілі. Сол секілді діни экстремизм мен терроризмнің біздің елдің тұтастығы мен тыныштығына үлкен қауіп төндіріп отырғандығы жасырын емес.

Осы аталған ұғымдардың тілдік мағынасына үңілер болсақ: Экстремизм термині – сөзбе-сөз (лат. Шеткі) шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару дегенді білдіреді. Терроризм – (лат. Қорқыныш) үрей туғызу. Яғни саяси мақсатты сылтауратып күш қолдану. Ұйымдасқан топтың өз мақсатына жету үшін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс. Экстремистік террористік бағытты ұстанатын кереғар ағымдар, яғни секталарға тоқталар болсақ, Секта – лат. бір заттың бөлігі немесе сана образы, оқу дегенді білдіреді.

Террорлық әрекетке барып жатқандар мешіт жамағатынан шыққан, діндар жандар емес. Діндар кісілер мұншама жауыздық әрекетті жасай алмайды. Жанкештілікке көбіне діни сауаты жоқ адамдар барады. Олар әлдекімнің «Мынаны өлтіру керек» дегенін бұлжытпай орындайды. Осының барлығының алдын алу үшін жас ұрпаққа дұрыс тәрбие мен білім беру қажет. Мұндай жағдайдан алып шығар жалғыз ғана жол бар – ол адамдарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйрету. Шынайы мұсылман адамның еш уақытта лаңкес бола алмайтындығын түсіндіруіміз керек: «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8 аяттар).

Ислам діні адамзатқа түрлі халықтар арасында тыныштық, бірлік, ынтымақ қалыптастыру мақсатында түсірілген. Алланың 99 көркем атының бірі – «ассалам» – «тыныштық», «бейбітшілік» болуы, «Ислам» сөзінің араб тілінде «тыныштық, бейбітшілік» мағынасын білдіретін түбірден шығатыны біраз сырды аңғартса керек. Әрбір мұсылман бір-біріне амандасқанда амандық, тыныштық тілеп сәлемдеседі. Ислам діні өзімшілдікке жол бермейді, Алла алдында барша адам тең. Тәңірі басқаларға ісімен де, тілімен де зарар, зиян келтіруден тыйып, адамдарды мәмілемен, жарастықта, тату ғұмыр кешуге, бір-бірін қуаттап, қолдауға үндейді. Ислам соғысқа, қан төгіске шектеу қойған. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Құран қағидалары қақтығыстардың алдын алып, ұрыс-жанжалдарды харам еткен. Қару жұмсауға, күш қолдануға басқалар шабуыл жасаған жағдайда, амалсыздан қорғану мақсатында ғана рұқсат етілген: «Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Құдай жолында сендер де соғысасыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Алла шектен шыққандарды ұнатпайды».

СалафилерXIV ғасырда Сауд Арабиясында Ибн Таймия негізін қалаған «таза ислам» ұстанымы жайлы салафилік көзқарастарды ұстанушылар болып табылады. ХVІІІ ғасырдан бастап бұл идеологияны саудиялық Мухаммад ибн Абд ал-Уаххаб дамытты. Салафилік ағым өкілдері өздерін Пайғамбар дәуіріндегідей таза исламды ұстанып жүрміз деп есептейді, өз ұстанымдарынан басқа барлық көзқарастарды теріске шығарады, исламның өз заңдылықтарынан туындап жатқан жаңашылдықтарды қабылдамайды. Құран мен Суннада көрсетілмеген кез келген құбылысты, соның ішінде мазхабпен жүруді де «бидғат» деп санайды. Құран мен Сунна тура мағынасында қабылдануы керек, оларға салыстырмалы түсіндірме беруге болмайды деп есептейді. Осындай қасаң көзқарастардың салдарынан салафилер мазхаб ұстануды, мазхаб ғұламаларының еңбектерін жоққа шығарады, «дәстүрлі ислам» түсінігін, ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін терістейді. Көптеген ұлттық дәстүрлерді «бидғат» деп, оны ұстанушыларды «бидғатшы», «мүшрик» деп қабылдайды. Олар «ұлт» деген ұғым мен құндылықты есепке алмайды, өз көзқарастарына ортақ болғандарды ғана «мұсылман бауырлар» деп санайды.

Діни экстремистік секталардың негізгі ерекшеліктері ретінде мыналарды атап өтуге болады: 1) Өздерінің құдайдың қалаулы адамдары екендігіне берік сенім; 2) Оқшаулану; 3) Ғұрыптарына ерекше беріктік; 4) Секта мүшелерінің теңдігін жариялау.

Бұның барлығы керағар ағымның ықпалында қалған адамның психологиясына бағытталып, ол адамды, күнделікті тұрмыс тіршілігінен, араласатын қоғамдық ортасынан алыстатып, ол адамға өз идиологияларын тықпалауға бағытталады. Көбіне секталарға діни сауаттылығы төмен немесе тұрмыс тіршілігі нашар, өмірден қатты күйзеліске түскен адамдар кіріп жатады. Секта бұл дін емес – діннен бөлініп шыққан адасқан, азшылық топ болып табылады.

Ғалымжан САҒАТ,

аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, дінтанушы.