Бүгінгі Сәләфилердің ұстанатын ортақ діни қағидалары

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 89 рет

 

Сәләфилік ағымының тарихына қысқаша тоқталсақ, XIIІ ғасырда Ибн Таймия негізін салған, XVIII ғасырда Мұхаммед ибн Абдулуаххаб (1704-1787) ілімін ары қарай дамытқан.Ол еңбектерінде өздері сияқты сенбейтін адамдарды күпірлікке айыптап қарулы жиһадқа үндеген. Өздерін Сәләфи яғни, алдыңғылардан деп санап мұсылмандарды Алланың бірлігіне шақыру, ислам дінін бидағат (дінге енген жаңалық) амалдардан тазалау, дінді пайғамбар заманындағыдай ұстану, араб әлемін біріктіру сияқты діни идеяларды ұранға айналдыруының нәтижесінде көптеген адамдар тура жолдан адасты. Сәләфилік ағымының шейхы Мұхаммед ибн Абдулуаххаб амалда Ханбали мазһабын ұстанғанымен ақида (сенім) бойынша ұстанымы аталмыш мазхабқа мүлдем сәйкеспейді. Мұхаммед ибн Абдулуаххаб ХVІІІ ғасырдың 40 жылдарынан бастап сол кездегі Дария кентінің әміршісі болған Мухаммед ас-Сағудты өзімен бірге араб елдерін біріктіру ұранымен күресуге шақырды. Кейіннен Англия елінің қолдауымен мақсатына жетті. Бүгінде Мухаммед ибн Абдулуаххабтың көзқарастары Сауд Арабиясының ресми ұстанымы болып табылады. Ал, негізі Салафиліктің анықтамасы «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны білдіреді. Ислам ғұламалары мұсылмандардың алдыңғы үш толқынын «сәләфилер» деп атады. Олар – сахабалар (пайғамбарды көргендер), тәбиғиндер (сахабаларды көргендер) және табаға-тәбиғиндер (табиғиндерді көргендер). Бұл дегеніміз «сәләф» ұрпағына VII-IX, ғасырларда өмір сүрген ізгі адамдар мен Имам Әбу Ханифа, Имам Тахауи, Имам Шафиғи, Имам Мәлики т.б. ғалымдарды жатқызуға болады. Ал, X ғасырдан бастап біздің заманымызға дейін өмір сүрген ислам ғұламаларын «хәләф» – яғни, кейінгілер деп атаған. Оған Имам Матуруди, Имам Ашари, Қожа Ахмет Ясауи т.б. кіреді. Бірақ, қазір өздерін сәләфилерміз дегендердің діни ұстанымы радикалданып қоғамға зиян тигізуде. Олардың діни танымдары өткен ғасырлардағы сахабалар мен табиғиндердің діни танымдарына мүлдем сай келмейді. Себебі, Мұхаммед ибн Абдулуаххаб «Китабт-таухид», «Кәшфуш-шубуһат», және «Усулус-сәләсә» (Үш негіз) еңбектерінде таухид (сенім), ширк, бидғат (дінге енген жаңалық) мәселелері қозғалып өзге ұлттардың ғасырлар бойы ислам дінімен ұштасып келе жатқан салт-дәстүрін харам, ширк санап өз ұлтының дұшпаны қылды. Ұлттық құндылықтарын білмеген, онымен мақтанбаған азаматтарда елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі жойылуда. Сол секілді қаншама қандастарымыз тарихын, ата-бабалары ұстанған дәстүрлі діни танымын білмегендіктен, теріс діни ағымдардың жетегіне кетіп, лаңкестік әрекеттерге баруда. Лаңкестердің негізгі мақсаты – дін үшін күрес емес, керсінше билік пен байлыққа жету. Сол себепті сәләфилердің уаххабилік идеологиясы адамдарды өздерінің топтарына тартып, саналарын радикалдандыру үшін неше түрлі құйтырқы әрекеттерге барады. Адамды туған туыстарынан, ұлттық құндылығынан айырып, соңында өз еліне жат қылып, қарсы соғысуға үгіттейді. Одан бұрын беташар, сәлем салу, ас беру, құран бағыштау, секілді дәстүрлерді ширк, харамға теңеп әбден саналарын улап қоғамнан оқшаулайды. Санасы уланған ағым жақтаушысы өз ұстанымын обсолютті ақиқат санап өз көзқарасына қатаң беріледі.

Бүгінде сәләфилер (уаххабилік) бірнеше топтарға бөлінген. Олардың бұлай бөлінуіне бірнеше мәселелер себеп болған. Мәселен, намаз оқымаған адам «кәпір ме, мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?» «басшыға бағыну», «патшаның саясатын қолдау, қолдамау» деген сияқты сенімге, саясатқа қатысты мәселелер де ымыраға келе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлінді. Бұл ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір болып табылады. Олар бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолдағы мұсылман санайды. Сондай-ақ, аталмыш ағым идеологиясының негізі буквализм болып табылады. Яғни, Құран аяттары мен хадистердің мазмұнын түсінбей, тура мағынасында сөзбе-сөз түсінуге, ақыл-парасатты қолданбауға негізделген. Құрандағы астарлы мағыналы аяттардың, хадистердің тек сөздік мағынасын негізге ала отырып, ішкі мәніне үңілместен, сол күйінде қабылдау керектігін алға тартады. Мұндай мәселелер ғасырлар бойы қалыптасқан мазхабтарды жоққа шығарып, әр мұсылман тікелей өзі Құран мен хадиске жүгініп пәтуа бере алады деген теріс көзқарастың қалыптасуына алып келеді. Бүгінгі сәләфилер әрбір адам дінді, шариғатты өз беттерінше оқып, үйрене алады деп есептейді. Араб тілін білген адам Құранды да, сүннетті де өз бетінше оқып, дін қағидаларын түсіне алады. Дінді ақылмен түсінгісі келетіндерді олар адасқандар, бидғат иелері деген сияқты сөздерді айтуда. Аяттар мен хадистердің негізгі мән мағынасына, олардың қай кезде, қандай жағдайда түскеніне қарамастан, тура мағынсында қабылдауға тырысады. Ақылға салып, ой жүгіртуге шектеу қоятындықтан, олардың қатарына қосылған адам еркін ойлаудан айырылады. Өйткені, ондай адам аяттың, хадистің астарына үңілуге дәрменсіз, оның білімі жеткіліксіз, мәтіндерді тек салафилер түсіндірген қалыпта қабылдап алады да, басқаша ойлауды адасушылық деп санайды. Қасиетті Құранда Алла тағала: «Әй кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер! Аллаға байланысты шындықты айтыңдар...»[1]және тағы: «(Мұхаммед:) «Әй кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрынғы нақ жолдан адасқан, әрі көптерді адастырған сондай-ақ, тегіс жолдан азған қауымның әуесіне ілеспеңдер»-де»[2] – деп айтқан.

Салафилер Құрандағы «хижрет» (көшу) ұғымын бұрмаланған, қате түсінікпен қолданып жүр. Бұл ұғымдарға берген түсінігін қабылдаған көптеген адамдар өз елдерін тағут ел (кәпірдің елі) деп санап, Сирия және басқа елдерге «хижра» жасап, көшкендігі жөнінде мәліметтер бар. Бұл жағдаларға осындай теріс пиғылды ағымдардың уағызшылары діни білімі толық емес азаматтарды арбап, Сирия, Ирак елдеріне «хижра жасауға» шақыруы себеп болып отыр. Мұның  ислам діні сеніміндегі хижрамен ешқандай байланысы жоқ. Исламда бұл сөз мұсылмандардың дініне қатысты өзгелерден қысым көруіне байланысты басқа елге қоныс аударуын білдіреді. Бірақ, елімізде ешбір діннің насихатталуына қысым қойылып отырған жоқ. Мұсылмандар құлшылықтарын еркін атқаруда. Елде қаншама зәулім мешіттер салынып, көбейіп жатыр. «Таза ислам» елін аңсап елден көшкендер тек барды бағаламаушылар деп білеміз.

Олар өздерінен басқа барша мұсылмандарды Құран мен Сүннетке амал етпейді деп айыптайды. Олардың бүлік жасауынан басқа көзгеанық түсетін белгілері мазхабсыздық. Егерде олардың өздері көпшіліктің арасында, тар жағдайда қалғанда: «Біз мазхабты мойындаймыз» деп айтқанымен, негізінен іс-әрекеттері мазхабсыздыққа негізделген. Бұл жолдағылар не үйренсе де мазхабтан үйренген, себебі, мұнсыз дінімізді үйрену мүмкін емес. Мәселен, олардың намазды, басқа барлық ғибаттарды мұсылмандар арасында бұрыннан таралған фикһ мазхабтардан басқаша тәрізде ұсына алмайды. Олар кейіннен жалпы шариғатта бір-екі мәселені қозғап «Мазхаб деген Пайғамбар дәуірінде жоқ еді. Біз мазхаб иелерінің айтқанына емес, Алла және оның елшісінің айтқанымен амал етуіміз керек» деген сөздерді айта бастайды. Бұл сөзге амал етуге өздері өнеге болуға әрекеттеніп, Құран мен Сүннеттен өздерінше жаңа үкімдер шығаруға өтеді, әрі қателікке жол қойып, қарама-қайшылықтарға себепші болуда.

Қоғамдағы белең алып жатқан жағдайларға бей жай қарамауымыз тиіс. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, теріс діни ағымдардың ықпалынан жастарды сақтандару жалпы қоғамның міндеді. Бұл мәселе аясында еліміз қауқарсыз жағдайда емес. Ел аумағында дін мәселелері, теріс діни ағымдардың ықпалынан зардап шеккен тұлғалармен жұмыс жасайтын арнайы мекемелер бар. Облысымызда 2012 жылдан бастап «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» жұмыс жасап келеді. Орталықта 4 бөлім, Әдістемелік қамтамасыз ету, Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу және Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру бөлімдері жұмыс жасайды.

М.САРМАНОВ,

Облыстық дін істері басқармасы, Дін мәселелерін

зерттеу орталығы КММ «Оңалту жұмыстарын

ұйымдастыру» бөлімінің маманы.

 


[1]Нисә сүресі 4/171 аят

[2]Мәидә сүресі, 5/77 аят