Түркістан облысында діни ахуал тұрақты

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 561 рет

 

Қай халықтың да болмасын мемлекеттік даму стратегиясында жастарға, жас буынға, олардың тәрбиеленіп, ортаға сай озық білім игеріп шығуына баса назар аударылады. Бүгінгідей ақпарат пен техникалық жаңалықтар кезек шарпыған заманда, оқуға, ғылымға, тәжірибеге сүйеніп, бұл салалардағы жетістіктерге иек артқан дұрыс. Балалар мен жастардың азаматтық патриоттық, әлеуметтік мәртебесін көтеру әрі ғылыми негізделген саясат жүргізу мен рухани-өнегелік әдептерімен отбасылық құндылықтарға бейімдеп тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы деп айта аламыз.

Адам баласының отбасында алған имандылық, патриоттық тәрбиесі рухани-адамгершілік тұрғысынан өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлері мен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруға қызмет етуі керек.

Қазақстандық қоғамның жалпы сұранысы және халық дәстүрлері, әлемдік және ұлттық мәдениет негізінде құрылған жастарды жалпы азаматтық, ұлттық құндылықтарға бағдарлау ең алдымен отбасы негізінде қалыптастыруды ұялату кезек күттірмес мәселе.

Адам баласының тура жолдан адаспай, толық, кемел, ақыл-есі түзу азамат қатарына жетуі оның жас шағында алатын тәрбиесіне, ата-анасының мейірім көрсете алуына байланысты.

Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2018-жылы жұмыстар деструктивті діни ағымдарға қарсы жалпы профилактикалық жұмыстарға, діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыруға, теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккен жеке тұлғалармен арнайы жұмыстарға, облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын тиімді ұйымдастырып, үйлестіруге, ақпараттық-әдістемелік құралдар әзірлеп, баспадан шығаруға, дәстүрлі діни құндылықтарды халық арасында насихаттауға, қоғамдағы дін қатынастарын зерттеп, зерделеуге бағытталды. Сондай-ақ, қала, аудандық және облыстық ақпараттық түсіндірме топтары мүшелерінің біліктілігін көтеруге арналған тренингтерге республика танымал дін, тарих саласы мамандары, саясаттанушылар мен әлеуметтанушыларды жұмылдыра отырып тренингтер мен семинар-кеңестер ұйымдастырылды.

Бүгінгі күнге дейін облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің мамандарын жұмылдыра отырып құрылған дін саласындағы облыстық ақпараттық-түсіндірме топтарының қала, аудан, ауылдық округ және елді мекен тұрғындарымен кездесулерінің барлығында да деструктивті діни ұйымдардың теріс идеологиясының алдын алу мәселесімен қатар рухани, отбасылық құндылықтарды насихаттау мен отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеу жөнінде кеңінен айтылып келеді.

Сонымен қатар, облыс көлеміндегі шалғай ауылдар мен елдімекен тұрғындарымен өткізілген кездесулерде де ауылдағы жастар мен жасөспірімдерді облыстық ақпараттық-түсіндірме топтарының кездесулеріне қатыстыру мәселесі де бірізділікке қойылған деп толық сеніммен айта аламыз.

Өткен жылы облыс көлемінде қала, аудандық және облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары тарапынан 1260 кездесу тұрғындармен, жоғарғы оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарында – 379 кездесу, мектептерде – 1788 жалпы кездесу оқушылармен өткізілген болса, облыс көлеміндегі ғибадат үйлері мен діни бірлестіктер мен филиалдарына келушілермен 250-ге жуық кездесулер, өндіріс орындары мен мекемелерде, құқық қорғау және әскери сала қызметкерлерімен, медицина салысы және т.б. мекемелермен 1315 кездесулер ұйымдастырылған. Жоғарыда аталған кездесулер барысында 442773 адам қамтылған.

Кездесулер барысында ата-аналарға, жастарға көмекші құрал ретінде Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің тарапынан жарық көрген «Кереғар діни ағымдардан сақтанайық» тақырыбында ҚР Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің дінтану сараптамасынан оң қорытынды алған 10000-ға жуық аудио-бейне өнімдер, діни экстремизімнің алдын алу мақсатында және кереғар діни ағымдардың қоғамға зияны жөнінде әр түрлі тақырыптар мен әр түрлі мазмұндар бойынша 10 түрлі әдістемелік құралдар мен кітаптар 60000 данамен шығарылып, әлеуметтік барша топтарға кездесулер барысында таратылды.

Бүгінде жастардың түрлі видеороликтер мен қысқа метражды фильмдерге деген ерекше қызуғушылығын ескере отырып 20 тақырыпта бейнероликтер және 6 тақырыпта фильм дайындалды. Сондай-ақ, жасөспірімдерге арналған «Мен елімнің патриотымын!» тақырыбында 10 минуттық анимациялық фильмі жарыққа шықты.

Қоғамдағы жастардың таным-түсініктерінің дұрыс қалыптасуына әсіресе дін тұрғысындағы көзқарастарының оң бағытта қалыптасуына әсер ететін бейнероликтер мен фильмдер шығарудың ықпалы зор. Бұл бейнероликтер мен фильмдерде псевдосәләфилік ағымының өзіндік ерекшеліктері, еліміздің тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениеті, ұлттық құндылықтары мен патриоттық бейнелер, отанға деген құрмет, жастардың ертеңге деген сенімі бейнеленген.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ ұлтының болмысы мен құндылықтарын болашақ ұрпақтарға лайықты дәрежеде жеткізу қажеттігіне баса назар аударған болатын.

Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жасөспірімдер мен жастарымыз батыс мәдениетіне еліктеп, олардың біздің ұлттығымызға жат мінез-құлықты саналарына сүзгісіз сіңіріп жатқандығы жасырын емес. Осыған орай аталмыш өнімдердің мазмұнында жастар мен жасөспірімдеріміздің бойында еліне, жеріне, отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, тілі мен дініне берік, тарихын білуге деген құштарлығын ояту қамтылған.

Жұртшылықты дәстүрлі емес діни ағым идеяларынан сақтандыруға, дін саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға бағытталған материалдарда тек қана дін мәселесі ғана қозғалып қоймай, еліміздің тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениеті, тілі, ұлттық құндылықтары мен патриоттық бейнелер, отанға деген құрмет, түрлі әлеуметтік азғындықтардан сақтану жолдары мен жастарымыздың ертеңге деген сенімі бейнеленіп таралымы ғаламтор мен әлеуметтік желілер және БАҚ арқылы ұйымдастырылды. Бұл материалдардың отбасылық тәлім-тәрбиеге қосар үлесі мол.

Тәуелсіздік алған кезден былай қарай жиырма жеті жыл уақыт ішінде өмірге келген ұрпақ бойында ерекше ұмтылыс, ерекше қуат сезіледі. Тек өскелең өркенді жаһанданудың жойқын соққысына, арсыздық дертіне ұрындырып алмай, өз ұлтының мәдениет мәйегінен алшақтамай өсуіне жол ашуымыз керек. Ол үшін жүріп өткен ізімізге тағы бір бұрылып, жеткен жетістіктерімізді салмақтап, рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына ендірген абзал. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «2019 – Жастар жылы» деп жариялап, жастарға мол мүмкіндіктер жолын айқара ашылуына бастамашы болды.

Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған. Мал – мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Жиған–терген дәулетіне жүрегін байламай, одан да биік мақсаттар бар деп білген аталарымыздың түсінігін бүгінгі жастардың бойына сіңіру заман талабы.

Облыстық отбасы, балалар және жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасымен және қала, аудан әкімдіктерімен жыл басынан бері бірлесіп бекітілген жоспар бойынша кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық, нашақорлық пен суицидке жол бермеу, қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мен кереғар діни ағымдардың алдын алу бойынша облыс көлеміндегі жастармен және қала аумағындағы жастар және жасөспірімдермен жүйелі кездесулер өткізіліп келеді.

Жастарымыз көзсіз ғаламтор желісіне шырмалып, кереғар ағымдар мен жат дүниетанымның соңынан кетер болса елдің болашағы бұлыңғыр болмақ. Сондықтан, кездесулер барысында әлеуметтік желі және ғаламтор желілерінен келетін қауіп-қатер жайында да ескертіледі. Себебі, еліміздің ертеңі мен болашағы білімді, патриот жастардың қолында. Осы бағытта облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің мамандары тарапынан теріс діни идеологиялардың алдын алу мақсатында түрлі әлеуметтік желілер және БАҚ құралдарына үздіксіз зерделеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Дәстүрлі қазақ руханиятынан тамыр тартып, нәр алған данышпан тұлғалардың елді жақсылыққа үндеудегі көптеген ой-пікірлерінің имандылық, салт-дәстүр маңына келіп тоғысатыны шындық.

Медет ХАЛЫҚОВ,

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры м.у.а.