Мешіт ережесін сақтау әр мұсылманға парыз

Сейсенбі, 05 Қараша 2019 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 41 рет

 

Қазақ баласын әрқашанда дінмен тәрбиелеген. Баршамызда Алланың үйінде мүмкіндігінше құлшылық жасауға тырысамыз. Алайда, осындай киелі орында басшыға бағынбай өз білгенімен амал жасайтындар да бой көрсетіп жатады. Құлшылық орындарында бүлік тудырып жатқан оқиғаларын мешіттерде немесе әлеуметтік желілерде кездестіретін болдық. Соның бірі, сонау IX ғасырдан бері ислам дінін қабылдап, Ханафи мәзһабын ұстанған қазақ елінің ауызбіршілігіне сызат түсіріп, ел арасында бүлік тудырып отырған сәләфилік идеологиясына қатысты. Осы сәләфилік идеологияны ұстанушылар мешітке келіп бір сүннет амалын жандандырамын деп екінші бір сүннет амалын ұмытып, Құранға қарсы шығып жатқанын сезбейтіні өкінішті. Мешіт тәртібін сақтау әр мұсылман үшін де міндет. Осы сөзіміз қуаттау үшін төменде дәйекті дәлелдер келтіріп өттік.

Қасиетті Құранда:«Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де...» деп өз ортамыздан болған басшыларымызға бағынуды бұйырып отыр. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) осы аятпен ұштасқан ұлағатты мына бір «Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік құл билік жасаса да» – деген сөзі де басшыға бағынуымыздың парыз екендігін ескертеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012-жылғы Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз...» – деп, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатындығымызды еске салып отыр. Ендеше, басшымыздың осы сөзі қазақстандық мұсылмандардың баршасына қатысты.

Мешітте имам басшы ретінде Әбу Ханифа мәзһабымен құлшылық өтелетінін ескертсе де кейбір адамдар «рофилә ядәйни» бойынша парыздарын өтеуде. Ол адамдардың «Ибн Омар (р.а) рукуғқа барғанда және рукуғтан қайтқанда екі қолын көтермеген адамды көргенде оған тас ататын еді» деген т.б. хадистерді дәлелге келтіреді. Бұл хадиске амал жасауда мұхаддистердің ережесіне сүйенеміз. Егер, хадис Құранға қайшы болса, онда ол мәнсүһ (күші жойылған) болады. Демек, амал етілетін хадис алымен Құран аяттарымен ұштасуы қажет.

Жоғарыда келтірілген хадис «Мені еске алу үшін намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орында», – десе Алла Елшісі(с.ғ.с.) «Неге сендер шыбындаған аттың құйрығына ұқсап қолдарыңды (қайта-қайта) көтеріп жатырсыңдар. Намазда тыныш тұрыңдар» – деген аят пен хадиске қайшы келгендіктен мәнсүһ болады.

Мешітке келіп нағыз сүннетке амал жасап жүрміз деген бауырларымыз жоғарыда келтірілген Құран аяттарына, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне, Құрандағы бағынуға бұйырылған басшының сөзіне қарсы амал жасап жүргенін сезінсе екен.

«Аз сөз алтын, көп сөз көмір» дегендей, осы келітірлген дәлеліміз ақылды әрі ынсаптыға жеткілікті деп ойлаймыз. Әйтпесе, Ханафи мәзһабының ғалымдарының әр мәселеге қатысты дініміздің негізгі қайнар көздері Құран мен сүннеттен келтірген дәлел-дәйектері көп-ақ.

М.МҰСТАФАЕВ,

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы.

Тіркеу №