Дін және жастар

Сейсенбі, 10 Наурыз 2020 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 369 рет

(жастардың дінге алғашқы көзқарасы)

Расында бүкіл әлем қазіргі кезде бейбітшілікке ұмтылуда. Бірінші кезекте соның дәлелі ретінде біздің елімізді айтуға болады. Кез келген қоғамда, соның ішінде қазақстандық қоғамда діннің маңызы ерекше екенін және жастар өмірінде оның белгілі орны бар екенін ескеруіміз керек. Қазақстанда түрлі діни ағымдар жұмыс істейді. Бүгінгі күні мейірімділік пен татулық, моралдық нормаларына жауап беретін дұрыс бағыттағы діни ағымдарды танып, айыра білуіміз керек.  Қазіргі кезде жастарға тоталитарлық секталар үлкен қауіп төндіруде. Жастардың дінге деген көзқарасы ең алдымен оның дінге алғаш рет қай тұрғыда бетпе-бет келгеніне (жеке өзі, отбасылық дауда және т.б.), оған оның эмоциялық жағынан қалай әсер еткеніне, сол бүкіл ақпаратты санасында қалай қабылдағанына байланысты. Шындығында, әсіресе, жасөспірімдерде өмірінің дәл сол кезеңдерінде дүниеге көзқарастары қалыптасады, санасының жетілу процесі жүріп жатады. Осы өтпелі кезеңді дәстүрлі емес дін өкілдері дөп басып пайдаланғысы келеді. Сол кезеңде жастардың басын жылдам айналдырып, теріс пиғылды ойларын санасына сіңіріп, қажетсіз бағытқа бастап, теріс жолға сала алады. Жастар мен тәжірибесі жоқ азаматтар осындай ағымдармен бетпе-бет келгенде тығырыққа тіреледі. Олар өз қатарластарымен, отбасы мүшелерімен қарым-қатынас жасаудан бас тартады. Психологиялық шиеленіс арта түседі, тіпті олардың кейбірі кездейсоқ шешім қабылдайды. Біреулері үйден кетіп қалса, енді бірі өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Әртүрлі жолдармен сектаға тартылған көптеген жас уақыт өте келе өз таңдауы үшін өкіне бастайды. Бірақ қателікті түзету қиынға соғады. Діни секталардың жетекшілері түрлі тәсілдермен (физикалық күш көрсету, психикалық қысым жасау т.б.) оларды қатарынан шығармауға тырысады. Біз жастардың дін жағынан сауатсыз екенін мойындауымыз керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында әлемдік және дәстүрлі діндердің шіркеулеріне, соборларына, мешіттеріне жиі экскурсия жасау ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Сол сияқты «Дінтану» курстарын жаппай енгізу қажет. Себебі, дәл қазіргі кезде жастардың діни және рухани мәселелері «қолдан қолға көшіп» жүр. Рухани мәселе бүгінгі күні жаттықтыруды, шынықтыруды қажет етеді. XXI ғасыр жастарының жаны мен рухы арасына үлкен жарықшақ түсті. Дәл қазір жаппай технологияланған және интернетке оңай қолжетімді кезеңде адам санасы шыңдалмаған субстанция ретінде көрінді де, сол ысылмаған санасына жүгінген жастар теріс жолға түсіп жатады. Сол себепті жастарымызды кәзірден тура жолға салуымыз керек.

Н.Сайдулла

Сарапхана ауылдық округі әкімі аппаратының

жетекші маман – әскери есеп-стол инспекторы