«Майкене» май зауыты ашылды

Жұма, 17 Наурыз 2017 09:30 Жарияланды Экономика Оқылды 53523 рет

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған өнеркәсіп

Біз өз кәсіпорнымыздың жаңа тармағы ретінде Қазығұртта «Майкене» май зауытын ашатынымыз жайлы өткен жылы осы басылымда мақала жариялатып, аудан тұрғындарын құлағдар еткенбіз. Бұл жобамыз іске асып, май зауытын салдық, бүгінде өнім өндіруді бастап та жібердік.


Майкене өсімдігінен алынатын майды орысша «касторовое масло» дейді, қазақша оның «бесбидай майы», «үлпілдек» деген аттары да бар. Майкене майын өндіру – біздің тың жобамыз. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған өнеркәсіп түрі. Майкене майы Үндістанда ғана өндіріледі екен. Оны авиация, техника, медицина, косметика, тағы басқа салаларда қолданады. Үндістан Ресейге және Қытайға экспорттайды.
Майкене майын өндіру жайлы 2012-жылы облыстың сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметов бастамашы болып, Бәйдібек ауданында семинар ұйымдастырылған еді. Мен сол бастаманы қолға алып отырмын.
Алғашқы май өнімін лабораториялық тексеруден өткізіп, анализ қорытындысын, сертификатын және рұқсат беру құжаттарын алдық. Қазіргі таңда майды түрлі салаларда пайдалану үшін рафинадтау, ағарту, сүзгіден өткізу жұмыстары атқарылуда. Зауытқа қосымша құрылыс жұмысын жүргізіп отырмыз. Биылғы жоспарымыз бойынша өз күшімізбен 500 гектар алқапқа ұрық дайындап, егін жұмыстарын бастау алдындамыз.
Майкене – суармалы дақыл. Біз Мақтарал, Шардара, Сарыағаш, Ордабасы, Қазығұрт аудандарындағы шаруа қожалықтарымен келісім-шарт түзіп жатырмыз. Майкене өсірудің ауыспалы егістікке таптырмайтын жағдайы бар. Себебі, бойы 1,8-2,0 метрге дейін өскенімен, жердің құнарлылығын екі есеге дейін күшейтеді. Майкене егілген жерге мал жоламайды. Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, қарақұрт, жылан, тағы басқа зиянкестер келмейді. Майкене жердің уын, зиянды құрамын өзіне тартып алады.
Майкененің егілуі мен күтімі жүгері, мақта дақылдарына ұқсас. Егін 90-100 күнде пісе бастайды, арасын 90х90 сантиметр етіп, ұрығын 5-7 сантиметр тереңдікке, жердің қызуы 14-16 градус жылы болған жағдайда егеді. Майкенені кем дегенде үш рет суғару керек. Ол 15-22 күнде жер бетіне өніп шығады. Күтімі мен қарауы дұрыс болса, гектарынан 4-5 тонна өнім алуға болады. Келісім-шартқа отырған дихандарға ұрықты өз есебімізден тегін береміз. Арадағы келісім-шарт екі данада жасалады, оған жердің мемлекеттік актісі мен диханның жеке куәлігінің көшірмесі қоса тіркеледі.
Диханы көп елдімекендерге еккен жағдайда, өнімді өзіміз тазалап, тасымалдап аламыз. Ал, майкенені Қазығұрт ауданының аумағында егемін деуші азаматтармен бірге біз жерді жалға беретіндермен келісіп, олардың еңбек етуіне жағдай жасаймыз. Қызылқия, Қызылтаң ауыл округтерінде жерін жалға беретін азаматтар болса, біз 100 гектар алқапқа дейін игеріп, майкенені өз күшімізбен егуге дайынбыз. Өзі егіп, өндіруге ниетті азаматтарға ұрықты тегін береміз, ал, өнімді 100 теңгеден қабылдап, өзіміз тасымалдап аламыз. Қабылданған өнімнің көлеміне қарай зауыттан анықтама беріледі. Қазіргі тәртіп бойынша, анықтаманың негізінде мемлекеттен субсидия рәсімделеді.
Майлы дақылдарды өндірушілерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған.
Кеңес ТӨРЕҚҰЛОВ,
«Қыдырбай-Ата – 12» және «К.Н. Экспорт – 777» ЖШС директоры, Қазығұрт ауылы.