ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ТАҢҚУРАЙ ӨСІРУ ІСІ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Сейсенбі, 11 Шілде 2017 09:14 Жарияланды Экономика Оқылды 378 рет

Қазығұрт ауданы таулы өңір болғандықтан таңқурай өсіруге өте қолайлы. Сондықтан алдағы жылдары мұнда таңқурай егістік көлемін ұлғайту қажет. Ең бас-тысы – білікті бағбандардың тәжірибесін жұртпен бөлісіп, таңқурай өсіремін деушілердің басын біріктірген жөн. Бұл туралы Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Нұр-айдар» шаруа қожалығының жұмысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

262eeff7-4a79-458c-8a5f-d5c0e0fb91ad


Қазығұрт ауданы Жігерген ауыл округіндегі «Нұр-Айдар» шаруа қожалығы 3 жылдан бері таңқурай өсіріп келеді. Алғашында үй іргелік 7 соттық жерге таңқурай егіп дағдыланған Еркін Шерәлиев бүгінде нағыз білгір маманға айналған. Қазір ол 3 гектар жерді 49 жылға жалға алып, күніне 200 келі таңқурай жинауда.
«Таңқурайдың келісін 700 теңгеден сатып жатырмыз. Бұл жеміс дақылының әр түбі 2-3 келіден өнім береді. Ал маусымында 1 гектардан 12 тоннаға дейін жеміс жинауға болады. Жиын–терім жұмыстарына 20-ға жуық ауыл тұрғындары тартылып, әрқайсысына күніне бір келі терсе 150 теңгеден ақы төлеп жатырмыз. Жұмысшылардың тамағы тегін. Мұндағы жұмысшылар күніне орта есеппен 2000-3000 теңгенің көлемінде ақша табады»,- дейді қожалық төрағасы Еркін Шерәлиев.
Негізінен таңқурай бұталы көпжылдық өсімдік саналады. Жабайы түрде аз ғана болса да көлеңкелі жерде жақсы өседі. Осыны ескерген қожалық ауыл іргесіндегі қыратты аумақты арнайы таңдапты. Қожалық алдағы уақытта жеміс көлемін 1,5 гектарға ұлғайтамын деп отыр. Шаруаның жұмыс жоспарына разы болған облыс әкімі аудан басшылығына Қазығұрт ауданындағы таулы ауыл окруктерінде таңқурай плантацияларын ұлғайтуды тапсырды.
«Біз осындай іскер әрі бағбан азаматтарымызды қолдауымыз қажет. «Нұр-Айдар» шаруа қожалығының тәжірибесін пайдаланып, ауданда таңқурай өсіру ісін жандандыру қажет. Тіпті осы қожалық өзге шаруалардың басын қосып, кооператив құруына көмектесуіміз керек»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мұнан соң облыс әкімі С. Рақымов ауыл округіндегі «Қазығұрт» сауықтыру орталығы мен балалар лагерінің жұмысымен танысты. «Нұрлан» шаруа қожалығының иелігіне қарайтын демалыс аймағы 2011-2013 жылдары бой көтерген. Жалпы алаңы 2 гектар жерде 44 орындық 11 котедж, 2 қабатты демалыс үйлері, спорт алаңы, асхана, бассейні бар. Жалпы демалыс аймағына 300 млн теңге инвес-тиция салынған. Демалыс аймағында бұдан бөлек, атпен серуендеу және бие ұсталып, саумал орталығы жұмыс істейді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі