84 ЕЛДІМЕКЕН ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Жұма, 15 Маусым 2018 00:00 Жарияланды Экономика Оқылды 170 рет

20170710220408

   2020-жылға дейін орталықтандырылған ауыз сумен қала тұрғындары – 97, ауылдық елдімекендер – 62 пайызға қамтылуы керек. Сонда «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасында елдімекендерді орталықтандырылған ауыз су және су бұру жүйелерімен қамтудың нақты көрсеткіштерін толығымен орындаған боламыз. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев селекторлық жиында мәлімдеді.    Аймақ басшысы жалпы өңірде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 200-ден астам ауыл бар екенін айта келе, жиында баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайымға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

       Бүгінде облыс халқының 12 пайызы, яғни шамамен 200 мыңға тарта

тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруіміз керек. Бағдарлама талаптарына сәйкес, елді мекендерде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін, бірінші кезекте жер асты су қорларына геологиялық іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Осы жұмыстардың қорытындысы негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

     Басқарма басшысы осы бағытта, 2016-2018 жылдары халық санының басымдығына қарай 117 елдімекеннің жобалау-сметалық құжаттары әзірленгенін жеткізді. Облыстың даму жоспарына сәйкес, алдағы 3 жылда 84 елдімекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. 2018-жылы ауыз су саласына 11,0 млрд.теңге бөлініп, 76 нысанның құрылысы іске асырылуда. Оның ішінде, 20 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, 56 нысанның құрылысы 2019-жылға өтпелі. Сонымен қатар, басқарма басшысы жыл соңына дейін 13 елдімекен ауыз жүйелерімен қамтылса, 2 елдімекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылып, 2 мөлтек ауданда және 4 суағарлар құрылысы аяқталатынын айтты.

     Жиынды қорытындылаған облыс әкімі басқарма басшысына өзге аймақтармен салыстырғанда халқты ауыз сумен қамту деңгейі қандай екенін анықтауды және аталған салаға автоматтандыру жүйесін енгізуді тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.