ЕҢБЕКПЕН ІСІ КӨРКЕЙГЕН БАҚЫТЖАН

Жұма, 08 Қазан 2021 00:00 Жарияланды Экономика Оқылды 123 рет

2

Байсейіт Сейітжаппарұлы мен Мәнсия Ақтанқызының отбасында дүниеге келген үш перзенттің үлкені Бақытжан Жәдігеров 1995-жылы мектепті бітірген соң, алғаш аудан орталығындағы ДОСААФ-та оқып, жүргізуші мамандығын алған. 1996-жылы жекеменшік оқу орыны Қайнар университетінің Шымкент қаласындағы бөліміне барып, заң факультетіне құжат тапсырып, үш жылдай білім алған. Содан соң белгілі себептерге байланысты академиялық демалысқа шыққан. Ол әрі қарай оқуын жалғастырмай, әкесінің үлкен бауыры, бизнес жолында жүрген Хайрулла ағасының фирмасына жүргізуші болып орналасқан.
Бақытжан Байсейітұлы өз уақытындағы тоқырау кезеңінің лебін сезініп, нағыз еңбекке араласқан жан. Қарапайым қара жұмысты талғамай, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салалардағы кез келгенін істеп, отбасына пайдасын тигізуді ғана ойлаған. Сол себептен де Көкібел ауыл округіндегі Майбұлақ елдімекенінде әкесінің үшінші бауыры, егін мен мал шаруашылығын жүргізіп отырған Қайнар ағасының қолында да жұмыс істеген. Еңбектің қазанында қайнаған.
Кейін әкесінің екінші бауыры, мемлекеттік автоинспекцияда қызмет ететін Зейнулла ағасының қарамағында және төртінші бауыры, Түркістандағы көлік инспекциясының қызметкері Пернехан ағасының қолында жүргізуші болған. Ең кіші бауыры, Шардарадағы кеденде істейтін Кенжехан ағасының қолында да жүріп, көмекші қызметін атқарған.
«Біз кешегі тоқырау кезеңінің лебін әбден сезінген ұрпақпыз, – деді Бақытжан. – Ол жылдары елімізде зауыт-фабрикалар жабылып, елде жаппай жұмыссыздық жайлаған. Мемлекеттік салада қызмет істейтіндердің айлығы, қариялардың зейнетақысы кешіктіріліп берілетін. Жұмыс тапшы, ақша жоқ, айлық сұрайтын заман емес еді. Әкемнің бес бауырының да қолында жүріп, шын мәніндегі еңбек ете білудің тәжірибесін жинақтауға тура келді. Хайрулла ағам Өгем шаруашылығының директоры болғанда, сол кезде қарапайым жұмысшы болып, баудан алма да тердік, шөп те ордық, кез келген жұмысты шын пейілімізбен істеген болатынбыз».
Әкесі Байсейіт Сейітжаппарұлы сақтандыру компаниясының директоры болғанда, басты кейіпкеріміз үш айдай сақтандыру агенті болып қызмет еткен.
Еңбекте әбден шыңдалған Б.Жәдігеров кәсіпкерлік жолға 2004-жылы түскен. Сол жылы орталық базардың төңірегінен бір ғимаратты жалға алып, «Mobil-x» ұялы байланыс дүкенін ашқан. Кейін оны дамытып, үлкендеу ғимаратты алған. Қазіргі уақытта осындай төрт дүкеннің иесі болып саналады. Сегіз адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Бақытжан өзінің өмірлік серігін тауып, Нұрбану Дүйсебайқызымен отау құрған. Оның Жанмирас, Жанерке, Нұрбақыт, Нұрали атты төрт перзенті бар. 2012-жылы бұрынғы «Азия» кафесін алып, «Нұрбақыт» деп сол жылы туған қызының атын қойған. Он жеті адамды жұмыспен қамтыған. Ол: «Сыйластықтың арқасында көп адамның жәрдемі тиді. Дүйсебай Мейірқұлов, Алмас Сартбаев, Ержан Долдаев, Хамит Әбішев және Әбдіқадір Камашев тәрізді азаматтардың қолдау білдіргенін атап өткім келеді. Оларға алғысым шексіз», – деді.
2020-жылы «Тағай ата» тойханасын алып, екінші перзентінің есімімен «Жанерке» деп атаған. Жиырма адамды жұмыспен қамтыған.
Биыл автостанция маңайындағы Алмас Сартбаевтың кафесін жалға алып, 22 миллион теңге қаражат жұмсап, күрделі жөндеу жүргізген. Келген адамдарды отырғызатын жеке кабинаға ұқсас 17 орын қойылып, кенже ұлының есімімен «Нұрали лайф» деп жазғы мейрамхана ашқан. Көпшіліктің, әсіресе, жастардың көңілінен шыққан бұл жайға жаз бойы келушілердің қарасы көп болған. Ол келесі жылы жазғы мейрамхананы үлкейтуді көздеп отырғанын жеткізді.

1

Басты кейіпкеріміздің әкесі Байсейіт Жәдігеров Қазығұрт ауданы әкімі аппараты, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы қызметінде болып, үш жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан. Анасы Мәнсия Ақтанқызы кезінде сауда-саттық жағында істеген. Біз Бақытжан Байсейітұлының бойында сол ата-анасынан дарыған еңбекқорлық, адалдық, қайырымдылық, адамгершілік секілді ізгі, жақсы қасиеттер мол екенін байқадық. Ол: «Қазіргі жастарда жұмыс та көп, мүмкіншілік те мол. Бізде мүмкіншілік болмайтын. Жас кезімізден ата-анамыз біреудің ақысын жемегін, адалдан мал тап деп миымызға құйып отыратын. Адамзат баласы болып жаралған соң, қолдан келсе, мүмкіншілік болса, өзгелерге жақсылық істей берген дұрыс. «Құдай пейілге қарай береді» дегендей, ең бастысы – пиғыл, ниет түзу болсын. Індеттен, карантиннен шықсақ, үлкен балам Жанмирастың атынан кәсіпорын ашу ойда бар», – деді.
Тынымсыз еңбектің арқасында ісі ілгері жүріп, көркейген кәсіпкер Бақытжанның келешек күндерге артқан ниетінің жүзеге асатынына сеніміміз мол. Оның еңбекқорлық қасиеті жастарымызға үлгі-өнеге.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.