НӘДІРДІҢ БАЛАЛАРЫНА РАЗЫМЫН

Жұма, 15 Маусым 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 207 рет

Отбасылық құндылық

 

Жақында таңертең қақпаның есігі қағылған соң сыртқа шықтым. Есікті ашсам, жастары 35-тің шамасында екі жас жігіт келіп тұр екен. Амандасып болған соң: «Келіңдер, жігіттер, не қызмет?» – деп сұрадым. Олар: «Біз, марқұм Нәдір Жолдасовтың ұлдары Болат пен Ғалым боламыз. Сіздің дүкеніңіз бар екен, әкеміз сізден қарызы бар ма деген оймен келген едік. Егерде болса есептесіп кетейік», – деді. Мен: «Келгендерің үшін рахмет. Әкелеріңнің иманы саламат болсын, қарызы арзымайтын ақша, оны сұрамасам да болады», – дедім. Балалар: «Жоқ, кітабыңызды ашыңыз, өз көзімізбен көрейік, көңіліміз тоқ болып жүрейік. Ертеңгі күні неге сұрамадық, неге көрмедік деп көкейде қалып кетпесін», – деп, әкесінің журналдағы қарызын төлеп кетті.

Олар кеткен соң, менің көңілім босады. Журналдағы қарыздарды көріп: «Бұл өмірде қаншама адам бар, 2 жылдан бері қарызын өтемеген адамдар да кездеседі. Бара-бара ақырында сұрауды қоюға мәжбүр боласың. Көршілер қарызы бар болса да, ештеңе болмағандай жүре береді. Сұрасаң, «Көшіп кеткеніміз жоқ, береміз?» – дейді.

2015-жылы бір жігітке бағуға 12 бас қой-ешкі бердім. Әйелі айма-ай ақшасын алып кетіп жүрді. Үш жылдан соң 9 бас қой-ешкіні алып қайттым. «Қалғаны қане?» – деп сұрасам, «Білмедім, мен қарыз болып тұрмаймын, қайтарамын», – деді. 1-2 жылдан соң ол жігіттің өзі қайтыс болды.Жаназа уақытында мәйіт басында бауыры көпшілікке қарап: «Ағамның қарызы болса мен өтеймін», – деп уәде берді. Бірнеше айдан соң әкесіне айттым. «Балам береді», – деп ол да өмірден өтті. Әкесінің жаназасында баяғы баласы: «Әкемнің қарызын мен өтеймін», – деп сөз берді. Қандай құдайдан қорықпай мәйіт басында тұрып уәде береді де, кейін естен шығарып жібереді.

Мен, бұл мақаланы не үшін жазып отырмын, «қарыз» деген сөз арғы дүниеде болсын жауапсыз қалмайды. Соны ұмытпауымыз керек. Қарызды өзімнен кейінгі балаларға айтып жүремін. Қарыз адамдарды көріп жүрміз, аурудан шықпайды, аяғын сындырып алады, я болмаса әйтеуір басқа бір нәрсе болады. Қарыз алған адамға ештеңе қылмаса да балаларына кері әсері тиюі мүмкін.

Мен, марқұм Нәдір Жолдасовқа және оның жұбайы Сараға осындай перзент тәрбиелегені үшін ризалығым шексіз. Болат пен Ғалым секілді салиқалы, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеуді нәсіп етсін дегім келеді.

Қадыр САТҚҰЛОВ,

зейнеткер.