«Ақ бата» байқауы өтті

Дүйсенбі, 16 Шілде 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 241 рет

Мәдени шара

 

IMG 3083

Еліңнің қамын ойла деп,

Жеріңді жаудан қорға деп,

Бассын ісің оңға деп,

Боркемік жасық болма деп,

Бабаң берген ақ бата

Басыңа қонсын бақ бата!

Халқымыз «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан, той-томалаққа, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық пен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата рух беріп, жігерлендіріп отырған.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Елордамыз – Астананың 20 жылдығына орай халқымыздың рухани-тарихи тамырларының кең аясынан әдет-ғұрып пен салт-дәстүріміздің негізі саналатын бата беру дәстүрін насихаттау мақсатында «Қазақстан» РТРК ОҚОФ «Ontustik» телеарнасының келісімімен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бекіткен «Ақ бата» тележоба-байқауының алғашқы іріктеу туры ауданымыздың мәдениет сарайында болып өтті. Тележобаның алғашқы іріктеу турына аудан көлеміндегі елді мекендерден жалпы 36 үміткер өтініш білдірді. Тележоба-байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес «Бала батаға» 5-8 жас аралығындағы балалар, «Зерделі батаға» 25-45 жас аралығындағы азаматтар және «Ақ батаға» 45 жастан жоғары ел ағалары қатысты.

Қатысушылар бірінші кезеңде өз қалауы бойынша бата түрлерін жатқа айту, яғни, «Бала бата» қатысушылары үшін бата көлемі 2 шумақтан, ал, «Зерделі бата» мен «Ақ бата» қатысушылар үшін бата көлемі 5 шумақтан кем болмауы тиіс болса, екінші кезеңде қатысушылар ұйымдастыру алқасы сұрақ түрінде дайындаған түрлі тақырыптағы бата түрлерін жатқа айту шарттары қойылды.

«Ақ бата» тележоба-байқауында «Ата жолы – бабалар салған ізбенен...» – деп, ата-бабаларымыздан қалған бай мұраларымызды жаңғыртып, жас ұрпақты иманды, мейірімді, зерделі, арлы болып өсуге баулитын, яғни дастарханға, жастарға, жас жұбайларға, жолға, той-жиында және т.б. берілетін ақ баталарымен қазыналы қарияларымыз шарапханалық Бердияров Сатыбалды, тұрбаттық Сабитов Бахрам, қазығұрттық Малдыбаев Ербосын, сынтастық Сейдалиев Сералы, тілектестік Жорабеков Қиянтай сөзге шешендіктерімен көпшіліктің ықыласына бөленсе, «Бала батаға» қатысушылар шанақтық Арыстанбек Райымбек, қақпақтық Қадыр Алмас, қазығұрттық Диас Дүйсен, көкібелдік Қаһарлы Нұрмаханбет, қызылқиялық Иманәлі Қайсар секілді жастарымыз түрлі тақырыптағы бата түрлерін жатқа айтып, жұртшылыққа рух беріп, жігерлендіріп, батагөй дарындарын паш етті.

Тележоба – байқауы қызықты да тартымды өтіп, келген 178 көрерменнің, қатысушы жақтан келген жанкүйерлерді жігерлендіріп, отанға, ұлтқа деген сүйіспеншіліктерін арттырып қана қоймай, бата қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қарастырылатынын, ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктермен олардың рухани байлықтарын молайтып, эстетикалық тәрбие кеңінен насихатталды.

Тележоба – байқауының аудандық іріктеу турының қорытындысында қазылар алқасының шешімімін «Бала бата» бойынша балалар арасында көкібелдік Қаһарұлы Нұрмаханбет, «Зерделі бата» бойынша қызылқиялық Иманәлі Қайсар және «Ақ бата» бойынша 45 сынтастық Сейдалиев Сералы бірінші орындарды иеленіп, облыстық байқауға қатысуға жолдама алып, жеңімпаз атанды. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, қазылар алқасының төрағасы Мүсілім Тағай барлық қатысушыларға ел аузында сақталып, жаңғырып, дамып отыратын баталарын кеңінен насихаттауларына ақ ниет тілегін білдіріп, бағалы сыйлықтармен марапаттап, дипломдар табыс етті.

Батасыз, тілексіз өмір болмайды. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі болады.

Сейілжан ЕРІМБЕТОВ,

аудандық мәдениет және тілдерді

дамыту бөлімінің бас маманы.