Қазақ пен өзбекті бауырластырған Нығматжан

Дүйсенбі, 13 Тамыз 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 163 рет

Ұлттар достығы – береке кілті

777

Кезінде қазақтың бір туар ұлы, белгілі драматург – жазушы Қалтай Мұхамеджанов туралы, оның өрлігі мен ерлігіне, жоғары адами қасиетіне тәнті болған қазақ жұрты елжанды, ұлтжанды Қалекеңді «Қазақтың Қалтайы» деп орынды атаған еді. Ал, менің бүгін айтпағым, өзбектің «Қалтайы» туралы еді.

Сонымен, кейіпкерім – қарапайым мінезімен, істің көзін таба білетін, айналасындағыларға өзінің бойына дарыған қасиетін шаша жүретін еңбек адамы. Ұлты – өзбек. Мамандығы – құрылысшы. Сейітмат Нығматжан Ахмедұлы. Нығматжан 1955-жылы қараша айының 17-ші жұлдызында Жаңабазар ауылында туылған. Бабасы Мырзабадалов Сейітмат Октябрь революциясынан бұрын, яғни, 1966-жылы 46 жасында Бостандық ауданына қоныс аударып, осы елде өмірінің соңына дейін ағаш ұстасы болып, өз кәсібін ұрпағына мұра етіп, 91 жасында дүниеден өткен.

Нығматжанның өмір жолы да өзгелер секілді қарапайым. М.Горький атындағы орта мектепті тәмәмдаған соң, Ташкент политехникалық институтының құрылыс факультетін үздік бітіріп, жолдамамен Самарқанд мемлекеттік архитектура-құрылыс институтында оқытушы болып еңбек жолын бастаған. Бірақ, мұндағы оқытушылық қызметі ұзаққа созылмады. Тосыннан болған әкесінің қазасы Нығматжанды ауылға тартты. Жанұядағы 7 баланың үлкені Нығматжанға барлық ауыртпалық түсті. Ол оған мойыған жоқ. Етінің тірілігі, іске деген жауапкершілігі оны шыңдай түсті. Қарап жүрмей №25 жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесіне қыш қалаушы болып жұмысқа орналасты.

Өз ісіне мығым, көппен оңай тіл табыса білетін Нығматжанның өмірдегі қызметтік жолы сатылап өсе бастады. Ісіне тәнті болған «Коммунизм» совхозының директоры Рахманберді Әбдірайымов Нығматжанды аттай қалап, құрылыс шебері қызметіне тағайындады. Совхоз тараған кезде Жаңабазар өндірістік кооперативі директорының коммерция жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. «Төре холдинг» құрылыс компаниясындағы еңбегі де елеусіз емес. 2009-жылдан бүгінге дейін Шымкент қаласындағы «АРТ» құрылыс жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде телім бастығы болып қызмет етіп келеді.

Құрылысшы мамандығын жүрек қалауымен сүйген Нығматжан өнегелі жанұяның да иесі. Марияммен 4 қыз, 1 ұл өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасы.

«Өзбек өз ағам» деп құрмет тұтатын қазақ ұлтына екі қызын ұзатып, одан бүгінде немере сүйіп отырған Нығматжан бақытты. Үлкен құдасы Саттаров Мәлік пен қаратастық құдасы Шекербекпен бауырындай араласып, бақытты ғұмыр кешуде, ынтымағы жарасқан құдалардың балалары да бақытты.

                   Немеремнің ең кішкентайы 2016-жылы 1-желтоқсан күні, яғни, Тұңғыш Президент күні дүниеге келді. Қазақ пен өзбек ұлтының достығы мен бірлігі үшін және екі елдің Президенттерінің құрметіне орайластырып нәрестенің есімін Нұрислам деп қойдық, – деді Нығматжан ағынан жарыла.

Міне, бауырмалдық, бауырлас екі ұлтқа деген құрмет осылай болса керек.

Нығматжанның бойына біткен жақсы қасиеті – қарапайымдылығы. Қашан көрсең жайдары мінезімен көптің ортасында жүреді. Жат әдеттен бойын аулақ ұстайды. Қолынан келсе, біреуге жақсылығын аямайды. Оған дәлел, Жаңабазар ауылында «Ардагерлер үйі» салынды. Осы құрылыстың салынуына, оның сәулеті мен архитектурасына, тіпті, жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға Нығматжан тікелей бір өзі уақытпен санаспай, үлесін қосты. Демеушілердің есебінен салынған бұл құрылыстың ойдағыдай бітіп, пайдалануға берілуінде де Нығматжан көптің бірі емес, бірегейі болды. Қажыр-қайратын, еңбегін аяған жоқ.

Осындай азаматқа тән қасиеті үшін Жаңабазар жұртшылығы Нығматжанды «Өзбектің Қалтайы» деп орынды мақтан етеді.

Бүгінде Нығматжан «Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі ретінде елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда айтар ойы, өзгеге көрсетер өнегесі бар азамат. Бауырлас қазақ пен өзбек ұлтының достығы мен ынтымағына жанашыр бола білген «Өзбектің Қалтайы» жасай берсін.

                   Дініміз, діліміз, тіпті, базарымыз бен мазарымыз бір халықпыз. Бізге, қазақ пен өзбек ұлтына бірлік пен ынтымақ, достық жарасады. Бұны әлімсақтан бері ата-бабаларымыз айтып та, осы жолда күресіп те келеді. Біз мұны әсте ұмытпауымыз керек, – дейді Нығматжан.

Иә, достық, ынтымақ бар жерде, береке, ырыс бар.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ,

Жаңабазар ауылы.