Тіл – ұлт пен мәдениеттің жарық жұлдызы

Дүйсенбі, 29 Қазан 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 81 рет

658965

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мектеп мұғалімдерінің де нақты ұстанымын айқындап берді. Әсіресе, ХХІ ғасырдағы ұлттық сана, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы туралы айтқандары ұстаз үшін шәкірт алдында тәрбиенің бағыт бағдарын түзіп алуға көмектеседі. Ұлттық кодымыздың бірі тіл дер едім, сондықтан, сана жаңғыруы да осы тілден басталады. Өйткені, тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Тіл қай елде, ұлтта болсын, қастерлі, қасиетті, құдыретті! Қасиетті ана сүтімен бойымызға сіңірген ана тіліміз – ежелден-ақ ұлтымыздың мақтанышы. Шәкірттерімізді "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!" – деп ақиық ақынымыз Қадыр Мырза Әли ағамыздың сөзімен тәрбиелеп келеміз. Оқушы бойына тілге деген құрметті, ұлтқа деген құрметті сіңіріп, өз Отанының патриоты етіп тәрбиелеу – ата-ананың да, ұстаздың да негізгі міндеті.

           "Қаржан" жалпы орта мектебінде біз Тіл мерекесінде осы іс-шараға ерекше сипат бердік. Мектеп директоры Рахматулла Сәрсенов, оқу ісінің меңгерушісі Гүлмира Ерментаева және бірлестік жетекшісі ретінде өзімнің Төлендиева Клара

ұйымдастыруыммен "Тіл – ұлт пен мәдениеттің жарық жұлдызы" тақырыбында өткізген апталықта оқушы санасында қаларлықтай тағылымды мән-мағыналарға айрықша назар аудардық. Мектеп басшысының өзі бас болып, пән мұғалімдері Төлендиева Клара, Сопбекова Гүлбала, Еркебаев Абзал, Шегебаева Жайна Жұбан Молдағалиевтің "Мен қазақпын" поэмасын кезекпен оқып, мектеп оқушыларына үлгі көрсетті. Апталық барысында мектепте шығармашылық тақырыптар бойынша

көрме ұйымдастырылып, қабырға газеттері шығарылды. Апталықтың екінші күнінде бітіруші түлектеріміздің "Мен-өз Отанымның патриотымын" тақырыбындағы кеші ұйымдастырылып, Мұхтар Шаханов, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли

және жерлес жазушымыз Иса Омар ағаларымыздың тіл туралы өлеңдері оқылды. Сондай-ақ, "Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні" тақырыбында мақал-мәтелдер сайысы, "Тілі – тірегім, ұлтым – жүрегім" тақырыбында эссе жазу байқауы, "Тілге құрмет, елге құрмет" тақырыбында ұстаздар арасында «дөңгелек үстел» өткізілді.

Жалпы, "Қаржан" жалпы орта мектебінде шығармашылықпен айналысатын оқушылар өте көп, сондықтан да, олардың әдебиетке, тілге деген қызығушылығын арттыру барысында осындай іс-шаралар тұрақты, әрі жиі өткізіліп тұрады.     Өйткені, біз – қазаны оттан, ұлдары аттан түспеген, алтын қасықтай ұл, күміс қасықтай қыз тәрбиелеген, малы жанының, жаны арының садағасы деген, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін мір оғындай сөзбен жасай білген, тілі мен дінін бағына балаған елміз. Тілінен айырылған халық, дәстүрі мен ғұрпын, ұлтын жоғалтады. Сондықтан да, тіліміздің ұлылығын жоғалтып алмас үшін осындай іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрғанымыз абзал. Тілімізді байлығымызға балап, ұрпаққа аманаттап жеткізейік.

Клара Төлендиева,

"Қаржан" жалпы орта мектебінің

қазақ тілі пәні мұғалімі.