ҚАЗЫҒҰРТ ӘУЛИЕ-ӘМБИЕЛЕРІ

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 117 рет

43376 788057 17 1

Өткен жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай, «Туған жер» жобасын жүзеге асыру мақсатында Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабы бас-аяғы алты санат бойынша құрастырылып шығарылды. Кітапқа биыл 90 жылдық мерейтойын атап отырған Қазығұрт ауданынан алты санаттың «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері» санаты қатарында «Қазығұрт тау кешені» енгізілсе, «Діни және ғибадат орындары» санаты бойынша «Ысмайыл ата сәулет кешені» кірген.

Жалпы қазақ қана емес, мұқым түркі халықтары бойынша ең көне қасиетті, киелі орын туралы сөз еткенде, Нұһ ғалейһи саламның кемесі қалған делінетін Қазығұрт тауы ойға оралатыны анық. Таудың өзінде Қазығұрт ата, Кемеқалған әулие, Тоқтама су, Тесіктас, Үңгір әулие және тағы басқа бірнеше киелі орын кездеседі.

Қос өркешті қасиетті таудың оңтүстік-батыс өркешінде Қазығұрт тауы кешені қатарына жататын Кемеқалған деп аталатын әулие орын бар. Ол алып жатқан көлемі жағынан оншалықты үлкен емес, ұзындығы 15-16, ені 8-9 метрдей шамасында алаңқайлау жер. Кемеқалған әулиедегі көкмайса шөп шілденің шіліңгір ыстық аптабында да сарғаймайды һәм қурамайды. Содан да ол үнемі астауға әлденені құйып қойған тәрізденіп жап-жасыл болып көрінеді. Кемеқалған әулиенің жан-жағының барлығы шағала тастар және көп қабатты үйлерге ұқсаған биік-биік үйінді жартастар. Нұһ пайғамбардың кемесі, міне, осы шыңда қалған деседі.

Қасиетті таудың Алмалық деп аталатын солтүстік-шығыс өркешінде Қазығұрт тауы кешеніне енетін Үңгір әулие бар. Бұл киелі үңгір бөлме-бөлме болып кете беретін көрінеді. Оның ақыр соңы Кәрі Сайраммен жалғасатын жер асты жолына ұласады деседі.

Қазiргi уақытта тастар құмданып түсiп, жер асты жолын, яғни әлгі бөлмелердi басып, жол жабылып қалғанға ұқсайды.

Ел аузында сақталған аңыз әпсанаға илансақ, сонау ерте дәуірде бұл киелі тауда Қазығұрт ата ғұмыр кешіп, мекен тұрағы еткендігінен тау Қазығұрт атанып қалған екен деп баян етеді. Біздің ойымызша, нақ осы аңыздың түбінде ақиқат бар болса, онда Қазығұрт тауының ұлық әулие саналып, сахарамыздың төрт тарабына әйгіленіп, атышулы ғажайып хикаят әңгімелерге бөленуінің түпкі сыры да осы – Қазығұрт ата әулиеге байланысып жатса керек.

Қазығұрт тауының Кемеқалған өркешінде әуелі Тоқтама су әулие кездеседі. Рабаттық Ілескүл Әшірбайқызының (қазір марқұм) айтуына қарағанда, бұл – тау басында өмір сүрген Қазығұрт ата әулиенің жуынатын һәм дәрет алатын суы болған көрінеді. Нақ осы су сонау биікте, тау басына таман орналасқанымен, не ернеуінен асып, төгіліп жатпайды, не мүлдем ғайып болып, құрғап кетпейді. Оның кереметі сол, қысы-жазы бір қалыптан айнымай тұрады. Тоқтама суды Тамшыбастау деп те атайды.

Қазығұрттың Кемеқалған өркешіндегі әйгілі орындардың бірі – Айналма тас әулие. Оны Тесіктас деп те атайды. Қасиетті тауға зиярат етіп шыққан адам алғаш осы Тесіктастан үш рет айналып өткені ләзім деседі.

Кемеқалған өркешінің ең жоғарғы шоқысында кесек-кесек тастардан түзілген обаға ұқсас үйінді тас кездеседі. Қазығұрттың ең ұшар биік шыңы – осы. Тауға шыққан жасы мен кәрісі, адамдардың барлығы сол араға бір-бір кесек тастан қоюды әдетке айналдырған. Бір ғажабы, қаншама кісілер тастағанымен, сол үйілген тас не көбеймейді, не азаймайды. Осы тастың орыны турасында атбұлақтық Шалғынбай Биқожаұлы (қазір марқұм) бізге мынандай құнды деректеме берді: «Бұрынғы кәрі ауыз шалдар Қазығұрттың басындағы үйінді тасты – Қазығұрт атаның қабірхана жайы деп айтып отырушы еді». Бұл мәліметті атбұлақтық Қанайым Кенбайқызы Қалшабайкеліні (қазір марқұм) де өз әңгімесінде қуаттайды. Ол кейуананың айтуына қарағанда, Арыстан бабқа түнеп, Һәзірет Сұлтан Әрипін Қожа Ахмет Йасауиден тілейтін жол секілді бұл арада да ілгеріде Ақбура Атаға түнеп, Қазығұрт Атадан тілейтін (зиярат ететін) ғұрып болған екен.

Фольклоршы Әбубәкір Диваевтың «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» атты орысша материалындағы аңыз әңгімелердің ішінде ең ғажайыбы – Қазығұрт ата әулие жайында айтылатын қызықты хикаят. Ол Қазығұрт атаның мәңгі тыныштық тапқан жері турасында былай деп жазған: «Таудың нақ өзінде, ең жоғарғы ұшар биік шенінде тастан ұзын қабір қойылған, басында орнатылған биік туы бар, бұл – Қазығұрт ата әулиенің жерленген орны. Мұнда көптеген адам зиярат етеді».

Қазығұрт тауы кешеніне жататын һәм оның бауырындағы қасиетті орындардың бірі, әрі төрт тарапқа әйгілісі – Һәзірет Ақбура ата болып саналады. Ол – Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауидің замандасы, әрі мүрид-шәкірті болған.

Ата қаза болған соң Ақбура есімін иеленіп қалған киелі бұлақ түрлі ауруларға шипа. Бұлақ басында киелі, қасиетті, білімдар, терең сырлы, істері сәтті, дұға-тілегі қабыл Һәзірет Ақбура атаның қабірханасы бар. Қалың көпшілік һәм бала көтермеген, перзенттері тұрыңқырамай жүрген әйелдер, түрліше дертіне шипа іздеген жандар Атаның басына зиярат етіп түнейді. Садақа тастап, ниет еткендері әулиенің әруағына арнап мал шалып, Құран бағыштайды. Аллаһ Табарака уа Тағалаға мінәжат етіп, тілектерінің орындалуын сұрайды.

Қазығұрт тауының нақ алдындағы үлкен жотада Ақ атаның қадамжайы, Ақбура әулиеге баратын жолдың бойында Шопан атаның қадамжайы және одан сәл жоғарырақта Қарабура әулие бұлағы (мұны қазір Атбұлақ көзі дейді) кездеседі.

Қазығұрт тауы кешеніне жататын Көзді ата – Қожа Ахмет Йасауидің, Әңгір ата – Шопан атаның шәкірті болғаны жайында аңыздар сыр шертеді. Ал Мейрам ана – Ақбураның қарындасы екен.

Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысы және оған қарасты Қазығұрт ауданындағы ең қасиетті орындарының бірі һәм бірегейі – Қамбар ата әулие болып саналады. Түпкі тегі түркі болып саналатын Қамбар ата Мұхаммед пайғамбардың атқосшысы болыпты. Пайғамбардың тұлпарына қарапты. Үнемі таңертең пайғамбарға бір кесе қымыз әкеліп, батасын алады екен. Батаның шарапаты тиіп, бойына кие дарыпты. Ол кезде Мекке мен Мәдинадағы сахабалар жылқы ұстауға ебі жоқ екен. Жылқы ауырып қалса, аяғына жем түссе, барлығы Қамбардан көмек сұрапты.

Алланың елшісі дүниеден өтерде Қамбарды шақырып алып, өзінің тұлпарын тарту еткен деседі. Қамбардың сақалы қызыл болыпты. Ел оны «Қызыл сақал Қамбар ата» деп атапты. Араб түбегінде Ислам берік орныққан соң, ол сайын сахараға қайтқан деседі.

Араб түбегінен Ұлы Дала еліне оралған Қамбар ата қасиетті Қазығұрт тауына келіп орын тепкен. Осы арада төрт түлік малдың төресі деп танылған жылқы малын бағып, үйір-үйір етіп, тұқымын көп қылып өсірген. Жылқының қолдаушы пірі, киелі иесі – Қамбардың мәңгі тыныштық тапқан қабірстаны, зиярат жайы Қаржан тауының бауырында, Қосмола шоқысының нақ етегінде, өте биік төбенің басында орын тепкен. Одан алты шақырымдай төменде, Қаржан елді мекенінің жоғарғы басында Жылқышы ата әулие бар.

Бір әңгіме нұсқасында Жылқышы атаны Қамбар атаның атқосшысы екен дейді.

Қазіргі Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысының Қазығұрт ауданына қарасты осы күнгі Алтынтөбе ауылы округіндегі халыққа белгілі қасиетті орындардың бірі – Көктен ата әулие (Қожа Ахмет Йасауидің шәкірті Мәруғазы, лақабы – Көк тәңді ата немесе Көктән) бейіті болып саналады. Ол – Қаржан өзенінің сол жағасында, ауыл әкімшілігінің орталығында, осы арадағы Төрткүлтөбенің солтүстік шеніндегі бір биігінде орналасқан.

Алтынтөбе ауылы округінің 1-мамыр елді мекенінде Көктен атаның қара тасы бар. Оған әулиенің кереметі қонған делінеді. Мал баққан қазақ кейбір әңгімелерде ол қара тасты Көктен атаның Жауырыны дейді. Мұның да бір өзіндік сыры болса керек.

Халық кереметі жоғары Көктен ата тасына кеселденген малдарды айналдырып, дұға жасайды. Олардың көпшілігіне ем қонып жатады.

Қазығұрт әулие-әмбиелері қатарында тағы да Тұрбат ауылы округіндегі Шілтен ата, Ысмайыл ата, Жәбірейіл ата, Қошқар ата, Ысһақ ата, Һәзірет Сұлтан Молда ата, Қаңлы Мәнді ата, Пәрпі ата, Шарбұлақ ауылы округіндегі Ғайып ата және тағы басқалар аталады.

ХІІ ғасырдың соңында дүниеге келіп, ХIV ғасырдың басында өмірден өткен, 120 жыл ғұмыр кешкен Ысмайыл атаның шәкірттері ретінде танылған Сабыр Рақымов ауылы округі Көкібел елді мекеніндегі Оқ-Жүніс ата мен Қарабау ауылы округі Жұмысшы елді мекеніндегі Бұлбұл ата туралы керемет аңыздар бар.

Ақ атаның қадамжайы тағы да Жаңабазар ауылы округінің Қарабастау елді мекені төңірегінде және Қазығұрт ауылы округінің Ащыбұлақ елді мекенінің ескі қорымында кездессе, Ғайып атаның қадамжайы Жаңабазар ауылы округінің Жылыбұлағында, Қарабау ауылы округінің Құларығында және Алтынтөбе ауылы округінің орталығында да кездесіп отыр.

Киелі тау баурайында өткен биылғы 21-наурызда Ұлыстың ұлы күніне арналған «Наурыз – Қазығұрттан басталады» мерекесінде, Ақбура Ата әулие және оның ата-анасы мен қарындасының кесенелері орналасқан өзеншенің, киелі орынның биігінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Қазығұрт-Кемеқалған» туристік кешенінің қазығын қағып, капсуласын бекітіп, іргетасын қалады.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.