САЗГЕРДІҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН КЕШ

Жұма, 23 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 55 рет

IMG 9770

Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында «Атбұлақ» жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Түркістан облыстық композиторлар қауымдастығының мүшесі, сазгер-әнші Аян Қожановтың шығармашылық ән кеші өтті. Оны режиссер Асқар Әлихан жүргізді. Аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы С.Сеңгірбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Н.Әділханов, ХҚТУ-інің профессоры Б.Сердалы, жазушы М.Әбдәкім, әнші Қ.Бекмұратова және тағы басқалар сазгер-әншінің шығармашылық жолы жайында жылы лебіздерін білдірді. Аян Қожанов осы кеште түрлі сый-сияпаттармен қатар «Қазығұрт ауданына 90 жыл» және «Үздік мәдениет қызметкері» медалдарымен марапатталды.

Ән шығарушылық өнері Аянның атасы Қожанның бойында болған екен. Оның нағашы жұрты да өнерден кенде емес. Қазір сазгер-әншінің жиырмадан аса әні бар.

Шығармашылық кеште Қазақстанның өнер жұлдыздары Аянның сазды әуендерін орындады. Жәмила Нәлібаеваның сөзіне жазылған әндерін, Ақбота Керімбекова «Жүрек сыры», Әлден Жақсыбеков «Туған жер», Бауыржан Исаев «Жүрегім сені іздейді», Қ.Әбдалиев атындағы жалпы орта мектебінің 4-сынып оқушысы Марат Мұхамметжанов балаларға арналған «Көктем», Рүстем Бекзатовтың сөзіне жазылған әндерін, Біржан Назаров «Анашым – асыл әнім», Хадиша Шалабаева «Саялы Сарыағашым», Самат Әлімханов «Кестелі орамал», Ғабит Алтынбек «Арман гүлім», Нұрбек Қожатов «Қазығұртым», Гүлнұр Нұратаева «Астана», сазгердің өзі «Ата-анаға арнау» (сөзі: Серік Өтенбаевтікі) және «Қайран шіркін жастық шақ» (сөзі: Ақмарал Леубаеванікі) әндерін шырқады.

Сазгер-әншінің шығармашылық кеші жоғары дәрежеде өтті. Шын мәнінде Аян Қолдасұлының жұлдызы жанған күн болды. Аудандық білім бөлімінің атынан А.Қожановқа тұлпар тарту етілді. Біз Аян бауырымызға бұдан да биіктен көріне беруіне тілектестік білдірдік.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.