Тарихи-танымдық кеш өтті

Жұма, 08 Ақпан 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 266 рет

03203203

Қ.Өмірәлиев атындағы орталық кітапханада Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау, ежелден келе жатқан салт-дәстүрлер мен болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту, жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату мақсатында тарихи-танымдық кеш өтті. Оны кітапханашы М.Айтубаева жүргізді. Кешті ОКЖ директоры Г.Дәулетбаева ашып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы дер кезінде жазылған дүние екендігін, өз тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан қарап зерделеу қажеттігін және бұл мақаланың терең мазмұнды, тағылымы мол, қалың жұртшылықты бір серпілтіп тастағанын айтты.

Жазушы Н.Рахаев мақаладағы «Атқа міну мәдениетіне» өз пікірін білдірді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғандығын, ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз төңкеріске жол ашқандығын және жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалағандығын баяндады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Ө.Мұстафаев «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» жайына тоқталды. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертетіні жайындағы деректерді атады.

С.Тасыбеков – біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам» жайлы өз пікірін білдірді.

Ө.Шалғынбаев – аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсететін және олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгергендігін айтты.

«Түркі әлемінің бесігі» турасында кітапхананың тұрақты оқырманы Нұралы Маликов, «Ұлы Жібек жолы» жайлы өлкетанушы Кәрім Аппазов, қызғалдақ пен алманың да отаны біздің Қазақстан екені жөнінде ақын Қиянтай Жорабеков баян етті.

Зейнеткерлер О.Райымбеков пен С.Медеуов бұл мақала төл тарихымызға, түп-тамырымызға үңілуден туған толғаныс, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы әрі қоғамдық тұтастық пен бірлікке бастау болатын тарихи сананы жаңғырту тұрғысындағы мазмұны мен мәні терең ой-толғам екенін атады. Аудандық музейдің директоры О.Тәжиев те мақала жайлы ой-пікірімен бөлісті.

Кешті ОКЖ директорының орынбасары Р.Айтубай қорытындылап, алда айтылған ұсыныстар негізінде кешенді іс-шаралар қолға алынатынын айтты.

А.ӨМІРБАЕВА,

кітапханашы.