Өмірлерін өнеріменен өрнектеген

Дүйсенбі, 18 Ақпан 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 75 рет

                                                                                     Мерей

           

          Нағыз қазақ қазақ емес,

нағыз қазақ домбыра, – деп Қадыр ақын жырлағандай, бағзы заманнан қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап,қуанышын молайтып, қайғысын бөлісіп, екі ішек арқылы ұлан далаға үн қосқан домбыра үні қай қазақтың болмасын өмірлік сырласы, қуанғанда тілегі, жылағанда мұңдасы бола білген.

         Қайран қазақтың төкпе күйімен шертпе күйі. Естіген сайын тұла бойыңды баурап, көңіліңді сергітіп, жүрегіңді елжіретіп жіберетінін қайтерсің...

Қайран домбыра!

        Зейнеш домбыра тартып отыр. Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиса» күйі. Нәзік саусақтары пернелерді дөп басып ары-бері жылжый түскенде домбырадан шыққан құдіретті үн бірде көтеріліп, бірде басылып, әсерлі күй бойыңды бірде жылытып, бірде суытып,тұла бойыңды нәзік сезім тербеп жатқандай сезінесің. Зейнештің де жүзі бірде алабұртып, бірде қызыл шырайланып, күй екпінімен домбыраны тарта түседі.

       Осы тұста оған Әлібек домбырасын тартып-тартып жіберіп, қосыла кетті. Екі домбырадан шықан күй бөлме ішін кернеп, отырғандардың көңілін көктем етіп жібергендей болды.

        ... Әлібек пен Зейнеш екі өңірдің тумасы болса да, өнердегі мақсаттары бір екен. Әлібек Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы, Коммуна селосында дүниеге келген. 1968 жылы Әлібектің ата-анасы Ленин ауданының Алтынтөбе савхозына қарасты өзінің ата қонысы Қарабау ауылына көшіп келеді. Өз қатарлары секілді Чкалов атындағы орта мектепті тамамдап, өмірдегі арманын арқалап, Шымкент қаласындағы музыка училищесінің ұлт-аспаптар бөліміне оқуға түседі. Оны ойдағыдай бітіріп, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда оқуын жалғастырады.

        Жастайынан өнерге ден қойған Әлібек Ордабаев Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театырындағы симфониялық оркестрге музыкант болып орналасып, өнердегі алғашқы қадамын бастайды.

        Ал, Зейнеш Оңғарбайқызы Жамбыл обылысының тумасы. Оның өнердегі жолы да Әлібектікіне өте ұқсас. Зейнеште мектеп қабырғасынан кейін 1975-жылы арман қуалап, Тараз қаласындағы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің домбыра класына оқуға түсіп, оны 1978-жылы ойдағыдай бітіріп шығады.

         Өнер десе, әсіресе, домбыраға деген ынтызарлық Зейнештің училищеде алған білімі әлі де жеткіліксіз екенін сезіп, Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға түседі. Оны үздік бітіреді. Өнер ордасында жүріп, Әлібекпен танысып,көңіл қосады.

         Өмірлерін өнеріменен өрнектеген ерлі-зайыпты Әлібек пен Зейнештің өнердегі өмірлері жалғасып жатты.

         Орындаушылық өнермен көзге түскен, әсіресе, домбыраның құлағында ойнайтын қос таланттың өнеріне таңдай қағып таңданғандардың бірі де, бірегейі де Нұрғиса Тілендиевтің өзі болды.

        Қос өнерпазды «Отырар сазы» атындағы фольклорлық-этнографиялық оркестрінің ұйымдастырушысы, әрі көркемдік жетекшісі, композитор Нұрғиса Тілендиевтің өзі олардың өнеріне тәнті болып, оркестрге мүше етіп қабылдайды.

       Өнердегі ұлы тұлға, қазақ халқының мақтанышы Нұрғиса Тілендиевтің қамқорлығында қызмет ету Әлібек пен Зейнештің өнердегі өміріне үлкен серпіліс әкеледі.

       Үш жылға тарта «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Қаншама шет елдерде болып, қазақ өнерінің, оның ішінде қос ішекті домбыраның құдіретін танытты.

         Бертін келе отбасылық жағдайға байланысты Қазығұрт аудандық мәдениет бөліміне қызметке ауысады. Онда жүріп, «Қазығұрт әуендері» ұлт аспаптар ансамблін құрып, аудан жұртшылығының көңілінен шығып келеді.

         Біраз жылдар Әлібек аудандық музыка мектебін басқарады. Бүгінде Әлібек пен Зейнеш аудандық «Өнер» мектебінде өнерлі өрендерге домбыра үйретуден дәріс беріп келеді. Олардың шәкірттері бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде өнерімен халыққа қызмет етіп жүр.

      Өткен уақыт та біліне бермейді. Үстіміздегі жыл Ордабаевтар әулеті үшін айтулы да, атаулы болғалы тұр. Өйткені, Әлібек мерейлі жас 60 жасқа толса,Зейнеш зейнеткерлікке шыққалы отыр.

       Ата-анасын ардақтай білген Әлібек пен Зейнештің ұрпақтарына өз тарапымыздан ризашылығымызды білдірдік.

... Зейнеш пен Әлібек күй тартып отыр. Қос домбырадан шыққан әуезді үн тұла бойыңды баурап барады. Көз алдыңа дархан дала, жасыл жайлау, дүркірете шапқан жылқылардың тұяғының дүрсілі келеді.

       Қайран, домбыраның құдіреті-ай!

Бағжан Төлепбай,

журналист.