ЫНТЫМАҚТЫҢ ҮЛГІСІ БОЛҒАН ҚОС ӘЖЕ

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 233 рет

Жаныңда жүр жақсы адам

Боранкул

Қазығұрт аудандық әжелер алқасының төрайымы, ҚР білім беру ісінің үздігі Лескүл Жанысбекова мен оның орынбасары, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Төлбасы Абдулла екеуі бір-біріне абысын-келін болып келеді. Қос әженің арасындағы сыйластық адам сүйсінерліктей. Екеуі де табиғаты бөлек, кейінгі жас өскін жаңа ұрпаққа жақсы әңгіме айтатын, өзгелерге мейіріммен, шын пейілмен, ықыласпен қарайтын, адам жанын ұғынатын асыл жанды әжелер.

Жастарға тәлім-тәрбие беру жұмысында құрғақ сөз көп, болмаса кинодағы немесе кітаптағы кейіпкерді үлгі етумен шектелеміз. Жақсы адамдар жаныңда жүргенде оған көңіл бөлмейміз. Тек олар өмірден өткеннен кейін ғана әттеген-ай деп өкінеміз. Содан соң ғана жақсы, ізгі қасиеттерін айтқан боламыз. Бұл – тым кеш екенін ескермейміз.

Лескүл апамен таныстығым былайша басталған еді. Ол «Болашақ» мектеп-гимназиясында сыныбыма тұңғыш немересі Жұлдызды әкелді. Кейін ата-аналар жиналысына кейде зайыбы Жолмахан ата, негізінде өзі үнемі келіп тұрды. Сонда немересінің болашағына сенетіндігін, оған бар мүмкіндікті жасайтындығын айтатын. Сыныпта өтетін іс-шараларға белсене араласатын.

Бірде 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне байланысты сыныпта төрт әженің арасында әжелер сайысын ұйымдастырдық. Сонда Лескүл апа халықтық педагогиканы ескеріп, үстіне қазақ әжелері киетін гүлді матадан тігілген ұзын көйлек, басына аппақ кимешек киіп, шашына шашбау, білегіне күміс білезік, саусағына күміс сақина тағып кеп, өзін-өзі таныстырды. Біз қазақ әжелерінің терең пайым-парасатын, олардың киім кию үлгісінің өзі үлкен тәрбие мектебі екенін ұғындық. Ұлттық салт-дәстүрімізді танытатын заттардың әрқайсысын жеке-жеке таныстырғанда сыныптағы оқушылар бар ынтасымен тыңдап отырды. Шашбау-білезіктерді көріп, қолдарымен ұстап таңданды. Өзі ұстаз болғандықтан осындай нәрселерге өте мән беріп отыратын. Бұл істері өзге аналарға, әжелерге үлгі болды.

Келіні Ләззаттың атына үнемі мақтау айтады. Ақылдылығына риза болады.

Бірде әріптесім Бағила екеумізді отбасына шақырды. Үйге кірген бетте жасымыз кіші болса да бізді төрге шығарып құрметтеді. «Шәкірттеріңнің қандай отбасында тәрбиеленіп жатқандарын көріңдер. «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» дегендей, ұстаздарды әрбір адам құрметтеу керек. Немерелерім келешекте сендерді ұстазы ретінде құрметтеп жүрсін», – деді.

«Болашақ» мектеп-гимназиясында Төлбасы апаймен қызметтес болдым. Оның өз жанынан өлең жазатын әдеті бар. Сол өнерін өзгелерден еш қызғанбайды немесе бәлсінбейді. Қайсыбір мұғалімге болса да сайыста өзін-өзі таныстыруы керек болса, Төлбасы апай оған ешбір бұлданбай өлең жазып береді. Сахналық көрініс болса, ұстаз, ана, әже рөлін ойнап, керемет талантымен әртіс те болып кетеді. Оның қарапайымдылығы сол, ешқандай да еңбектерін міндетсінбейді.

Төлбасы апайдың бойында дархан пейілділік бар. Әріптестері туралы тек оң пікір айтады. Қазақ тілі әдіс бірлестігіндегі ұстаздарды өте құрметтейді. Директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары болып жүргенімде түрлі байқауларға, ғылыми жоба жұмыстарына оқушылар даярлады. Аталған бірлестікте дарынды балалармен жұмыс жүргізу дұрыс жолға қойылған. Жылдық жоспар жасаған кезде барлығы кеңесіп, «әр байқау – әр мұғалімге» деген үндеумен бөлініп, бекітіліп беріледі. «Біз жасымыз үлкен, қартайдық, шаршадық» деген секілді сылтауды айтпай-ақ, керісінше, мен мына оқушыны жарысқа дайындайын деп алға сүйрейді. Қандай тапсырма берсең де тыңғылықты, ұқыпты орындалады. Осындай үлкен жүректі ұстаз ынтымақтың ұйытқысы болды. «Біз басшылық үшін емес, өзіміз және шәкірттеріміз үшін еңбектенейік» деп, көпті жұмылдырып отырды.

Кейін зейнеткерлікке шыққан соң үйде отырып қалған жоқ. Аудандық әжелер алқасы төрайымының орынбасары болды. Ауданымыздағы барлық іс-шаралардың, игі істердің басы-қасында жүреді. Біз жастарға осындай әжелердің өткен жолын, отбасындағы рөлін, ағайын-туыстың ынтымағын қалай ұйымдастырып отырғанын айтып, үлгі етуіміз керек.

Қос әженің ұлттық әдет-ғұрыптарды құрметтейтіндігі соншалық, бастарынан ақ орамал түспейді. Екеуінің арасындағы сыйластық табиғилығымен, шынайылығымен жарасып, адам жанын сүйсіндіріп тұрады. Олар қызмет бабында абысын-келін екендіктерін еш ұмытпайды. Бір-біріне кездескен сәтте келіні бар ізетімен абысынын құрметтеп, иіліп сәлем салады. Оған Лескүл апа: «Көп жаса!» – деп ақ батасын береді.

Қос әже – ерін сыйлаудың, азаматын құрметтеудің де үлгісі. Олардың «Біздің Жолекең», «Біздің Қалекең» деп отыруының өзі, кейінгі жастар ғана емес, біз құралыптас замандастарына да тек жақсы жағынан әсер етері хақ.

Кішілер үлкендерге қарап бой түзейді. Осындай үлгі аларлық үлкендер бар жерде сыйластық та бар, ынтымақ та бар. Кейінгі жастарымыз да көргенді болып дұрыс тәрбиеленеді.

Міне, «жаныңда жүр жақсы адам» дегендей, жанымызда осындай тамаша қасиетке ие жақсы адамдар, аппақ жүректі әжелер жүр.

Біз елге құрметті болуымыз үшін ұрпақтарымызға ертегі айтып бере алатындай әжелік қалпымызды сақтап, әрқашан да парасат биігінен көрінгеніміз ләзім. Сонда перзенттеріміз бен немерелерімізге сыйлы болып, ошағымыздың түтіні түзу шығар еді. Бәрінен де ғанибеті осы.

Әңгіменің түйіні, отбасында кейінгі жас өскін жаңа ұрпақ әке мен ананың, ата мен әженің, бауырлардың бір-біріне құрмет сезімін көріп өссе, бойына сіңіре білсе, біз сөз еткен қос әжеден үлгі алса, біздің осы мақаланы жазудағы мақсатымыз да орындалғаны деп білеміз.

Боранкүл САХҚЫЗЫ,

Қазығұрт ауылдық округі әжелер алқасының төрайымы.