ӘЖЕЛЕР – АСЫЛ ҚАЗЫНА

Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 402 рет

Ізет

 

Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан 2013-жылы құрылған әжелер алқасының мүшелерін 8-наурыз Халықаралық Әйелдер мерекесімен ауданымыздың төбе биі, соғыс және еңбек ардагері Иса Телікбай, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Абай Серкебаев, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұхтар Момынов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров құттықтады. Гүл дестелерін ұсынды.

Егерде көргенді әжелер жас ұрпақты ата-бабадан келе жатқан ұлттық салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен тәрбиелеуге ден қойса, онда олар – халқымыздың шын мәніндегі сарқылмайтын асыл қазынасындай болады. Ауданымыздағы Лескүл Жанысбекова басқаратын әжелер алқасының мүшелері өзіндік өнегелерімен, тағылымдарымен ерекшеленіп тұрады. Төбе биіміз олардың осындай үлгілерін айта келіп, ақ батасын берді. А.Серкебаев Қалдыбек Құрманәлінің бастамасымен өткен жылы жарық көрген «Шәмші Қалдаяқов» кітабын сый-сияпат ретінде ұсынды.

Аналарымыздың анасы – әжелерді қалай құрметтесек те жарасады. Бүгінде 13 алқа мүшесі бар әжелеріміздің құшақтары гүлге толып, айналасына нұр шуағын, мейірімін төгіп, жүздері бал-бұл жанғанын көргенде, осындай қазына қарттарымызды қадір тұтып, бойымызды мақтаныш сезімі кернеп кеткендей бір тәтті сезім шым-шым етті. Ниет еткен мақсаттарыңызға жетіп, кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болып жүре беріңіздер, әжелер!

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.