БАЛАУСА БИ ТОБЫНА – 18 ЖЫЛ

Жұма, 31 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 356 рет

 

           

Аудандық мәдениет сарайында «Балауса»би ансамблінің құрылғанына 18 жыл толуына және 2019-жыл – Жастар жылына орай «Би – әлемнің рухани елшісі» атты тақырыпта мерекелік есеп беру концерті өтті. «Балауса» би ансамблі ауданымыздың өнерге құмар кішкентай бүлдіршіндерінен, орта буындағы мектеп оқушыларынан қыздарды іріктеп құрылған. Ансамблді ұйымдастырудағы мақсат – болашақ жастардың, салауатты өмір сүруіне ықпал жасау, өнерге деген құлшыныстарын арттыру. Қиындықтарға қарамастан, көп жылдар бойы адам баласы өз саласын жетік меңгерсе, жұмысының жемісін көреді демекші, өнерді сүйген баланың өмірінің сүйкімді болуы әбден мүмкін. Осы бірнеше жылдар аралығында, «Балауса» би ансамблінің ару қыздары ауданымыздың намысын облыста, республикада қорғап, облыстық, республикалық байқаулардың бас жүлдесін бірнеше рет қанжығасына байлады.

Болашақ еліміздің өркендеуіне, жастардың қосар үлесі мол деп сенемін. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп ұғынған ата бабаларымыздың ұлттық болмысын сақтап, биші қыздар ұлттық дәстүрімізді насихаттап, ерекше мән беріп келеді.

Мерекелік концерттің жоғары дәрежеде өтуіне ұйытқы болған «Болашақ» мектеп-гимназиясының директоры Нұрқұл Жанатқа, аудандық мәдениет үйінің директоры Тұрабеков Қалыбекке, аудандық өнер мектебінің директоры Темірбаев Бауыржанға ата-аналар мен «Балауса» би ансамблінің жетекшісі Оразова Гүлнара Әріпқызы алғысын білдірді.

Өнер жолындағы қанаттарыңыз талмасын деген ниетпен «Балауса» би ансамблінің ұжымына зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

А.ҚАЛБОТАЕВ,

аудандық "Жастар ресрустық орталығы" жанындағы "Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі" секторының меңгерушісі.