Диана біздің мақтанышымыз!

Жұма, 31 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 614 рет

                         

Балабақша – баланың жүйелі түрде білім тәрбие алатын ең алғашқы ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты.

Ұстаз – киелі мамандық. Ол ертеңгі болашақты, болашақ иесін – ұлтын тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу, оған ғылым негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами қылықтарды бойына дарыту – ол оңай шаруа емес. 
Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағамдар психолог. Осындай мамандықтың шынайы иесі, әріптестерінің арасында еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен, ізденімпаздылығымен көзге түскен әріптестеріміздің бірі «Шолпан» балабақшасының тәрбиешісі – Илебаева Диана Фархатқызы. Диана Фархатқызы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығын «үздік» дипломмен бітіріп, 2011-жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа қабылданды.

Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымы – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиеленушінің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындауға ұмтылысы жоғары болды. Осындай талап-жігерінің арқасында аудандық, облыстық түрлі сайыстарда жүлделі орындар алып жүрген білікті маман. Өзі жетекшілік ететін топтағы балдырғандарға тәлімді тәрбие берумен қатар, бала санасында мектепке дейінгі білімнің негізін қалауда аянбай тер төгіп жүрген педагог бала жанын терең ұғына білетін, талапшыл, мәдениетті, кішіпейіл, ата-аналармен жақсы қарым-қатынас орната білген озат тәрбиеші-педагог.

Бауыр еті балаларының сүйікті тәрбиешісі бола білген Диана Фархатқызының шығар белестері әлі алда деп ойлаймын. Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын», – деген екен. Балабақша тәрбиешілері осындай елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде.

Ақмарал БЕРДІҚҰЛОВА,

кәсіподақ төрайымы.