«ЖАСТАРДЫ БАЛА ТӘРБИЕЛЕУ ӨНЕРІНЕ ҮЙРЕТУ КЕРЕК»

Жұма, 26 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 363 рет

                                                             Отбасылық құндылық

          

           

         Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Астанада әйелдердің бір мерекелік кездесуінде:

     – Біз ана болу – күрделі кәсіп дейміз. Бірақ, неге екені белгісіз, оны ешкім ешқашан үйретпейді. Ана болуды, отбасылық өмірді және балаларды тәрбиелеу ісін де үйрену керек. Сондықтан күшімізді жинап, экономикамызды дамытып алған шағымызда енді осыған кірісуіміз керек шығар. Жастар үшін отбасылық өмірдің қыр-сырын меңгеріп, оны одан әрі алып кету ең ауыр кезең. Әлемнің кейбір елдерінде отбасын құруға бел буған жастарды арнайы оқытатын тәжірибе де бар. Дәл осылай бізге де ана болу мен бала тәрбиелеуге жастарды үйрету керек, – деген еді.

Елбасының бұл сөзі Жастар жылы дегенде, тағы да ойға оралғаны. Бала тәрбиесі де, жастар тәрбиесі де бір-бірінен ажырамас ұғым. Негізінде бұрын бала тәрбиесі бір бөлек, жастар тәрбиесі бір бөлек тақырып боп көтеріліп жататын. Ал, қазір екеуін сабақтастыра байланыстырмай, мәні шықпайды. Егер жастар тәрбиесіне үңілсеңіз, оның бала кезде алған тәрбиесі алдыңыздан шығады. Жақсы тәрбие алған жастың өзін отбасы болуға, бала тәрбиесін жете түсінуге оқыту, үйрету керек. Әйтпесе, өзі қанша тәрбиелі болғанмен, өз перзентін дұрыс тәрбиелей алмауы да мүмкін.

Кеңес өкіметі кезінде бала тәрбиесі үшін ата-ана жауапкершілігі қатаң назарда еді. Перзентінің қателігі үшін ата-ана жауап беретін, тіпті, адамдардың өмірінің өзегі ғана емес, жүрегі саналған коммунистік партия қатарынан да шығарылып, болашағына балта шабылатын. Осындай қиын жағдайға ұрынбас үшін ата-аналар ұл-қыздарының тәрбиесіне баса мән беруге тырысатын. Ал, қазір социалистік режимнен табиғаты мүлдем басқа капиталистік дәуірге аяқ басқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Оның үстіне егемендігімізді жариялаған уақытымыз бұрынғы Одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыстардың үзіліп, кәсіпорындар мен кеңшарлардың құлдырауымен тұспа-тұс келген еді. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығы бала тәрбиесіне қатты әсер етті. Әйел біткен сөмке арқалап, ұзақ іс-сапарларға шығып кетті. Отбасына келгенмен, күні бойы тауарын өткіземін деп шаршап, шалдығып, ұл-қыздарының қалай өсіп жатқанына назар аударуға да шамасы келмейтін. Міне, сол кездегі ұл-қыздар өсіп жетіліп, отбасын құрып жатыр. Қыздар анасының, әжесінің, ұлдар әкесі мен атасының бір-біріне ғасырлар бойы дарып келе жатқан дәстүрлі тәрбиесін толықтай ала алмаған сияқты. Ата дәстүрін, ізгі қасиеттерді қазіргі жастардың бойына дарыта алатын аға буынның өкілдерін әлі де пайдалануымыз керек. Қазір қоғам психологтардың көмегіне жүгіне бастады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, бұрын психолог көмегіне жүгінбей-ақ, ата дәстүрді, қазақы қасиетті, иманды, ізгілікті ата-аналар перзенттеріне күштеусіз-ақ, өздерін дұрыс ұстаумен, мәдени болмысы мен келбетімен, іс-қимылымен, өнегесімен-ақ дәлелдеп жатты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – деп сол кезде баспасөз жиі жазып жатты.

Кеңес дәуірінде кітап оқу дәстүрі керемет еді. Адамдар байлығымен емес, кітапты көп оқып, зейінімен, зеректігімен ерекшеленіп тұрады. Ал, бүгін, уақыт басқа. Интернет, әлеуметтік желілердің дәуірі келді. Оның іші кіршіксіз дей алмайсың. Баладан бастап, қарияға дейін бәрі әлеуметтік желілерге байланып отырғаны. Мұның бәрі адамның алтын уақытын ұрлайды. Жасөспірімнің пайдалы іспен айналысуына қызығушылығын жоғалтады. Балабақшада ертегі, мектепте көркем әдебиет оқымаған балада парасатты сана қалыптасатынына илану қиын. Болашақта осындай тәрбиемен өскен азамат өз ұрпағына қандай тәлім беретінін де болжау оңай емес.

Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру. Сондықтан, перзенттерімізді күні-түні ғаламторға телміртіп қоймай, мағыналы іспен айналысуға үйрету керек. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Жас жеткіншектің өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты.

Ал, енді ұстаздар қауымына келсек, білім ошақтарында мұғалімдер шәкірттерге білім мен қатар өнегелі тәрбиені дарытуда. Алайда, жас жеткіншек тәрбиесі өз отбасынан бастау алатынын ұмытпаған абзал. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен, оларды тәрбиелеуші әрине, ата-ана. Бұл деген, ең басты тәлім ошағы – отбасы деген сөз. Яғни, отбасы ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп десек те болғандай.

Жаңа мақаламызда бүгінгі қоғамның психологтарға жүгінуі туралы айтып өттік. Біздің айтарымыз, ауылыңызда дана болса, даналарға жүгініп отыру перзентіңіздің тұлғалық қасиетін қалыптастырар еді. «Жақсыдан шарапат» деген. Балаңыз жақсы адаммен араласса, тәлімін тыңдап өссе, жаман болмайды. Қазақтың иманға негізделген әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне жүгінсеңіз, әулетіңізде парасаттылықтың дәнін еккеніңіз.

Ал, бүгінгі жастар арасында ажырасудың көбейіп кеткені де осындай дәннің егілмегенінен, өңбегенінен.

Елбасы дұрыс айтады, Ана болуды, отбасылық өмірді және балаларды тәрбиелеу ісін де үйрену керек деп. Және жастар үшін отбасылық өмірдің қыр-сырын меңгеріп, оны одан әрі алып кету ең ауыр кезең дейді. Балғындарымызды даналардың тәрбиесіне бергенімізде, күрделі мәселелер туындамас еді деп ойлаймыз. Сондықтан, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтпақшы, «Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік!».

Күләйім МЕҢЛЕШ,

«Майбұлақ» жалпы орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі.