МАТЕМАТИКАҒА ҚҰШТАРЛЫҒЫ ҰРПАҒЫНА ЖАЛҒАСҚАН

Сейсенбі, 05 Қараша 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 42 рет

Отбасылық құндылық

 

Он сегіз мың әлем дүниесіндегі барлық ғылымдардың патшасы атанған математика саласына кез келген жанның тісі батпайды. Өйткені, математика – ақыл-оймен байланысты өте күрделі ғылым. Шын мәніне келгенде, ғылымдардың атасы делінетін математика – адамға ой салу арқылы оны тереңнен толғанысқа түсіреді, ақыл-парасатын кеңінен іске қосады, осылайша адамдардың ойын жүйелі түрде шыңдап жетілдіреді. Басқа ғылымдарға қарағанда, математиканың адамдардың ойлау қабілетін жетілдіруде және дамытуда теңдесі жоқ өзінің айрықша орыны, рөлі бар екенін түрлі өзге сала мамандары да мойындаған. Адамдарды ойшыл, салмақты болуға, ақыл-парасаттылыққа жетелейтін математикаға бала кезінен құштар болған, бар ықыласымен, ынты-шынтысымен соған берілген, кейін тұрмысқа шыққан соң бала-шағасын да сол тамаша жолға бейімдеген, сөйтіп, мұғалімдер отбасына айналдырған, өзінің кезінде қос мектепке басшылық жасап, оларға өзіндік жаңалықтар енгізіп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлесін қосқан, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері Қантгүл Оразбаева жайында сыр шерткенді жөн көрдік.

Ол бұрынғы Ленгір (қазіргі Төлеби) ауданындағы Аққұм ауылдық кеңесіне қарасты Жаңа ұйым елдімекенінде, Оразбай Көбенұлы мен Шолпан Құдайбергенқызының отбасында 1941-жылы 2-ақпанда дүниеге келген. Негізінде анасы 11 құрсақ көтереді. Көпшілігі тұрақтамай шетінеп кетеді. Оразбайдың үлкен бәйбішесі Өлмес ападан туған Ергеш, кіші әйелі Шолпаннан туған Қолдас атты ағалары мен Қуанышбек, Есенбек деген інілерінің ортасында жалғыз қыз бала Қантгүл еркелеп өсіп, соғыс жылдарындағы ауыртпалықты оншалықты сезінбей де қалады.

Қантгүл Оразбайқызы 1947-жылы жеті жасында «Жаңа ұйым» бастауыш мектебінің табалдырығын аттаған. Математика сабағында көбейту кестесін тез жаттап алып, бала кезінен-ақ өзінің алғырлығы мен зеректігін танытқан. Басқа пәндерге қарағанда, математикаға жақын болып, оған деген ықыласы мен құштарлығы артып отырған.

Қ.Оразбаева бізбен әңгімесінде: «Бастауыш класты бітірген соң Ленгір қаласындағы №7 онжылдық мектепке (кейінгі уақытта оның ғимараты оқушылар үйіне айналып кетті) 5-класқа бардым. Уәли Вахитов деген татар кісі математикадан сабақ берді. Есепті жақсы шығаратын едім. Содан ағай мені мектеп бойынша үлгі етіп айтып жүрді. Ал, тарих пәні маған қиын соқты. Қанша тырыссам да оны үлгере алмадым. Сонда Уәли ағай: «Математикаға қабілеті күшті, ол тарих сабағын да меңгеріп кетеді», – деп мені қорғап, арашалайтын еді, содан кейін тарих пәнінің мұғалімі маған кешіріммен қарайтын болды», – деді.

Келесі жылы көрші ауылдағы «Момынай» жетіжылдық мектебіне барады. Мұғалімдер оның математикаға қабілетінің ерекше екенін бірден байқайды. Сонымен бірге қара сөзге шебер, орнықты да тиянақты, сабақ айтқанда нақ-нақ сөйлейтін жауабына, киімі мен өз ісіне ұқыптылығына риза болады. Мектеп директоры Шолпан Галимова оны өзгелерге үнемі үлгі ретінде көрсетіп отырады.

Осы күнгі Төлеби ауданындағы Әңгір ата ауылында онжылдық мектеп ашылып, біздің басты кейіпкеріміз Қантгүл Оразбайқызы сегізінші класқа сол жерге оқуға келеді. Өзінің өмірлік серігі атбұлақтық Мүсірәлі Жайлаубаевпен алғаш осы арада танысады. Сымбатты, сұлу, бойшаң жігіт қыз жүрегін еріксіз дір еткізеді. Екеуі сегізінші класта бірге оқып, әбден сыр алысып үлгереді.

«Әңгір ата» (кейінгі Абай атындағы) мектебіне Алматыдан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас маман Несіпкүл Әбдікәрімова келгенде, басты кейіпкеріміз сол апайды өте жақсы көреді. Соған қызығып, көп еліктейді, мұғалім болсам деп армандайды. Қ.Оразбайқызы тек орыс тілі пәнінен төрт алып қалғандықтан, қазіргі Абай атындағы мектепті 1957-жылы күміс медальмен бітіреді.

Ағалары қолдау көрсетіп, демеген соң арман қанатында Алматыға алып-ұшып барып, Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1962-жылы физика және математика мамандығын алып шығады.

Әкесі Оразбай 1956-жылы қайтыс болған соң, үлкен ағасы Ергеш 1961-жылы отбасымен бұрынғы Фоголевкаға (осы күнгі Рабат) қоныс аударып көшіп келеді. Жас маман Қантгүл Оразбаева ағасының қолында жүріп, осы арадағы Жданов (қазіргі Қ.Әбдалиев) атындағы мектепте орналасып, физика және еңбек пәні бойынша сабақ береді. Математикадан сағат саны жетіспейді. Сонда Мүтәлі Әбдірайымовтың сабақ беру әдісін өте ұнатады. «Шіркін-ай, мен де солай математикадан сабақ берсем ғой», – деп арман етеді. Өз мамандығын жақсы көргені соншалықты, бір себептерге байланысты математик мұғалімдер жұмыста болмай қалса, солардың сабақтарын тегін-ақ өткізіп, тәжірибе жинақтауға ұмтылады.

Қасиетті Қазығұрт тауы баурайындағы Атбұлақ ауылында Жайлаубай деген атамыз елуден асқанда Ордабек болыстың ағасы, ғұлама молда Иманбектің бесінші қызы Бүбішті алып, Маханбетәлі, Мүсірәлі, Ақжол (Жұмаділ), Құрбанәлі, Жетпісбай (Оразәлі) атты бес бала көреді. Кенжесі Оразәлі атаның жетпіс жасында туылғандықтан Жетпісбай атанады. Екінші баласы Мүсірәлі Жайлаубаев мектепті бітірген соң Түркістандағы индустриалдық техникумда оқып, 1961-жылы техник-механик өндіріс оқуының шебері мамандығын алып шыққан. Тұрбаттағы селолық кәсіптік техникалық училищесінде алты ай, содан соң осы күнгі Сарапханадағы қалалық кәсіптік техникалық училищесінде бір жарым жыл өз мамандығы бойынша шебер ұстаз болған. Ол бұрынғы «Әңгір ата» мектебіндегі кластасы, уыздай, жас маман Қантгүлге институтты тәмамдап, мұғалім болып жүргенін кезінде, Фоголевкада кездеседі. Қос жанары ботаның көздеріндей мөлдіреген, жаны таза, ақ жүректі, сұлу қызға деген бұрыннан бар сезімі тағы да бел алып, күн өткен сайын жалындайды. Сөйтіп, бір-бірін ұнатқан екі жас 1963-жылы 29-қыркүйекте отау құрады.

Біздің басты кейіпкеріміз Қ.Оразбаева 1963-1968 жылдары «Атбұлақ» сегізжылдық мектебінде физика-математика пәндерінің мұғалімі болады. 1968-жылы директордың оқу-тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары болып көтеріледі. 1969-жылы 10-мамырда Зәуір Әбдісаттаровтың ұсынуымен, аудандық оқу бөлімінің басшысы Мырзаш Тұтқабаевтың қолдауымен мектеп директоры болып тағайындалады.

Аудандық совет атқару комитетінің жауапты хатшысы Мейманқұл Кемелов пен аудандық совет атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы Есенбек Шамбулов қолдау жасап, солардың жәрдемімен 1971-1972 оқу жылында «Атбұлақ» сегізжылдық мектебінде қосымша қос ғимарат бой көтеріп, пайдалануға беріледі. Сол жылдары ескі мектеп ғимараты интернат болып ашылады. Интернат меңгерушісі директордың оқу-тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары Қолдас Қожанов болады. Алдымен интернатқа елу бала қабылданса, кейін 75 балаға дейін қабылданады. Содан кейін олардың қатарынан тағы бір ғимарат бой көтеріп, ол шеберхана болады. 1975-жылы директор Қантгүл Оразбайқызының тікелей еңбегімен, ұйытқы болуымен сегізжылдық мектеп орта мектепке айналады.

1977-жылы 11-мамырда «Еңбекші» сегізжылдық мектебінің директоры қызметіне ауыстырылады. Қ.Оразбаева өткен күндерді еске алып: «Еңбекші ауылындағы мектепте отыз балаға арналған интернат бар еді. Соған арнап асхана салып бердім. Орынбасарым Әбдуәлі Тәшимов деген жігіт болатын. Барлық жұмыстарымды атқаруға қолқабыс жасап жүретін. Кейін ол аудандық оқу бөліміне инспектор болып кетті. Айжамал Ташова деген кітапханашы өз жұмыстарын өте жақсы жолға қойды. Әлі күнге дейін сол арада оқырмандарға қызмет етеді. 1992-жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін сол мектепке, осы елге қызмет жасадым», – деді.

Мүсірәлі Жайлаубаев Мурманскідегі Солтүстік флотта Отан алдындағы борышын өтеп келген соң мектептерде еңбек пәні сабағынан дәріс жүргізеді. «Еңбекші» мектебінен зейнеткерлікке шығады. 1990-жылы ерлі-зайыпты Қ.Оразбаева мен М.Жайлаубаев екеуі де «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталады.

Халыққа ерекше қадірлі, елге сондай сыйлы, бақытты отбасы иелері Қантгүл мен Мүсірәлі өздерінің мәнді де сәнді өмірлерінде Нұралы, Ақмарал, Нұрғали, Әлиасқар, Ақдидар атты бес перзент көреді. Нұралы, Ақмарал және Әлиасқар үшеуі Алматыдағы Республикалық (қазіргі Жәутіков атындағы) физика-математикалық мектебін бітіреді. Үшеуі де осы күнгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика және қолданбалы математика факультетінде оқып, Нұралы теориялық механика, Ақмарал мен Әлиасқар қолданбалы математика мамандығына ие болады.

Бүгінде Нұралы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де, ақпараттық коммуникациялық технологиялар кафедрасында аға оқытушы. Ақмарал Сайрам аудандық білім бөлімінде информатика және математика пәндерінің әдіскері. Әлиасқар мамандығы бойынша еңбек жолын «Атбұлақ» мектебінде бастаған, кейін кәсіпкерлік жолға түседі.

Үшінші перзенті Нұрғали Шымкенттегі Физкультура техникумын тәмамдап, дене тәрбиесі пәні мұғалімі болған. Кейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің тарих факультетін сырттай оқып бітірген. Қазір «Атбұлақ» мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Кенже перзенті Ақдидар М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді тәмамдап, қолданбалы математика мамандығын алған. Өзі математика мамандығы бойынша магистр. Осы күнде М.Сапарбаев атындағы институтында есептеу техникасы және дизайн кафедрасында оқытушы.

Нұралының үйіндегі келіні Жұмагүл Махметбаева Ташкент мемлекеттік институтын бітіріп, қолданбалы математика мамандығын алған. Бүгінде №50 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясында математика пәнінің мұғалімі. Нұрғалидың үйіндегі келіні Гүлмира Ахаева Шымкент әлеуметтік педагогикалық институтын тәмамдаған. Қазір «Атбұлақ» мектебінде бастауыш сынып мұғалімі.

Ақдидар Мүсірәліқызы бізбен әңгімесінде: «Қантгүл анамның математикасына береке дарыған. Менің бұлай деп айтуымның себебі, Аллам анамның математикаға деген құмарлығы мен бейімділігін өзі бұйыртып берген бақыттарының бірі деп білемін. «Математика ғылымы – ғылымдардың атасы, математиканы меңгерген адам, кез келген саланы меңгереді», – деп оқытатын. Осы салаға өз бала-шағасын баули жүргені де, келінінің де математик болып шығуы берекенің бір ұшы. Менің жолдасым Бауыржанның дипломындағы математик жазуының болуы да кездейсоқтық емес-ау. Анам бір сөзінде: «Күннен күнге ұмытшақ болып жүрмін, бәрін ұмытып қалам ба деп қорқамын, математикамды ұмытқым келмейді, түндерде кейде ойша есеп шығарып, есіме түсіріп жатамын», – деген. Бұл да өз мамандығына деген шексіз махаббатын білдірсе керек.

Менің екінші қызым Аруна Әмірбай бастауыш сыныпта оқып жүргенінде, математикадан халықаралық олимпиадаға қатысып, алтын медаль алған сәтінде Қантгүл анам қатты қуанды. Өзінің сүйікті мамандығы мен ісінің ұрпағына жалғасып жатқанын көріп, шаттыққа бөленгендей. Осы қызым Назарбаев атындағы зияткерлік мектебіне тест тапсырып түскенде, мыңдаған баланың ішінде алғашқы ондықтан бой көрсеткенде қуанышында шек болмады. Әлі күнге дейін мақтаныш етіп отырады», – деді.

Бұл күнде сексенге таяп қалған Мүсірәлі аға мен Қантгүл апай бес перзентінен 19 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Олар ұрпағын ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген шәкірттерін де мақтаныш етеді.

Қантгүл Оразбайқызының қос білім ошағына директор болған кездегі оқушылардың болашағы үшін жасаған еңбегі, қамқорлығы айтарлықтай, ауданымыздың дамуына қосқан үлесі өте елеулі. Ол «Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы» деген аттаққа өте лайықты жан. Бұл ұсынысымызды аудан басшылары ескереді деген ойдамыз.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.