КӨШЕМІЗ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ ҮЛГІСІНДЕЙ

Сейсенбі, 05 Қараша 2019 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 40 рет

Ұлт татулығы

 

Түркі тілдес халықтардың бірі болып саналатын татар халқының өкілдері Қазақстанға әр кезеңде және әр түрлі жағдайлармен қоныс аударып келіп, түп-тамырлары бір туыс халық ретінде қазақтардан пана тауып отырған. Қазандағы татарлардың бірі – Хакімжан деген кісі әскери адам болған. Оның жұбайы Захидадан туған екі ұлы, төрт қызы бар еді. Ұрпақтары кулактың әулеті деп қуғын көрген. Үйлерін конпискілеп алған. Басқа түскен бұл қиыншылықты көтере алмай Хакімжан атаның өзі 1925-жылы қайтыс болған. Сол уақытта оның үлкен баласы Мүбәракша он бес жаста болған екен. Ол отызыншы жылдардың ортасында анасы Захиданы және зайыбы Гулсумді алып, қазіргі Қазығұрт ауданына келіп, Жаңабазар елдімекенінде тұрақтайды.

Мүбәракша Хакімжанов он саусағынан өнері тамған ұста болады. Соның арқасында күнкөріс қамын жасап, ел қатарлы өмір сүруге ұмтылады. Соғысқа дейін 1936-жылы Сания, 1938-жылы Сайма, 1940-жылы Хауи есімді үш перзенті жарық дүние есігін ашады.

Отыз жасында ауданымыздан соғысқа аттанып, соғыста әрі солдат, әрі аспаз болған екен. 1945-жылы күзде елге оралып, еңбекке араласады.

Мүбәракшаның жұбайы Гулсум соғыстан кейін төрт құрсақ көтерген көрінеді. Біздің басты кейіпкеріміз Менехай (шын аты – Халипша) 1947-жылы 2-қаңтарда Жаңабазар ауылында өмірге келген. Одан соң 1950-жылы Қатима, 1954-жылы Рамил туылған. Қатима мен Рамилдің арасында жарық дүние есігін ашқан Рауил бір жарым жас шамасында шетінеп кеткен.

Татар халқының өкілі Менехай Хакімжанов Жаңабазардағы М.Горький атындағы мектепте сауат ашып, білім алған. Сегізінші кластан соң осы күнгі Сарапханадағы селолық кәсіптік техникалық училищеде оқып, токар мамандығын алған. Оны 1965-жылы аяқтап, сол арада шебер ұстаз болып қалған. Білімін көтеру үшін қосымша курстарда оқып келген.

Менехайдың өмірлік серігі Василя Абдуллақызы татар халқының өкілі, ол Башкирияның Федоровка ауданында, Балықылыбаш қыстағында 1950-жылы 3-қарашада туылады. Әпкесі Әмина Ташкентте тұрады екен, ол соған қыдырып келеді. М.Хакімжанов өзінің училищедегі шәкірттерін Ташкенттегі құрал-жабдық дайындау зауытына практикаға алып барғанда Василяға жолығып қалып, танысқан екен. Екі жас бір-бірін ұнатысып, бес-алты айдан соң 1973-жылы 22-ақпанда үйленеді. Сонда қызды ұзатып әкелгенде, Башкириядан әкесі Абдулла, шешесі Мағрифа, үлкен әпкесі Зүбәржәт, жездесі Қадим, Ташкенттегі әпкесі Әмина, сол үйдегі жездесі Рафик және отбасылық достары бірге келген көрінеді. Татар халқының ұлттық салты бойынша, негізінде қыздың үйінде некені оқытып ұзатады екен. Василя Ташкенттегі әпкесінің үйінен шыққан соң, неке Менехайдың үйінде, Жаңабазарда оқылыпты. Татарларда беташар деген салт мүлдем жоқ деседі. Тек ағайын-туыс және көрші-қолаңмен кішігірім той өткізеді.

М.Хакімжанов бізбен әңгімесінде: «Жаңабазар ауылында Әбдіқадір, Әбдіразақ, Тұрлыбек, Әбділла секілді қазақтармен, Тәшмәт деген өзбекпен жақсы қатынас жасап, өте сыйласып тұрдық. Өзім қазіргі Сарапханадағы ГПТУ-де 1977-жылға дейін ұстаздық қызметте болдым. Оның директоры Кеңес Оразбаев, орынбасары Манап Ерімбетұлы, аға шебер Толыс Әйтенов, шебер Әбіш Қалиұлы тәрізді қазақтармен, орыс ұлтының өкілі, шебер Владимир Голдовенмен біте қайнасып, тонның ішкі бауындай араласып, сыйласып жүретінбіз», – деді.

Василя үлкен ұлы Ринатты босанған соң 1974-жылдың соңында аудан орталығындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатының Жаңабазардағы бөліміне тоқымашы болып орналасқан. Үш жылдан соң аудан орталығына көшіп келіп, жұмысын осында жалғастырып, жиырма бес жыл бір жерде еңбек еткен. Елу сегіз жасында зейнеткерлікке шыққан.

1977-жылы аудан орталығындағы қазіргі Еділов көшесіне келіп, алдымен пәтерде тұрып, кейін үй алған Менехай тұрмыс қажетін өтеу комбинатына қатардағы жұмысшы болып кірген. Сексенінші жылдардың басында тері өңдеу цехы салынып, іске қосылған соң сол жерде аға механик болған. Содан соң технолог, кейін цех бастығы болып көтерілген.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992-жылы тері өңдеу цехы жекеменшікке сатылып кетеді. М.Хакімжанов 2009-жылы 62 жасында зейнеткерлікке шығады. Отбасында сиырлары, үйрегі, күркесі, тауығы бар, қазір үй шаруасымен айналысады. Қызыққан нәрсесі, хоббиі – ағаш егіп, айналасын көгалдандыру.

Осы күнгі Қазығұрт елдімекеніне келген соң Менехай мен Василяның отбасында 1980-жылы Мансұр, 1988-жылы Розалия дүниеге келіпті. Қазір Ринаты Мәскеуде, Мансұры Сарыағашта, Розалиясы Атакентте екен. Олар үш перзентінен 6 немере сүйіп отыр.

«Біз бұрынғы Ленинскіге, қазіргі Қазығұртқа келгенімізде, Еділов көшесінде небір қазақтың жайсаң, жақсы адамдары тұратын еді. Отызға енді келген жап-жас жігіт болатынбыз. Олар бізді балдарындай қабылдады. Тіпті бір үлкен кісі: «Өзі қазақ, әйелі неміс бір жас жігіт келді», – депті.

Аллаға шүкір, көшеміздегі адамдар өте жақсы. Сайран Еділов, Ағабек Алауов (жұбайы Зифа апа еді, қазір марқұм), Садық Кемелов (зайыбы Феруза апа болатын), Тұрғынбай Сманов (әйелі Күләнда еді) Шералы Махатов (Хадиша апа әлі бар), Ақжол Тоғаев (Өлмес апа бар), Дәулет-Айсұлу, татар халқының өкілдері Файзулла Габдуллин (жұбайы Фаузия апа еді), Фарид Габдуллин (Марина әлі бар), Ринат-Зейнеп, барлығымен тату-тәтті тұрып келеміз. Бізді қазір кейінгі жас ұрпақ балалары да, бәрі де құрметтейді.

Көктемде барлығы ақша жинап, мал сойып, көшемізде құдайы тамақ беріп отырамыз. Наурызды тойлағанда татар халқының құймағын, ұлттық тағамын дайындап ұсынамыз.

Орыс халқының өкілі Миша аға қайтыс болғанда, көшеміз бірігіп, ақша жинап, құдайысын өткізгенбіз. Сонда әйелі Тамара әпке қарсы болған жоқ.

Халықтар достығының, ұлттар татулығының үлгісін танытып, паш етіп отырған көшеміздің бірлігіне қуанамыз. Ұзағынан бола берсін деп тілейміз», – деді жетпіс екі жасқа келген Менехай (Халипша) Хакімжанов.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.