Абай сөзі – қазақтың бойтұмары

Дүйсенбі, 03 Ақпан 2020 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 332 рет

 

Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқып, танысып шықтым. Халқымыздың ұлттық мұрасын, ұлттық болмысы қамтылған мақала маған ерекше әсер қалдырды. «Абайдың ой-тұжырымдары бар­шамызға қашанда рухани азық бола алады» – деген Мемлекет басшысы Тоқаев, ұлы ойшылдың сөздері мен әде­би мұрасына сүйеніп, одан қал­ған «аталар сөзінің» әлемдік үде­рістер мен өзгерістерге үлгі бола алатынын айта келе, «Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді... Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық», – дейді.

Біз Абайды әкеміздің айтқандарынан, бертін келе қара сөздерінен танып, өстік. Абай Құнанбаевтың тағылымды сөздері, өлеңдері менің де жадыма жазылды.

       Абай өз еліне, өз жұртына ұлы сөздер мен өсиеттер қалдырып кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай Абай сөзі – қазақтың  бойтұмары, Абай мұра­сы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Сөзбен әлемнің жүйесі өзгер­ді, сөз жоқтан бар жасады. Ұлы ақын Физули айтқандай, «Халыққа ауыздың сырын әшкере қылар сөз, Иесінің кім екенін әшкере қылар сөз».

       Биыл 175 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан Абай Құнанбайұлының сөзі – қазақ  халқының сөзі. Қазақ халқы – қазақ ұлтынан ғана емес, көп­теген ұлттардан құралған этностық халық. Көк тулы мемлекетте өмір сүріп жатқан ұлттар бір шаңырақ астында бас қосып, елді өркендетуде және Абайдың сөзін дәріптеуде.

       Өткен жылғы Абай оқуларынан аудандық жарыста мектебіміздің оқушылары Шалқарбай Лашын, Жақсыбекқызы Назерке топ жарды. Тоқаев өз мақаласында:  «Абай­ды терең тануға баса мән бер­геніміз жөн. Абайды тану – адам­ның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басым­дық беруі – кемелдіктің көрі­нісі. Интеллектуалды ұлт дегені­міз де – осы. Осыған орай Абай сөзі ұр­­пақтың бағыт алатын темір­қа­зығына айналуы қажет» – деп жазды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «біздің ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты нақты көрсетілген. Жаңа үлгідегі жаңғыртудың бірінші шарты Елбасы «өз мәдениетін, өзінің ұлттық кодын сақтау» деп атайды. Абай ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал оның даналығы қазіргі заманмен үндес.

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары, Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы – заңдылық.   Абай – ұлы ұстаз-кемеңгер. Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып. Абай тақырыбы – таусылмайтын телегей теңіз.

Оралбек САЛЫБАЕВ,

Қ.Өміралиев атындағы жалпы білім беретін

орта мектебінің директоры.