ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ СОҢҒЫ КҮРЕСІ

Жұма, 15 Қазан 2021 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 116 рет

1546595724 slayd1– Ташкент ілгергі қала ғой... Көне шаһар, аралайтын жерлері де көп, – деп бастайтын, апам балуан ата туралы әңгімесін.
Базарларын айтсаңшы! Самсап тұр˗ау, самсап тұр! Не жоқ дейсің мұнда! Бәрі бар, тек ақшаң болса болғаны. Отызыншы жылдың бел ортасы болатын. Бірге оқитын Әуелкүл деген дос қызым екеуміз «Бесағаш» базарын аралап, іргесіндегі «Науайы» кинотеатрына бардық. Кенет көше бағаналарының біріне ілінген жарнамаға қарап тұрған Әуелкүл:
– Мария, мынаны қара! Қажымұқан деген қазақ, әйгілі «Қара маскамен» күреседі екен! ˗деп шақырды. Қарасам, шындығында да солай. «Қара масканың» атағы айға шапшып, даңқы Ташкент түгілі бүкіл Одақты шарлай дүркіреп тұрған. Бір де бір балуан иығын жер иіскетіп, маскасын шеше алмай жүргені аңызға айналған. Ал, Қажымұқан да осал емес, дақпырты күллі әлемге «Ямагата Мухунура», «Хаджи Мухан», «Қара Иван» деген лақап аттармен дүбірі жер жарған қазақтың бар екенін еститінбіз. Жасы келіп қалғандықтан күресті тоқтатқан екен, деп жүргенде көктен сұрағанымызды жерден тауып, мәре сәре болдық та, екі билет алып, жатақханаға көңілді оралдық. Әуелкүлді қайдам, менің қуанышымда шек жоқ еді. Әлемге әйгілі Қажымұқан! Оның үстіне – қазақ! Кенет, «Жеңіліп қалса қайтемін?» деген суық ой, әлгі қуанышымды сумаң етіп, су сепкендей баспасы бар ма!? Ал содан, әлгі зымыстан ойдың жетегінен шыға алсамшы! Жекпе˗жек болатын күнге әзер шыдап жеткенім есімде.
Алғаш жекпе˗жек қаланың қақ ортасындағы «Свердлов» атындағы орталық концерт залында өтеді деп белгіленген еді, халықтың көптігінен болса керек, көрсетілім орталық стадионда өтетін болып ауыстырылыпты.
Өзім оқыған ортамен салыстырып жүрген екенмін – Ташкенің түгел қазақ екен. Анда барсаң да, мында барсаң да – кілең қазақ. Кейін тарих беттерінен парақтап білсем, Ташкент қазақтың ежелгі Тасқаласы екен ғой! Әттең, керенау жайбасарлықтың кесірінен, абат қаладан айрылып қалдық...
Мен Әуелкүлден сең қозғалғандай сапырылыс кезінде адасып қалдым да, амалын тауып, алдыңғы қатарға өтіп кеттім. Орындығы жоқ жүгіретін алаңның шетіне қойылған бекет˗шарбақтың жанына шөкелей кетіп, күресті тіптен қасынан тамашаладым десе де болады.

қажымұқан
Уақыты таяған болу керек балуандар ортаға шақырылды. Стадионның оң жақ қапталынан иығына желбегей жібек шашық іліп алған Қажымұқан шықты. Қара нардай байпаңдап, піл сирағын еріне көтеріп, маңғаз басып бірнеше адамның қоршауында алаңның ортасына жақындады. Жап-жақыннан дөңбектей білегін, жырым-жырым дүрдиген ерінін, шор болып қайнап біткен тілім-тілім құлақтарын айнадан көргендей ап-анық көрдім. Балуанның жасы да егде – алпыстың бел ортасына тақаған кезі емес пе, алғаш шешінген кездегі қалталанған қолаба˗қолаба қарыны мен іркілдеген салбыраңқы бұлшық еттерінің терілері көзге оғаш көрініп, «Япырым-ай, қалай болар екен?» деген күдікті ойға жетеледі. Осы кезде балуанға қарама-қарсы бетке бойы сырықтай, өңкиген «Қара маска» келіп тұрды. «Мына қазақты бүктеп салайын» дегендей қолын мықынына тіреп, кекірттене талтайып тұр.
Төреші екі балуанды төселген кілемнің ортасына шақырып, екеуін қол алыстырды. Артынша төреші күрестің басталатынын хабарлады. Қажымұқан иығындағы жамылғыны алып тастады да «Уа, Әруақ!» деп талтая тұра қалғанда жаңа көрген Қажымұқаннан мүлде өзге, басқа балуанды көргендей болдым. Батыр мүлдем танымастай өзгеріп – бағана көрген салбыраған қарны жарау аттай тартылып, қалталанған терілері жиырылып, әп сәтте шойыннан құйылған мүсінге айналып шыға келген еді. Шашын тақырлап алдырып тастаған, маңдайы жырта қарыс, емен мойны басымен тұтасып кеткен дүлей дерсің!
Күрес басталып кеп берді! Екі балуан сақтана қимылдап, бірін-бірі ала-алмай едәуір уақ жүріп алды. Қажымұқанның оқта-текте «уаҺ» деген даусы стадионды кернеп кетеді. Дене бітімі төртпақ келген балуанның ат шаптырым жалпақ кеудесі, атан жілік, бура сан, сом˗сом бұлшық еттері бұлтыңдай ойнақшиды. Батырдың осал еместігін көргенде бағанағы қорқынышым сейіліп, жеңіске деген сығырайған үмітім қайта жанды.
Қажымұқан апайтөс иығын бүркітше қомдап, қос қолын қанатша жайып алға ұмтылғанда, анық байқағаным алақанының сыпырадай үлкендігі, саусақтарының баланың білегіндей жуандығы. Құлжаның асығындай ширатылған «Қара маска» да осал емес, ірілігіне қоса, бұтынан бұзау өткендей бойшаң екен. Қарғыбауын сүйреткен қандыауыз төбеттей арсалаңдай ұмтылып, орай тын тапса мыжып˗ақ тастамақ.
Екі балуанның бураша шабынған бет˗жүзін, ырсылдап˗гүрсілдегенін, «Әуп!» деп ақырғанына дейін ап˗анық естіп, бет жүздерін жап˗жақыннан көріп отырдым. Жараған қарт бурадай батырдың бұжыр˗бұжыр беті сұсты, әрі жауына ымырасыз қаһарлы көрінеді. Жасының келіп қалғанына қарамай жай оғындай жарқылдаған шалт қимылы, қанжардай өткір көзі есімде қалыпты.
Арыстанша айқасып, жолбарысша жұлқысып, қасқырша алысқан екеуі де қатты қайрат қылып жүр. «Қара ­маска» дембіл˗дембіл жас барысша атылып, қауғадай қолын шалғыша сілтеп ебі келсе алып та, шалып та жықпақ. Кенет Қажымұқанның шиыршық ата: «Иә, Пір...р...і...ім!» деп атандай ақырған даусы стадионды тұндыра, дірілдетіп жібергендей болды да, қаршыға ілген үйректей, көз ілеспес әбжілдікпен «Қара масканы» жұлындай тік көтеріп алған бойда, екі˗үш рет төбесінен ұршықша үйіре айналдырған күйі кілемге атып ұрды. Мынадай аламан бәйгеде байрағы аспанда әуелеген қазақтардың айғай˗шуынан құлақ тұнады. Тақымын қысып отырған жұрттың қошемет, құрметінде шек жоқ!
˗ Әруақ! Әруақ! Ә, Құдайым!..
˗ Жаса, Батырым!.. Жаса, Қажымұқан!..
˗ Тусаң ту!.. Паһ, шіркін, қара күшім˗ай!–деп жатқан халық.
Қажымұқан мұнан соң «Қара масканың» үстіне шығып, талтайған күйі ерттеулі атша мініп алды. Шамасы, жекпе˗жектің шарты солай болуы керек, қос˗қолдап тұрып бетіндегі қарғыбау ˗ маскасын сыпырып алды. Жап˗жақыннан көрдім, «Қара маска» деп жүргеніміз ˗ жирен шашы қобыраған, таңқы мұрын, сап˗сары орыс екен. Мұнан кейін де батырдың екі˗үш күресін тамашаладым, шабатын бурадай қаһарланып келген жаңа пері «Қызыл масканың» да пәпігін басып, томағасын сыпырып, жеңіс жалауын желбіреткен болатын. Бірақ, неге екенін, «Қара масканы» жеңгендегідей әсер ала алмағаным есімде. Ал, өзбектің Озар деген атақты балуаны: «Екеуміз де мұсылманбыз, оның үстіне Қажының белін ұстағаным ұят» деп күресуден бас тартқан екен», – деп аяқтайтын апам балуан ата туралы әңгімесін.
Апамның әңгімесінен кейін батыр атамыздың өмірін біршама зерттедім.
Батырдың күреске түсіп жүргендегі салмағы 120-130 келі, бойы 197 см. екен. Ең ауыр, әрі қауіпті күресі Жапон елінде өтіпті. 190 келі салмақтағы «Жию Житсу» күресінің шебері Саракикимен айқасуға әлем балуандарынан ешкім шыға қоймайды. Себебі, күрес шарты бойынша өліп кеткен жағдайда ешкім жауап бермейді, құн төленбейді. Қазақы намыс көкірегін кернеген Қажымұқан салмағы 60 келі ауыр Саракикиге қарсы шығады. Үстіне май жағып алған жапондық жылтылдап еш ұстатпайды. Маймыл құсап секеңдеп жүріп біресе Қажымұқанның құлағын тістеп жұлмаласа, біресе өткір тырнақтарымен ернін тіліп, денесін тырнап үсті-басын қан жоса қылады. Күрес өнеріне жат әдістерді қолданғанына батырдың әбден зығырданы қайнайды. Кенет оңтайы келіп қарсыласының ерні саусағына іліне қалады. Мұндай сәтті қалт жібермеген батыр жапонның бет терісін маңдайына қарай сыпырып алады. Жапондық сол жерде сес­пей қатады. Мұндай болады деп ойламаған Саракикидің жақтастары пистолеттен оқ жаудырып, стадионда ұрыс-керіс басталып кетеді. Тек, рефери мен достары араласып, Қажымұқанды төніп келген ажалдан құтқарып қалады.
Қара қыпшақ Қобыландының он бірінші ұрпағы болып келетін Қажымұқан Мұңайтпасұлы әлемнің 59 елінде аренаға шығып, жер жаһанның елуден астам мемлекетінің жоғары марапаты мен сыйлықтарына ие болыпты.
1927-жылы 56 жасында Орынбор қаласында өткен Кеңестер Одағының біріншілігінде чемпион атанып, бірінші орынға ие болады. Бұл чемпионат Қажымұқанның арнайы жарыстардағы ең соңғы күресі болып тарихта қалады.
Қажымұқан еркін күрес саңлағы болумен қатар мемлекет және қоғам қайраткері. Әлихан Бөкейханұлы басшылық жасаған «Алаш» партиясына мүше бола жүріп, шет елдегі Мұстафа Шоқаймен кездесіп бетпе-бет әңгімелескен адам. Отызыншы жылдар ойраны кезінде бұл оқиғалар балуанның өміріне қауіп төндіреді. Тіміскіленген НКВД-ның жендеттері батырдың соңына шырақ алып түседі. Басына төнген қара бұлттан 1935-жылы өзбек жеріндегі қазақтарды аралауға кетіп құтылады. Ал, Өзбекстандағы өзбек, қазақ, татар халқы балуанды құшақ жая қарсы алады. Өзбек жеріндегі беделді қазақ азаматтары Өзбекстан басшысы Ахунбабаевқа өтініш айтып жүріп Қажымұқанның цирк аренасында, стадиондарда өнер көрсетуіне рұқсат әпереді. Сөйтіп, өзбек елінде де аштық пен репрессиядан ығыр болған халықтың қайғысын сейілтуге септігін тигізіп, өзі де елдің ыстық ықыласына бөленіп көңілі жайланады.
Өзбекстаннан елге оралған соң Қажымұқан жетпістен асқан шағында (1941-1942 жылдар аралығы) Оңтүстік Қазақстан аймағын аралап өнер көрсетеді. Жиналған қаражатқа ұшақ сатып алып, майданға жібереді. Орыстың атақты балуаны Иван Поддубный соғыс жылдары немістердің биллиард клубын басқарып, шалқып өмір сүрсе, біздің батырымыз жасы келіп қалғанына қарамай Отан алдындағы перзенттік, әрі азаматтық борышына адалдық танытады.
Еуропадағы мұрағаттарды ақтарып Германия еліндегі Мұстафа Шоқаймен кездескен фото-суреттер мен құжаттарды, дүние жүзі балуандарымен белдескен бейнежазбаларды әкеліп бүгінгі ұрпаққа таныстырса қанеки! Ал, рельсті майыстырып, үстінен машина өткізетін, сом темірді беліне белдік қып, мойнына орап байлайтын аса қиын трюктарды әлемде Қажымұқан мен орыс балуаны Иван Зайкин ғана орындай алатын болған.
Түрік, араб, Еуропа мемлекеттері сол елдің атынан күреске түсуге үгіттеп, қомақты қаражат ұсынса да Отанын сатпаған, 40 жыл ғұмырын сырт елде өткізсе де тілі мен ділін ұмытпаған, қазақы салтынан айнымаған батыр бабамыздың жүрген жолы бүгінгі ұрпаққа өнеге болары анық.


Нұрғали РАХАЕВ,
Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.