ҰЛТТЫҚ БҰЙЫМДАРЫМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК!

Жұма, 15 Қазан 2021 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 134 рет

Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуынан бұрынырақ сақ, үйсін, қаңлы тайпалары кезеңінде-ақ киіз басу, жүн иіру кеңінен қолданылған. Қолөнер шеберлері табиғат сұлулығын өнер туындыларына арқау ете білген. Қолөнер дүние жүзінің әр халқына тән, халық қазынасы, ғасырлар мұрасы. Әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, табиғат ерекшелігі мен эстетикалық талғамына байланысты қолөнері де өзіндік ерекшелігімен халық өмірінде өшпес із қалдырып отырған. Осындай өзіндік ерекшелігімен орны бар бұйымның бірі – қоржын. Біздің мұражайда 1930-1950 жылдары қолданыста болған қоржынның түкті және түксіз түрлері сақталған.

IMG 2521
Қоржын – ол иірілген жүннен өрмек құрып тоқылған үй бұйымы. Қоржынның көптеген түрлері бар. Олар кілем түрінде түкті етіп тоқылған түрі, алаша түрінде тақыр етіп тоқылған түрі, мал баққанда жолға алып шығатын, жазда суды ысытпайтын, қыста тамақты суытпайтын қалың киізден тігілген түрі. Түйенің өркешіне, аттың екі қапталына асып алуға ыңғайлы болғандықтан қоржынды өз қажеттеріне қарай пайдаланған.
Ал, қазіргі кезде қоржынның матадан тігілген түрлері көп кездеседі. Аудан, ­облыстарына қарай түрлері де өзгереді. Олар: той қоржын, қыз қоржын, бесік қоржын, сүндет қоржын тағы басқа түрлері бар. Осы аталған қоржындардың барлығы да екі қалталы атқа түйе өркешіне асып алатын ортасы болады. Қоржынның екі қалтасы біріне бірі тең болу керек. Ұзындығы 120-130 см, ені 50-60 см болады. Ең әуелі қоржынның ұзындығына қарай астын тоқиды. сонан соң екі шетінің үстіне өрнектелген екі ою көлемі 50х50 см бөлек тоқылады. Сонда қоржынның екі шетінде қалталар пайда болады.
Той қоржын – аты айтып отырғандай тойға арналған қоржын, оны ұлдары үйленгенде бір қалтасына киітін, екінші қалтасына тәтілерін салып апарады.
Қыз қоржын – бұрынғы кезде атабабаларымыз қыздарының өзіне қажет әшекей бұйымдарын бір қапталына киімдерін салып қыздарына апарған.
Бесік қоржын – осы кезде де нағашылары жаңа туылған жиендеріне апаратын қоржын. Ол қоржынға балаға керек заттары салынатын болған.


А. СӘДУОВА,
Қазығұрт аудандық музейінің
экскурсоводы.