АУЫЛЫМЫЗДА КІТАПХАНА АШЫЛДЫ

Жұма, 05 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 87 рет

1313 кітапхана

Кітап – жан азығы, кітап – өмір ұстазы. Сондықтан, жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес. «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», – деп Абай Құнанбаев айтқандай кітаптың адамзат баласының өмірінде алатын орны үлкен.
ХХІ-ғасыр — руханият пен мәдениет, ақпарат ғасыры. Қай қоғамның да тұрақты дамуында мәдениеттің алар орны зор екенін алға тартсақ, біздің рухани-мәдени тынысымыздың өзекті мәселелерінің бірі – кітапхана. Оқырмандардың рухани қазынасы кітапқа деген талап-тілегі мен сұранысын қанағаттандыруды күннен-күнге жақсарта беру – уақыт талабы. Жас ұрпақты тәрбиелеуде кітапхананың орны ерекше. Ақпараттық білім беру орталығы саналатын ауыл кітапханасы заман талабына сай жаңаша жабдықталуы тиіс.
Жуырда Түркістан облыстық Фараб атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен Қарабау ауыл округіне қарасты, Үшбұлақ ауылында Үшбұлақ ауылдық кітапханасы ашылды. Кітапхананың ашылу салтанатына Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Гүлбахира Тәжібаева, Қарабау ауыл округінің әкімі Жорахан Әлімқұлов, аудандық мәдениет саласының майталманы Әбубәкір Жаншуақов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Бибігүл Кулимова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлсім Дәулетбаева, Қ.Өмірәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры Оралбек ­Салыбеков, ауыл тұрғыны, дінтанушы Орын Ербосын және ауыл қариялары, ауыл халқы мен азаматтар қаттысты.
Салтанатты шарада сөз алған кеш қонақтары осынау игі іс-шараның басында жүрген елінің жанашыр азаматтарына, үшбұлақтықтарға деген алғысын білдірді. Замануи үлгіде ашылған кітапхананың лентасын халық қалаулысы Гүлбахира Тәжібаева, ауыл әкімі Әлімқұлов Жорахан, Қ.Өмірәлиев атындағы орталық­тандырылған кітапханалар жүйе­сінің директоры Гүлсім Дәулетбаева қиды.
Аталмыш шарада сөз алған мектеп директоры О.Салыбаев: «Ауылымыз үшін қуанышты жаңалық болып тұр. Кітапхана – білімнің қайнар көзі. Оқу-білімге ынтасы бар оқушыларымыз, ауыл халқы ауданға сабылмай-ақ, орталық кітапханаға бармай-ақ, іздеген кітабын осы жерден таба алады деген үміттемін. Ауыл округтарында кітапханалардың ашылуы – өскелең ұрпақтың болашағына, оның білім алып, сауат ашуына мүмкіндік береді»,– дейді.
Мұнда балалар әдебиетінен бастап, әлемге танымал классиктердің туындыларын табуға болады. Оқырмандардың барлық сұранысы қамтылған. Іздеген кітабыңызды сөреден таппасаңыз, «QR код» арқылы электронды нұсқасын жүктей аласыз. Электронды кітапханада жергілікті, отандық және шетелдік жазушылардың шығармалары қамтылған. Жарық әрі жайлы оқу залы кітапсүйер қауым үшін өте ыңғайлы, – дейді кітапхана директоры Г.Дәулетбаева.
Ашылу салтанатынан соң іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қонақтар кітапханадағы кітап қорымен танысты.

Мадина ТӘЖІБАЕВА,
Үшбұлақ ауылдық кітапханасының
кітапханашысы.