Омархан Алтынбекұлы Даутов

Жұма, 12 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 62 рет

207 Омархан

1962-жылы 24-сәуірде Қытай Халық Рес­публикасында дүниеге келген. 1962-жылы желтоқсан айында Қазақстан ­ Республика­сына өтіп, Оңтүстік Қазақстан ­облысы, Алтынтөбе елдімекенінде тұрған. 1969-жылы Алтынтөбе сегіз жылдық мектебінің табалдырығын аттап, 1979-жылы Чкалов атындағы орта мектепті тәмәмдаған. 1981-1983 жылдары әскери борышын өтеп келіп, Шымкент қорғасын зауытына жұмысшы болып орналасқан. Білімі аяқталмаған жоғары. Қазіргі таңда Шымкент қаласының тұрғыны. 2015-жылдан бастап «Өлең сөздің патшасы» ақындар шығармашылық бірлестігін басқарып келеді. 2015-жылы Халықаралық жазушылар Одағының мүшесі болып, 2020-жылы Әлем Халықтары жазушылар Одағының мүшесі болып қабылданған. 2019-жылы он томдық «Тұран дауысы» Орта Азия Халықтары ақын-жазушылар Одағының кітабына он өлеңі енген. 2019-жылы «Тұран бірлігі» медалімен марапатталған. 2020-жылы Абайдың 175 жылдығына орай Абай медалімен марапатталған.

Күзгі мұң

Кірбің түсті көңіліме бүгін де,
Дертін тапшы өміріме үңілде.
Күзгі нөсер жұбатқандай аймалап,
Дегендей-ақ, бұл әлемнен түңілме.

Байыбына бара алмадық біз ненің?
Сөгілгенін көргім келмей іргемнің.
Жапырақсыз қалған күзгі ағаштай,
Бұл күндері қалғандай құр сүлдерім.

Кінәм бар ма?

Қателестім қай жерден,
Сазгерлігім ақындықпен сай келген.
Бәлкім мені мойындауды жөн көрмес,
Өзгелерді аспандағы ай көрген.

Танысқан күз, шыға қоймас тіпті естен,
Сырласу мен іштегіні бүкпестен.
Қалай ғана кірбің түсті араға?
Біздер едік, қол алысып, серттескен.

Сол бір кездер өте шықты сағымдай,
Уақыт шіркін ештеңеге бағынбай.
Бұл күндері көңілімді мұң басты,
Жүрегімді емдейтін жан табылмай.

Сыртым күліп жүргеніммен ішім дерт,
Жан дүнием алай-дүлей жанған өрт.
Бәрі жалған болғаны ма? Сол күзгі,
Қайда кетті «Құран» ұстап берген серт.

Жеткізе алмай жүрмін мүмкін, сөзбенен,
Мақсатыңды түсінбедім көздеген.
Бәрінен де жанға қатты батқаны,
Мені төмен санағаның өзгеден.

Бәлкім олар биік шығар менен де,
Тағдырымның тартқан сыйын көрем де.
Қалай ғана өзгереді адамдар?!
Сенбеуші едім сезім соқыр дегенге.

Биік жандар бар шығар-ау серттен де,
Арамыздан күзгі ызғар өткен бе?
Сезімімді аяқ асты таптамай,
Көз жіберіп ойлан бір сәт өткенге.


Бақұл бол, досым
Арзайым!
"Өлді деуге бола ма? айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған".
Абай Құнанбаев.

Дос қазасы жаныма қатты батты,
Қайраңдады кемесі өмір атты.
Бірге оқыған жылдарым мектептегі,
Көз алдымнан кино боп өтіп жатты.

Адал еді-ау, ақ көңіл сенің жаның,
Досты ұмытып күйттедік тұрмыс қамын.
Кеткеннен соң іздейміз аһ ұрамыз,
Пенделікпен ұмытып өмір заңын.

Ауыр қаза төккендей күзге ызғарын,
Таусылыпты қайтеміз дәм-тұздарың.
Екеуіңе жұмақтан орын тисін,
Аман болсын арттағы ұл-қыздарың.

Көтерсек те сынақтың қандайын біз,
Тасқа қатты тигендей маңдайымыз.
Ауыр тиді қос қаза, достарыңа,
Сыныптасым, бақұл бол Арзайым қыз!

Ауыр болды тағдырдың көші бізге,
Жиналамыз деп едік осы күзде.
Амал нешік, сол күнге жете алмадық.
Жарқын бейнең сақталар есімізде.

Бұл сынаққа бекем бол Ғазиз балам,
Дарқан пейіл жан еді әзиз анаң.
Тіршілігін жасайды тірі адамдар,
Қайғы келсе, болмайды өмір тәмам.

Түскенменен бел буып, жарысқа мың,
Қарсы жүзер бұл күнде ағысқа кім?
Жатқан жерің пейіштің төрі болсын,
Құранымды сендерге бағыштадым.