ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТАРИХЫН ТАРАТАТЫН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕР

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 517 рет

1546595724 slayd1Негізгі бөлігі Келес өзенінің жоғарғы ағысын қамтитын Қазығұрт ауданын адам баласы ерте заманнан мекендеген. Тас ғасырының тұңғыш маманы Х.А.Алпысбаевтың 1973-жылы Қазығұрт ауданы жерінен ашқан Қияқты, Сусіңген, Жалғызарша, Жалпақсу секілді ашель-мүстье дәуірі аңшыларының тұрақтары осының куәсі. Өгем, Қосмола, Қазығұрт тауларында орналасқан ерте көшпелі тайпалардың қорғандары мен қорымдарының топтары бұл өңірді қола және ерте темір дәуірінде де халық тығыз мекендегендігін көрсетер еді. Өкінішке орай, ол ескерткіштер арнайы зерттелген емес.
Қытайдағы қазақ тарихшылары Хан империясы тұсындағы жазба деректердің қазақ тарихына қатысты жерлерін түпнұсқадан қазақ тіліне аударып, 2006-жылы «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» (б.з.д 177-б.з. 222 жылдары) деген атпенен кітап етіп шығарды. Кітапта қытай қоғамында өткен 26 әулеттің патшалық, хандық билік тарихы есептелетін қытайдың 5 мың жылдық (4018 бума) тарихы жазылған. Осы кітаптағы Хәннаманың 96 бумасындағы батыс өңірге арналған 66 баянында Хән империясының алғашқы патшасы У-дидің жіберген елшісі Жаң Чянның (б.з.д. 138 ж) батыс елдер жайлы жан-жақты есебі баяндалған. Сол баяндауда Қаңлы елі туралы мынадай мәліметтер келтірілген.
Қаңлы – Дад-уанның (Давань, қазіргі Ферғана) солтүстік-батысында шамамен 2 мың ли жерде. Тұрмыс-салты Ұлы нүкіс­терге (Юечжы) өте ұқсас Қаңлы (Қаңғы немесе Қаңгу) елінің ханы қыста Логатнұқта (Лоюени) тұрады да Бетен (Битянь) қаласына көшеді. Чаң-әннан (қытайдың сол кездегі астанасы, қазіргі Сиян шаһары маңында) 21300 ли шалғай. Басқақтықтың (қытай наместигі) бақылауында емес. Логатнұққа дейін салт аттыға жеті күндік жол. Чаң-әннан ханның жазғы қонысы Паннұт жеріне дейін 9104 ли. Қаңлыда 120 мың түтін, 600 мың жан, соғысқа жарамды 120 мың адам бар. Әдет-ғұрпы Ұлы нүкістермен (Юечжы) ұқсас. Қаңлыда бес кіші хан бар. Оның бірі – Сағай хан. Ордасы Сағай (Шаһрисабз өңірі) қаласында. Екіншісі Бомык хан (Қашания), Ордасы Бомық қаласы. Үшіншісі – Раунык хан (Ташкент ханы). Ордасы Раунық қаласында (Бынкентте). Төртіншісі Ге хан (Бұқар ханы). Ордасы Ге (Бұқара) қаласы. Бесіншісі – Оган хан (Үргеніш ханы), ордасы Оган (Үргеніш) қаласы. Осы бес кіші ханның бәрі Қаңлыға бағынған деп жазады.
Осы дерек бойынша Қазығұрт ауданының жері сол кезде Ташкент өңірін билеген Раунык ханның иелігіне кірген. Оны археологиялық мәліметтер де растайды. Аудан орталығынан оңтүстікке қарай 1 км жерде жатқан Қазығұрттөбе мекенжайында мен 1998-жылы жүргізген қазба жұмыстары барысында қаңлы дәуіріне жататын үй орындары ашылып, қыш ыдыстар табылды. Солардың бірнешеуі аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде көрмеде тұр. Келестің бойында Қазығұрттөбе секілді қаңлы дәуіріне жататын ескерткіштер жеткілікті. Егер, сол төбелерде археологиялық қазба жүргізілсе ауданның өткен тарихынан сыр шертетін қаншама мәліметтер алынар еді.
Қазығұрт өңірі Түркі дәуірінен бас­тап бүкіл Орта Азия тарихында әйгілі аймаққа айналады. Қосмола тауының батыс бөктерінен Сырдария өзеніне дейін созылған ұзын дуал болғаны жазба деректерден белгілі. Дуал Соғды елі мен сол кездегі Түрік әлемін бөліп тұрған. Х ғ. өмір сүрген араб саяхатшысы Ибн Хаукальдың мәліметтеріне сүйенген белгілі шығыстанушы академик В.В.Бартольд өзінің “Географический очерк Мавренехра» атты еңбегінде осы дуалды 776-жылы Хорасанды уақытша билеген Абдаллах б. Хумейд б. Кахтаба салдыруы мүмкін деген пікір айтады. Ғалым Сабалық немесе Сайлық тауынан Сырдарияға дейін созылған қорғаныс дуалының ізі Келестің сол жағалауында осы күнге дейін сақталғанын хабарлайды.
Ұлы Жібек жолы жайлы деректерде жиі кездесетін Темір қақпа осы қорғаныс қабырғасының бойында болған. Бүкіл түрік тұқымының бабасы Күлтегіннің құрметіне қойылған белгітастағы жазбада «Батыста – Інжу өзенін кеше Темір қақпаға дейін жауладым» деген сөздер бар. Деректе айтылатын Темір қақпа шамасы сол дуалдың бойында, осы күнгі Қақпақ ауылының оңтүстік тұсында болуы мүмкін. Өйткені, ондағы Інжу өзенін ғалымдар Сырдариямен теңестіріп жүр. Олай болса, Темір қақпа да сол маңда болуы тиіс. Орта ғасыр кезінде Шаштан Испиджабқа апаратын Жібек жолының негізгі тармағы осы қақпа арқылы өткен. ІХ-Х ғ. өмір сүрген Ибн Хордадбек, әл Якуби, Ибн Джафар, әл Макдиси, әл Истахри Ибн Хаукаль секілді араб тарихшылары мен саяхатшылары деректерінде Келестің бойында Газгирд, Анфаран, Кубал секілді қалалар мен мекендердің болғанын айтады. Тіпті, кейбір ғалымдар сонау Фердаусидің Шахнамесі мен Күлтегін жазбаларында айтылатын Тарбант, Қаңғу Тарбант, Тұрарбант атауларын Қазығұрттағы Тұрбатқа теліп жүр. Өзбекстандағы Шыршық қаласынан шығып, Қақпақ, Тұрбат, Алтынтөбе, Абай ауылдары арқылы Қазығұрт тауының шығыс бауырайымен Шымкентке асатын жол өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін негізгі бағыт болған. Сол бағытты жергілікті халық осы күнге дейін «Тұрбат жолы» деп атайды. Төркүлтөбе, Күлтөбе, Алтынтөбе, Сынтас, Тесік төбе секілді ортағасырлық қалалардың қираған орындары да осы жолдың бойында тізбектеліп орналасқан. Ұлы Жібек жолының Испиджаб пен Шашты жалғастырған бөлігі осы бағытта өткендігі анық. Олай болса, Араб деректеріндегі әлгі айтқан қалалардың орындары да осы бағытта. Бұл да өз зерттеуін күтіп жатқан мәселе.


М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің Жібек жолы филиалының студенттерін (2004-2005 жж.) археологиялық практикадан өткізу барысында қазылған қазіргі Қаржан ауылының маңындағы Күлтөбе қала жұртынан табылған археологиялық материалдар ол төбенің ХV-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген орташа көлемдегі қаланың орны екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, 1992-1994 жылдары Қазығұрт ауданында жүргізілген археологиялық барлау кезінде жиналған заттай деректер бұл күнде Қазығұрт кентіндегі тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Олар әртүрлі дәуірге жататын боялған және боялмаған ыдыстар. Олардың сапасы мен көркемдік ерекшелігі Қазығұртта болған қалалардың мәдени деңгейінің биік болғандығын сездіреді.
Археологиялық зерттеулер нәти­жесі Қазы­­­ғұрттағы бірқатар ірі қалалардың ХVІІІ ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығының салдарынан қираған­дығын көрсетеді. Тұрбаттағы Төрткүлтөбе, Жаумантөбе, Қаржандағы Алтынтөбе, Молтыптағы Тесіктөбе, Амангелдідегі Сынтас, Жаңабазардағы Жартытөбе секілді қала жұрттарының мәдени қыртыстарынан табылған матералдар ол ескерткіштерде тіршілік Х-ХVІІ ғ. аралығында болғанын білдіреді.
Қазақстан діни басқармасының бас мүфтиі болған Әбдісаттар Дербісәлінің «Қазақ даласының жұлдыздары» атты кітабында айтылатын Мұхаммед әл-Келесидің сол қалалардың бірінде туып өскені анық.
Енді ауданымыздың тарихы жайлы мәліметтерді бауырына басып жатқан жәдігерлердің осы күнгі жай-күйі жайлы қысқаша мәлімет келтірейін. Исмайыл ата, Аппақ-Ишан сәулет кешені, Ысқақ ата кесенелері тұрған киелі мекен Тұрбатта орта ғасырлық қаланың бірнеше орындары (Тұрбат, Төрткүлтөбе, Күлтөбе, Жаументөбе) сақталған. Солардың осы күнгі сақталу, қорғалу жағдайы жан жыларлық хәлде. Жоғарыда айтылған Жібек жолының бойында болған Тұрбат қала жұртының бір шетінен жергілікті тұрғындар трактормен топырақ алып, ойып тастағанын 2012-жылы барғанда көрдім. Ауыл әкімімен бірге барып, ескерткішпен көрші орналасқан үй иелеріне жолығып ескерткен болатынбыз. Өткен жылы жол түсіп тағы бардым. Енді сол қалашықтың орны жеке кәсіпкерлерге жер үлесі ретінде беріліпті. Ол ескерткіштің бетін тегістеп, ноқат егіп тастаған. Бұған не айтарсың. Аудандық мәдениет бөлімінің мамандары осындай құнды ескерткіштердің бар екендігінен бейхабар. Төрт бұрышты төбе түрінде сақталған қалашық астында үңгір болып қалған үй орындары бар екендігін Тұрбат мектебінің бұл күнде өмірден өтіп кеткен, тарих пәнінің мұғалімі тағы бірқатар қарттар білетін. Көздерінің тірісінде солар қызғыштай қорғап жүрді. Бұл күнде сол қала жұрты талқандалып жатыр. Басына тақташа қойып, ескерткіш мемлекет қорғауында деп жазып қоятын маман қайда.
Шарбұлақтағы Жуантөбе қала жұрты­ның тағдыры да дәл осындай (суретті қараңыз). Тұрбатқа баратын жолдың жағасында орналасқан Жуантөбенің бір шетін өзен суы жуып (шайып) кетсе, қалғанын жергілікті тұрғындар бұзып, қыш құйып, сатуда. Ауыл азаматы Кәрім Аппазов ақсақалға осы ескерткіш жайлы мәлімет жіберген болатынмын. Ол кісі мен берген мәлімет жайлы жергілікті мамандарға айтса, олар бұл жерде ондай ескерткіш жоқ деген жауап қайтарған.
Қазығұрт ауданында қайнаған тарихтың куәсі болатын қала, елдімекен орындары көп-ақ. Солардың көпшілігінің тағдыры осындай. Бұзылып жатқан, үстіне үй түсіп кеткен, бақшаға айналған, су шайған ескерткіштер жеткілікті. Осындай ескерткіштерді бұзылып кетуден қорғау, мүмкіндігі болса зерттеу жұмыстары аудан тарихын тереңдете, байыта түсетін тамаша нәтижелер берер еді.


Дөкей ТАЛЕЕВ,
археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы
археология институтының жетекші
ғылыми қызметкері.