ТӨРЛЕТ, ТӨРЛЕТ НАУРЫЗ!

Жұма, 18 Наурыз 2022 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 206 рет

1620045723 8-phonoteka org-p-nauriz-fon-8

22-Наурыз мейрамының шығу тарихын білесіз бе?
Наурыз мейрамын әлем халықтарының көпшілігі ертеден тойлап келеді. Кейбір деректерге сүйенсек, Наурыз мейрамы Орта Азия халықтары арасында бес мың жыл бойы аталып өтуде. Бұл мейрамды ежелгі гректер "патрих", тәжіктер "гүл гардон", "бәйшешек", хорезмдіктер "наусарджи", татарлар "нардуган", буряттар "сагаан сара", армяндар "навасарди", чуваштар "норис ояхе" деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям және тағы басқа ғұламалардың еңбектерінен Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге қатысты мағлұматтарды көп кездестіруге болады.
Мәселен, парсы тілдес халықтар наурыз мейрамын бірнеше күн тойлаған. Әр жерге от жағып, оған май құятын болған, жаңа өңген жеті дәнге қарап, болашақты болжаған. Наурыз жаңару, жаңғыру мерекесі болғандықтан, ескі-құсқы киімдерден арылып, ескірген шыны аяқты сындырған.
Наурыз қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес үкіметі бұл мерекені "діни мейрам" деп танып, 1926-жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салды. Көктемнің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Осылайша қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988-жылы қайта жаңғырды.
Қазақстанның батысында Наурыз мерекесі 14-наурыздан басталады және "Амал" немесе "Көрісу" деп аталады. Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасып амандасады. Жақсы тілектер айтып, жастар жағы үлкендерге сәлем бере барып, батасын алады. Көрісу мейрамы бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.
Наурыз мейрамын қалай ­тойлайды?
"Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді" деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Наурыз мейрамында бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып, татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, үйлерінің алдын, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.
Сонымен қатар, міндетті түрде Наурыз мейрамының дәстүрлі тағамы – Наурыз көже дайындалады. Наурыз көжеге ең кемі жеті түрлі дәм қосылады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді.

Гүлбахар ӨМІРЗАҚОВА,
Қазығұрт аудандық оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогы, «Шаттық» би үйірмесінің жетекшісі.