Рухани жаңғыру – тұрғындардың мүддесі

Дүйсенбі, 19 Маусым 2017 09:32 Жарияланды Қоғам Оқылды 1626 рет

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы рухани жаңғырудың басым бағыттарын анықтап, бүкіл қоғамға келелі міндеттер жүктеп отыр. Бұқаралық сананы қалай өзгерту жөніндегі көзқарастар күн тәртібіне шықты. Айналаға зер сала қарасақ, ысырапшылдық, аста-төк әрекеттер жоғары деңгейде орын алып отырғанын күнделікті байқап жүрміз. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде кейде ауыл-ауылды, тіптен, үй-үйді аралауымызға тура келеді. Сонда бірін-бірі қайталап, бірінен-бірі озу үрдістерінің басталып кеткенін байқайсыз. Бір отбасы үйінің айналасын шлакоблокпен қоршаса, айналасындағылар да солай етеді. Төбесін ақ түникемен жапса, көршілері де солай етеді. Жасыратын не бар, мұның бел ортасында өзіміз де бармыз. Нәтижесінде бәрі бір зауыттан шыққандай, кейде өз үйіңнен адасып кетесін. Мұндай қоршалану құдайы көршілердің бір-бірімен етене араласуына қиындық тудыруда. Бұрындары бір-бірінің үйіне емін-еркін кіріп кететін көршілер, енді биік дарбазаны соққылап, қоңырау соғып жүріп дидарласатын болды. Ойлап тұрсаң, осының не қажеті бар? Бұл да бір даңғазалықтың бейнесі сияқты. Ал, енді бір іс білетіндер, еуроремонтқа асықпай, алдымен шаруаның жағдайын қамдастырып, шағын кәсіпкерлікті дамытуға бет алған. Мәселен, қорасында малы, үй іргелік жерінде бау-бақшасы жайнап тұр. Өкінішке орай, биік-биік дуалдарды тұрғызуға бет бұрған айналайын көпшілік шағын кәсіпкерлікті дамытуға әсте асығатын емес.

Ә.ЖЫЛҚЫБАЕВ
Міне, көрдіңіз бе, Елбасымыз көтеріп отырған бұқаралық сананы өзгерту керектігі өзінен-өзі туындап отыр. Той өткізу жарысын қозғасам әркімнің де жүрегінде қыжыл қайнайтыны даусыз. Тірнектеп-тістектеп жинаған қаржысын ешкімнен қалыспайын деп бір тойға жұмсап, соңы екі саусағын мұрнына тығып қалғандар бар. Әліне қарап шаппағанға не ақыл айта аласың? Үнемдеп, бірді екі қылып, белгілі бір кәсіпті нәсіп етудің қажеттілігін түсінбей, «ойбай мынау бір азамат болыпты!» деген мақтау есіту үшін, барын шашып, соңында түрлі несие беретіндерден қашып жүрген ауылдастарымыз бар.
Көңіл көтеретін той-думан ары кетсе бір күндік, ал кәсіпке бет бұру – мәңгілік несібе. Ауылдан бір-екі шаруасы шалқыған «бизнесмен» шықса онымен жарысудың қажеті жоқ, керісінше теңесуге ұмтылған дұрыс.
Дәл қазіргі таңда ауыл адамдарының алдында кооперацияларға бірігу мәселесі тұр. Мұның пайдасы айқын. Бәрібір сол «баяғы Кеңестік дәуірде колхоздастыру басталғанда бар малыңды ортаға қоятындай» жатырқап жүргендер кездесуде. Дәуір үнін түсінетін кез жетті. Елбасымыздың «рухани жаңғыру» саясаты ауыл өмірін, мәдениетін жақсартуға бағытталған. Бос мақтан мен ысырапшылдықтан, гөй-гөй сөзден қашып, мәнді іске көшетін уақыт жетті.
Елдің аманатын арқалағанның бірі болғандықтан, барша тұрғындарды рухани жаңғыруға шақырамын.

Әбілахан ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Шарбұлақ ауыл округі,
аудандық мәслихаттың депутаты.