ЖЕҢІС ҚҰТТЫ БОЛСЫН, МӨЛДІР!

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 78 рет

Бәрекелді!

 

Жуырда Шолаққорғанда Созақ ауданының құрылғанына – 90 жыл толу құрметі мен аудандық кітапханасының 75 жылдық мерейтойларына арналып облыс кітапханашылары арасында «Шын жүректен! Кітапхана мерейіне әріптес ілтипаты» атты байқау өткізілді.

Байқаудың мақсаты, сол өлкенің мерейін ұлықтау, аудандық кітапхананың мерейлі межесін өз дәрежесінде атап өту, кітапхана ісінің және кітапханашылардың қоғамдағы беделін көтеруге ықпал ету, Оңтүстік кітапханаларының өзара мәдени байланысын нығайту, рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстарды дамыту еді.

Байқауға Түркістан облысы бойынша барлық аудандар мен қалалардан 14 кітапханашы қатысып, өзара бақ сынасты. Байқауда үміткерлер «Туған күніңмен, кітапхана!» шарты бойынша 3 минутта өзін таныстырып, кітапхана мерейтойына құттықтау жолдау керек болатын. Ал, 2-ші шарт бойынша Созақтан шыққан қаламгерлер Т.Әлімқұловтың 100 жылдығына, Б.Батырбекованың 90 жылдығына, А.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай шығармаларынан 3-5 минуттық үзінділер орындау керек-тін. 3-шарт «Өнерлі болу міндетім» өнер сәті бойынша 3 минут өнер көрсетуден сынға түсті.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, – демекші, осы байқауда біздің ауданымыздан Қ.Өмірәлиев атындағы орталық кітапхананың ең жас әрі талантты кітапханашысы Мөлдір Айтубаева қатысып, өзінің жан-жақты шеберлігін көрсетіп, жүлделі І-орынды жеңіп алып қайтты. Жерлесімізді жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз!

Н.НИЯЗБЕКОВ.