Баратбай атаның бақыты

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 74 рет

«Қазығұртқа – 90 жыл»

Баратбай ата394

Желтоқсан айының қақаған суығанда Қайнартамшы ауылында Әкіш қарияның отбасына шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Атын азан шақырып, Баратбай деп қойды. Бұл – 1925-жылдың желтоқсан айының 5-ші жұлдызы еді.

«Жас өспей ме, көкейіңді теспейме», – демекші Баратбай да ауыл балалары секілді мал бақты, ойын ойнады. Томаға тұйық емес, мінезі ашық, мейірімді болып өсті.

Баратбай қарияның балалық шағы елді колхоздастыру кезеңімен тұспа-тұс келді. Ауыл мектебінен білім алып, сауатын ашқанымен ары қарай білімін жалғастырмай, жаңадан құрылған «Бірлік» колхозына колхозшы болып жұмысқа кірісті. Колхоздың әртүрлі жұмысына бойы үйреніп қалған кезде бұрқ етіп Ұлы Отан соғысы басталды да кетті. Ол кезде жасы небәрі 16-да еді. Алып ұшқан көңілі ауыл жастарымен бірге Отан қорғауға аттанып-ақ кеткісі келген, бірақ, жастығы кедергі болды. Оның үстіне ол кезде ауылда еңбек ету үшін жастар мен қарттарға арнайы бронь қарастырылған. Сол бронь Баратбайға да бұйырып, майданға аттанамын деген ойынан мүлдем күдерін үзіп тастады.

Соғыс салған ауыртпалық енді ғана ұйымдасып, қаз-қаз басып алға жылжып келе жатқан колхоздардың дамуын бірден тежеді. Өйткені, істің көзін білетін азаматтардың дені майданға кеткен. Ауылда енді ғана есейіп келе жатқан балалар мен кәрі-құртаң қарттар ғана қалды. Таңның атысы мен күннің батысы тыным жоқ. «Бәрі де майдан үшін», «Бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен ауыл өздері өндірген азын-аулақ өнімдерін майданға жөнелтумен болды.

Ара – тұра майданнан «қаралы хабар» келіп, ауыл адамдары күңіреніп, қан жұтып, қайғырған күндерде орын алып жатты.

Әскери комиссариаттың арнайы тапсырмасы бойынша ауылда майданға жіберілмей броньмен қалып қойған Баратбайды темір жол бойында теміржолшы етіп жұмысқа тартты. Онда Баратбай 1943-жылдан 1945-жылдың соңына дейін істеп, соғыс жеңіспен аяқталғаннан соң туған ауылы Карл Маркс атындағы колхозға колхозшы болып еңбек жолын жалғастырады.

Алғаш колхозда есепші, бригадир, тіпті, қой баққан кезі де болды. Ол кезде жұмыс күші тапшы. Колхозда жұмыс көп. Баратбай жұмыс таңдаған жоқ. Барлық жұмысқа араласты. Сөйтіп жүргенде, Шеңгелді ауылының қызы Ұлту деген бойжеткенмен танысып, отбасын құрды. Бұл – 1953-жылдың жазы болатын.

Баратбай ата колхоздың барлық саласына араласты. Өз ісіне нық, өтірік-өсекке жоқ атаны ауылдастары да, колхоз ұжымы да қадірлеп, құрмет тұтады. Зейнет жасына келгенде арнайы марапатпен құрметтеп шығарып салды. Зейнеткерлікке шықса да ол жастар тәрбиесіне, ауылдың ынтымағы мен бірлігіне қызмет етуден жалыққан емес. Қашан көрсеңіз, жастар ортасында өнегелі ісі, парасатты ақыл-кеңесін айтып отырғаны.

Қазіргі таңда Шарапхана ауылында жасы 93-ке келген бірден-бір ардақты да қадірлі қариялардың бірі. Кезінде Ұлту анамен көңіл қосып, одан 8 ұл мен қызды дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеп, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлкен әулеттің бәйтерегі. 23 немере мен 32 шөберенің атасы.

Ауылдық ардагерлер алқасының мүшесі. Баратбай ата өзін жақсы сезінеді. Өйткені, ата-ана бақыты өз ұрпағының жақсы, тәрбиелі өсуінде. Солай екен, Баратбай атаның балалары Серік пен Уәлихан жеке кәсіпкер болса, ұлы Шоқан ішкі істер органдарының полковнигі, қыздары Зина, Бибізайра ұстаздықтан зейнеткерлікке шыққан. Ата-аналарына мейірімді, әрі қайырымды өскен орталарында абыройлы, сыйлы.

Баратбай атамен кездесіп, биыл ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толып отырғандығын айтқанымда:

                       Апырмай-ай, 90 жыл болып қалды ма?! Өтіп жатқан уақыт. Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Не ішемін, не жеймін, не істеймін демейсіңдер...

Ал, біздің жастық шағымыз өте қиын жағдайда өтті ғой. Не көрмедік, не жемедік. Әйтеуір, тірі қалдық. Ұрпақ қалдырдық, бұған да шүкір.

Құдайға шүкір, ауданымыз жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Ауылдарға ауыз су, табиғи газ келіп, елдің тұрмысы оңалып келеді. Осындай жағдайға жеткізген Елбасымызға, аудан басшыларына рахмет. Өздеріңде аман болыңдар. Елге қызмет ете беріңдер, – деп 93 жастағы Баратбай ата қолын жайып батасын берді.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ,

Шарапхана ауылы.