ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚАСИЕТТІ НЫСАНДАР

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 84 рет

Рухани жаңғыру

 

14285624

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия республикалық және өңірлік деңгейлерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жүріп жатқан жұмыс нәтижелерін үнемі қадағалап, талқылап отырады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың негізгі қорытындыларына назар аударсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қазақ тілі жазуының латын графикасына негізделген әліпбиі бекітілді. ҚР Үкіметінің жанында қазақ тілі жазуын латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде «Ұлттық аударма бюросы» коммерциялық емес қор құрылып, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық білім саласындағы әлемнің 17 үздік оқулығы мемлекеттік тілге аударылды және цифрландырылды. «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» мен «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптары жарық көрді және басқа да ауқымды жұмыстар қолға алынды.

Қазіргі Түркістан облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандарға 24 ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтары, діни және ғибадат орындары, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар енгізілсе, Қазығұрт ауданынан қос қасиетті нысан кірді. Оның біріншісі – ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері қатарында Қазығұрт тауы кешені, екіншісі – діни және ғибадат орындарынан Ысмайыл ата сәулет кешені.

Талас Алатауының бір сілемі Қазығұрттың биіктігі – 1800 метр, жалпы ұзындығы – 20, ені – 10 шақырымдай. Топонимнің шығу тегі туралы әрқилы болжамдар бар, мысалы, «Қазық жұрт», ал «құрт» көне түрік тілінде «қасқыр, бөрі» деген сөз, ал «қас» нағыз деген мағына береді.

«Киелі тау», «жержүзілік топан су», «Нұх пайғамбардың кемесі» жөнінде әлемдік мифологияда көптеген діни аңыз-әпсана бар. Олар негізінен иудейлік, христиандық, исламдық түпнұсқалардан тараған. Исламдық параллель негізіндегі «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген қазақы мифологиялық нұсқаның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл аңыз әрбір қазақ баласының жадында терең орнығып қалған және қазақ халқының ежелгі санасы әлемдік өркениеттен тыс қалмағанын айғақтайды. Бұл өлке тұнып тұрған тарихқа толы.

Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылында ортағасырлық ірі архитектуралық кешенді ескерткіштер сақталған. Соның бірі әрі ең ірісі – «Ысмайыл ата» архитектуралық сәулет кешені. Бұл кешен Ысмайыл ата кесенесі, Жебірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі секілді бірнеше кесенелерден және орта ғасырлық мешіттен, сопы дәруіштердің шілдеханасынан, қақпадан тұрады. Архитектуралық кешеннің басты өзегі – Ысмайыл ата кесенесі.

Кесене ХІІ ғасырдың соңында дүниеге келіп, ХІV ғасырдың басында өмірден өткен, 120 жыл ғұмыр кешкен исламдық сопылық ағымының көрнекті өкілі, шейх – Ысмайыл атаға арнап салынған. Кесененің алғашқы салынған мерзімі XIV ғасырға жатады. ХІV-ХV ғасырлардағы Тимуридтер династиясының заманында кесене қайта тұрғызылып, архитектуралық кешенге айналған.

Ысмайыл ата ХІІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген сопылық исламды насихаттаған әулие кісі болған екен. Ол әулие кісі туралы жергілікті тұрғындар арасында аңыз-әңгімелер көп.

Нағима ЕРАЛИЕВА,

Қ.Әбдалиев атындағы жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.