ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ ҮЛКЕН ЖҮК АРТАДЫ

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 66 рет

Жолдауға қолдау

Елбасымыз ағымдағы жылдың 5-қазанында Қазақстан халқына кезекті дәстүрлі Жолдауын арнады. Осы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдаудан ертеңгі елдің тірегі – бүгінгі жастарға Елбасының тағы да үлкен сенім артқандығын көріп отырмыз. Келешегіміздің келбетті, бола­ша­ғымыздың баянды болуы бү­гінгі жастарға тікелей байланыс­ты. Елдің қуаты мен қозғаушы күші – осы жастар деп біздерге, ерекше сенім арта оты­рып, келесі «2019-жылды – жастар жылы» деп атауға ұсыныс тастап отыр. Бұл ұсынысты жастар қуана қарсы алып, жалынды жұмыстар атқаруға, білекті сыбана қызмет жасауға шын ниетпен талаптануда.

Үлкен сенім жүгін арту жүрегі елім деп соққан әрбір жас қазақстандыққа қанат бітіретіндігі сөзсіз. Мұны Елбасының жастарға деген риясыз қамқорлығы деп білеміз.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жол­дауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты болуы, кез келген мемлекеттік ма­ңызы бар стратегиялар мен бағдарламаларда және сөздерінде әркез өскелең ұрпақты тілге тиек етуі – соның айқын дәлелі. Жастардың жағдайын жа­сауға баса назар аударып, олардың сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, саламатты болып өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Елбасымыз жастарға қарата айтқан бір сөзінде: «Жастың қуаты – білімі мен білегінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Татулықты – тұрақтылықтың және тұрақтылықты – дамудың тұғыры еттік.  Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді  тұмардай сақтай білсек еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Ол үшін әрқайсың өздеріңе жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне білулерің керек», – деген еді.

Мақсат – айқын, міндет – біреу: білімнің алтын қазығын игеріп, ел еңсесін еселеу жолында аянбай еңбек ету. Олай болса, Елбасының сындарлы да салиқалы саясатын қолдай отырып, ел игілігі үшін бар біліміміз бен күш-жігерімізді арнаймыз.

ҚР Білім және ғылым министр­лігінің жанында Елбасының тікелей тапсырмасымен Жастар сая­саты жөніндегі Комитеттің, жергілікті жерлерде басқармалардың құрылуы, Жастар саясаты туралы мемлекеттік заңға өзгерістер мен толықтырулардың енгізі­летіндігі, 2020-жылға дейінгі арнайы Тұжырымдаманың қабыл­данатындығы – көп көңіліне медеу.

Келесі жылдың жастар жылы деп атануы біздің мойнымызға жауапкершілігі мол үлкен жүк артады. Елбасы Жолдауында міндеттеген тапсырмаларды бірігіпатқаруға шақырамын.

Перизат ЫРСАЛЫ,

«Жастар ресурстық орталығының» директоры.