Ауданның қайта оралуы

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 74 рет

«Қазығұртқа – 90 жыл»

 

Ауданның 1962-жылдан Ленгір ауданына қосылуына байланысты Ленин атындағы колхоз Шарбұлақтан аудан орталығындағы тұтынушылар Одағының ғимаратын сатып алып, сонда көшіп келген болатын. Шаруашылық басшысы Науша Мұратов, бас бухгалтер Әбдірахым Фахруддинов еді. Кеңсе есепшілер жұмыс істейтін орталықтағы үлкен мекеме болғандықтан келушілер көп еді. Шарбұлақ, Ақбастау, Ащыбұлақ, Молбұлақ, Кезеңбұлақ елдімекенінде 10 мыңнан астам халық тұратын.

Ауданның көшуіне байланысты барлық мекемелерде орын ауыстырды.

Жаңа ауданға облыс орталығынан өтіп барып қайту оңайға соқпайтын. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәлім Бегімбетовтің өткізетін жиындары кешке қарай басталатын. Түннің бір мезгіліне дейін өтетін жиын арасында 20 минутқа үзіліс беріліп, буфеттен кофе, шай ішіп, жүрек жалғап, жиынға қайта кіретінбіз. Түнделетіп қайтудың қиындығын айтсаңызшы!

Қарапайым халықтың барып-келуі, жұмысы бітпесе, 2-3 күндеп қалуы оңай емес-ті. Елдегі қариялар ойласып, осы мәселені Алматыға барып, Д.Қонаевқа жолығып, ауданды қайтару жайлы өтініш жасауға келісілді.

Баратын кісілер Абдулла Бахрамов, Досалы Мамбеталиев деп ұйғарылды. Олар Д.Қонаевтың қабылдауында болып, барлық қиындықты жеткізеді. Ол кісі мәселені ойласып шешеміз деген. 1967-жылдың күз айында Министрлер кабинетінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаев кештетіп келді. Кеңсеге кіріп, бәрімізбен сәлемдесіп, әңгімелесіп: «Сіздердің ауданды қайтару жайлы өтініштеріңіз қаралуда, жуық арада шешіліп қалар», – деп, Жетісай ауданына жүріп кетті.

Содан көп ұзамай қазан айының бас кезінде колхоз бастығына обкомнан телефон шалынады. «Бізге қарай Димекең келе жатыр, 10-15 минутта барып қалады», – депті.

Кеңседегі есеп қызметкерлерінен бастап, шаруашылық басшысы, бәріміз жол бойына шықтық. Айтылған мерзімде Димекең де машинасымен келіп тоқтады. Ол кезде мұндай асфальт жол қайда?! Кәдімгі тас жол. Көліктен түсіп, бәрімізбен қол беріп амандасып, жағдайымызды сұрады. «Жетісайға асығыс бара жатыр едім. Сіздерге, әдейі тоқтап қуанышты хабарды айтайын дедім, кеше ауданды бөлу жайлы қаулыға қол қойдым, қуаныштарыңыз құтты болсын!» – деп құттықтады. Бәріміз рахметімізді айттық. Өткенде барған екі ақсақалды алдыруды айтты. Абекең мен Досекең келіп, Димекеңмен сәлемдесіп, қуанышты хабарды есітіп, баталарын берді.

Ол кісі бізбен қайырласып, көлігіне отырып жүріп кетті. Міне, не деген қарапайымдылық десеңізші! Алдын ала бара жатырмын деп хабарлатпай, 10-15 минуттан алдын айтқызу, тек көлік жүргізушісімен екеуі ғана, я жанында қорғаушылары жоқ, жеке келгені бәрімізді таң қалдырды.

Көп кешікпей аудан көшіп келді. Біз кеңсені аудандық партия комитетіне босатып бердік. Бірінші хатшы болып Қ.Манасов сайланды. Кейін жаңадан аудандық партия комитеті мен атқару комитетіне арнайы ғимарат салынды. «ПМКА-12» басшысы Будаевтың басшылығымен ғимарат сапалы салынды.

Ал, біздің кеңсеміз аудандық жұмыспен қамтамасыз ету мекемесіне берілді.

Біздер қайтадан Шарбұлаққа көштік. Өзім орталыққа келген сайын, байырғы кеңсеге соғып, кабинеттерді көрген сайын, қызметтес болған кісілер көз алдыма елестейді.

Жуырда өткен ауданның 90-жылдық мерекесінде айтудың реті келмеді. Бүгінде Димекең мен Абекең, Досекең, Нәкең бухгалтер Әбекең және сол кезде кездесуде болған кісілердің барлығы дерлік дүниеден өтіп кетті. Осынау жаны жайсаң азаматтардың еңбегі мен ұлт жандылығын, азаматтығын, адалдығын, ел үшін қызмет етіп, көптің ықыласына бөленгендігін айтпай кетуге болмас. Жоғарыда айтылған жайдың куәгері болғандықтан, осы мақаланы жазу менің борышым деп есептедім.

Лесбек РЫСЫНОВ,

Шарбұлақ ауыл округі ардагерлер ұйымының төрағасы,

ауданның Құрметті азаматы.