Кәмелетке толмағандармен жұмыс – өзекті

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 73 рет

 

Өткен сәрсенбіде аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында аудан прокуратурасының бастамасымен мекемеаралық кеңейтілген жиналыс болып өтті.

Оған аудан прокуратурасы мен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, ауыл округі әкімдері, білім беру мекемелерінің басшылары мен орынбасарлары қатысты.

Мекемеаралық жиналыстың күн тәртібіне екі мәселе ұсынылды. «Қазығұрт ауданы аумағында 2018-жылдың өткен мерзімінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық жағдайы, оларға қарсы жасалған қылмыстардың алдын-алу, өз-өзіне қол жұмсау мен уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының профилактикалық іс-шараларының тиімділігін талқылау» жөнінде аудан прокуратурасының аға прокуроры Ж.Дауылбаев баяндама жасады.

Баяндама бойынша аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Ә.Егізекова, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің директоры Бұхарбай Тағайұлы, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Е.Есімханұлы кәмелетке толмаған жастармен жұмыс жүргізу жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Екінші мәселе «Қазығұрт ауданы аумағындағы ұлтаралық жағдайды және ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жергілікті атқару және құқық қорғау органдары жұмыстарының тиімділігін талқылау» туралы аудан прокурорының орынбасары Е.Алтаев баяндама жасады.

Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Т.Қалымбетов атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді.

Мекемеаралық жиналысты жүргізіп, онда қорытынды сөз алған аудан прокуроры Б.Қорғанбаев күн тәртібіне ұсынылып отырған екі мәселеде бүгінгі таңда өзекті екендігін, оған барынша ыждағаттылықпен үлкен жауапкершілікпен қарау керектігіне тоқтала келіп, барлық бөлім басшыларымен, ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Мекемеаралық жиналысқа аудан әкімі Т.Телғараев пен аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев қатысып отырды.

(Өз тілшімізден)