Түркістанда «TÚRKІSTAN MEDIA» халықаралық орталығы ашылды

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 77 рет

облыс 20181031150048

Салтанатты шараға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикалары ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтардың жұмысына сәттілік тілеп, бұл қадам Түркістанның Түркі әлемінің рухани әрі ақпараттық орталығына айналуына серпін беретінін жеткізді, – деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Медиа орталықта брифинг және шағын кеңестер өткізетін орындар бар. Жұмыс істеуге қажетті жаңа жиһаздармен, компьютерлермен және ғаламтор желісімен толықтай қамтылған. Мұнда Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейді. 70 адамға лайықталған залы бар. Медиа орталық арқылы түрік, әзірбайжан, орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде ақпарат таратылады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түркістан облысы туралы ақпараттарды ағылшын тілінде де тарату көзделіп отыр. Қасиетті қалаға келген отандық және шетелдік журналистер ақпарат таратуда орталықтың қызметін ақысыз пайдалана алады. Осы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының туристік әлеуеті жоғарылап, инвестициялық тартымдылығы артады деген сенім бар.

Ал, «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубында түрлі тақырыптарда басқосулар, дөңгелек үстелдер мен ел руханиятына оң ықпал ететін жиындар өткізіліп тұрады. Еліміздің интеллектуалды тұлғалары клубтың отырысына арнайы шақыртылып, түрлі ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салады. Бұл кездесулер телеарналар мен әлеуметтік желілерде арнайы бағдарлама ретінде көрсетіледі.

Қазақстандық және шетелдік БАҚ басшылары медиа орталықтың тұсауын кесіп, игі бастамаға сәттілік тіледі. Осындағы жас журналистермен және студенттермен кездесіп, пікір алмасты. Сондай-ақ «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубының бірінші отырысы өтіп, алғашқы спикерлер ретінде облыс әкімі Ж. Түймебаев пен танымал публицистер Түркістанның дамуы жөніндегі ойларын ортаға салды.