Алаштың Алатаудай алып бәйтерегі

Жұма, 23 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 56 рет

Акция

 

Елімізде әдеби туындыларымызды кеңінен насихаттап, қоғамда кітап оқу ісін ілгерілету, дамыту мақсатында 2007-жылдан бері ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп келеді. Биыл аталмыш шара барысында тұңғыш рет үш бірдей кітап таңдап алынды. Олар: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» туындылары.

Акция аясында аудандықҚ.Өмірәлиев атындағы орталық кітапханада Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік–Кебек» дастаны бойынша «Алаштың Алатаудай алып бәйтерегі» тақырыбында оқырман конференциясы өтті.

Конференцияның мақсаты – қазақ әдебиетін дәріптеу, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды ұлттық әдеби-көркем кітаптарды оқуға шақыру. Іс-шараға «Болашақ» мектеп-гимназиясының Т.Рысқұлов, Қ.Сәтпаев мектеп-лицейінің оқушылары мен ұстаздар қауымы және кітап сүйер оқырмандар қатысты.

Басқосуда – кітапханашылар «Бір ел – бір кітап» акциясы жайлы және ағымдағы жылы таңдап алынған шығармаларға шолу жасады. Сондай-ақ, үш бәйтеректің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ халқының рухани мәдениеті тарихында алатын орнына, өзге де шығармаларына тоқталып, “Еңлік–Кебек”поэмасы бойынша конференция қатысушыларына талқылауға сұрақтар қойылды.

Жиында жас оқырмандар Абайдың тікелей тапсыруымен жазылған «Еңлік-Кебек» дастанының құндылығы мен ұрпақ тәрбиесіне берерлік тәлім-тәрбиесі, ру арасындағы қарым-қатынас, дау-дамай, қазақы салт-дәстүрлердің көрінісі, сол кездегі қазақ ауылының бастан кешкен тарихи-әлеуметтік жағдайы туралы ойларын білдіріп, өзара пікір алмасты. Дастандағы Еңлік пен Кебектің бейнесін ашып, кейіпкерлердің әрекетін ортаға салды. Пікірталас арқылы балалар шығарманың жағымды жағымен қоса, жағымсыз жақтарын да айта алды.

Оқырмандар конференциясын орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Райымбек Айтубай қорытындылап:

– Бүгінгі әдеби кеш біз ойлағаннан да жоғары дәрежеде болды. Балалардың тыңғылықты дайындалғандарын, кітап оқуға, білімге деген құштарлықтарын көріп, риза болып отырмын. Рухани байлықтың көзі болып табылатын кітапхана орталығына келіп, білім нәрімен сусындаймын деген жандарға біздің кітапхана есігі әрдайым ашық, – деп оқырмандарға жылы лебізін білдірді. Қызықты да тартысты өткен шарада белсендік танытып, ой айтқан оқушыларға кітаптар сыйға берілді.

Майра БАЗАРБАЙ.