Кәсіптік білім беру – заман талабы

Жұма, 23 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 58 рет

Білім ордасына – 60 жыл

     Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында кәсіптік білім беру мәселесіне барынша басымдық беру қажеттігіне айрықша назар аударды. Жастардың білімін жетілдіру үшін қажетті жағдай жасау туралы «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануы тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдаймен қамтамасыз етуіміз керек», – деген болатын. Біздің басты мақсат – 2050-жылы мықты мемлекет, дамыған экономика және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін нақты мақсаттар жүктеді. Алдымен жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру қажеттігін басты міндет ретінде белгіледі.

     Бүгінде білікті мамандарды даярлауда үлес қосып келе жатқан №11 колледжге 60 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам тарихы бар, әр шәкірттерінің жүрегінде өшпестей із қалдырған оқу орнының қазіргі таңда мақтанарлықтай жетістіктері көп.

     Қазығұрт ауданында орналасқан «№11 колледж» 1958-жылы қараша айында Тұрбат елдімекеніндегі МТС базасында «Ауыл шаруашылығын механизациялау» училищесі болып ашылды.

     1959-жылы қаңтар айының 19-шы жұлдызында №1 бұйрықпен «Кең көлемді тракторист-машинист» мамандығы бойынша 87 оқушы оқуға қабылданды.

     1979-жылы оқу орны Қазығұрт ауданының орталығына көшірілді. Бүгінгі күнге дейін білім ордасынан 25 мыңнан аса студент түрлі мамандықтар алып шықты. Осы оқу орнын аяқтаған жастар ауыл шаруашылық саласында, құрылыс және өндіріс орындарында белсенді еңбек етіп, еліміздің қарыштап дамуына өз үлестерін қосуда.

   Солардың бірі Социалистік еңбек ері Төле Ағабеков те Тұрбат ауылындағы СПТУ-94 училищесінде механизатор-комбайнер мамандығы бойынша білім алған. Ол Ә.Науайы атындағы колхозда механизатор жұмысында жүріп, еңбек өнімділігін арттырып, 1 рет КСРО Жоғары Кеңесіне, 2 рет Қазақ КССР Жоғары Кеңесіне, халық депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық және аудандық Кеңесіне бірнеше рет депутат болып сайланды. Ерен еңбегі ескеріліп, 1972-жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1976-жылы «Ленин» орденімен, 1981-жылы – Социалистік Еңбек Ері, «Алтын Жұлдыз» медалі мен екінші рет «Ленин» ордені иегері атанды.

   Ал, «Еңбек қызыл Ту» ордені және Жоғары Кеңестің Құрмет Грамотасымен марапатталған Тағай Қалменов 1976-жылы «Құрмет» ордені, «ІХ, ХІ бесжылдықтың екпінді» медалдарымен марапатталған Қонысбай Намазбай және т.б. азаматтар бар.

60 жылдық тарихы бар қара шаңырақты басқарған басшыларға тоқталар болсақ, алғашқы директоры Бердібек Тәшімбетов осы оқу орнының облыстағы алдыңғы қатарлы мекемеге айналуына ықпал етті. Колледждің 60 жылдық ғұмырында білім саласында қажырлы еңбек етіп, өздерінен кейін елеулі із қалдырған Дүйсенбек Үмбеталиев, Керімбек Жиенбаев, Ешім Жарқынбеков, Орал Мұсақұлов, Кеңес Төреқұлов сынды елге сыйлы ағаларымыз басшылық қызмет атқарды.

Осы колледжде еңбек еткен, қазіргі уақытта ортамыздан бақилық болған Абдрахым Шауполатов, Базарбай Ережепов, Тұтқышбай Әшірбаев сынды ұстаздарымыздың колледж тарихында өзіндік қолтаңбалары бар. Алдыңғы буын ағаларды әрдайым үлкен құрметпен еске алып отырамыз.

Білім ордасы осы күнге дейін атауын қанша рет ауыстырды. 1965-жылы СПТУ №94 (селолық кәсіптік-техникалық училище), 1984-жылы қыркүйектен №30 КТУ (кәсіптік техникалық училище), 1992-жылы №30 ЖКУЛ (жоғары кәсіптік училище - лицей), 1996-жылы қыркүйектен №11 КТМ (кәсіптік техникалық мектеп), 2002-жылы тамыз айының 26-шы жұлдызынан №11 кәсіптік мектеп, 2008-жылы қаңтар айының 21 жұлдызынан «№11 кәсіптік-лицей» МКҚК-ны болып өзгерді, 2013-жылдың қаңтар айынан бастап «№11 колледж» МКҚК-ны болып қайта өзгерді.

Бүгінде біздің колледжде мына мамандықтар бойынша мамандар даярлайды:

Фермер шаруашылығы, дәнекерлеу ісі, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу   және пайдалану, тамақтануды ұйымдастыру, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді», – деп айтылған болатын. Міне, сондықтан да, біз колледж студенттеріне өздері білім нәрімен сусындап жатқан оқу орнының 60 жылдық мерейтойын атап өтуді жөн көріп отырмыз. Шежірелі мекемеміздің 60-тың асқарына шығуы – ұжымымыз үшін ерекше оқиға. Мерейлі мерекеге ежелгі үрдісіміз бойынша, өткен кезеңдерді саралап, есеп беріп, колледжде атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып отырмыз.

   Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» қағидасын берік ұстанатын ұстаздар жыл сайын тәрбие тақырыбына арнап, түрлі іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырды.          

   Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Рухани жаңғыру: Жастардың рухани келбетіне дәстүрлі дініміздің ықпалы» тақырыбында студенттер арасында бас қосу, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне «Менің Тұңғыш Президентім» тақырыбында концерттік бағдарлама, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша спорттың 6 түрінен өткізілген облыстық мұғалімдер спартакиадасында колледж құрамасы қатысып, волейболдан жүлделі ІІІ орынды иеленді.

   Шымкент қаласында өткен облыстағы колледждер арасында «Тұғыры биік – Тәуелсіздік!» атты кең көлемді іс-шарасында жеңімпаз атанған үздік топ «Саптық шеру» бойынша – ІІ дәрежелі, және «Флешмоб» бойынша – ІІІ дәрежелі дипломмен №11 колледж командасы марапатталды. Осы облыстық жарыста жалпы командалық есепте ІІІ орын иегері атандық.

Шымкент қаласында өткен облыстық колледж студенттері арасында ұлттық ойын бес тас және асық атудан І орын иеленіп, жалпы командалық есепте І орыннан көріндік.

Жуырда өткен «Туған жерге – тағзым!» атты облыстық өнер фестивалінің қорытындысы бойынша №11 колледж бас жүлдені жеңіп алды.

Кәсіптік білім беруде өз ісінің шебер мамандары қызмет етуде. Колледжде жоғары квалификациялы кадрлар жұмыс істейді: 17 жоғары, 13 бірінші, 26 екінші санатты білімді де, білікті ұстаздар дәріс беруде.

Президентіміз Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді. Олардың тәжірибесін бүкілқазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет», – деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының осы бағыттағы идея-бастамаларын негізге ала отырып, Үкімет «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Маңызы зор бұл бағдарламаның басты мақсаты – жастарға қолдау көрсету.

   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсетті. Сондықтан, колледж ұстаздары студент-жастардың сапалы білім алуына жауапты. Бүгінгі студент – ертеңгі маман еліміздің дамуына үлес қосатынын ұмытпағаны абзал.

                                                            Ержігіт САСБҰҚА,

                                       №11 колледж директоры.