ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ӨРКЕНИЕТКЕ ЖАҚЫНДАТАДЫ

Жұма, 23 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 55 рет

Семинар

 

Қазығұрт ауданына «Латын негізді әліпби мен емле ережесі туралы насихат» жобасы бойынша ғалымдардан құралған ақпараттық-насихаттық топ келіп, орталық мәдениет сарайында семинар өткізді. Бұл ауқымды іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. Семинарға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, орталықтың бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы, Назарбаев университетінің ассистент профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекқызы, Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, білім саласының қызметкерлері мен тіл жанашырлары қатысты. Оны аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов жүргізді.

ҚР Премьер-Министрінің өкімімен ағымдағы жылы 13-наурызда «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025-жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілген. Осы жоспарды іске асыру, республика тұрғындарына латын әліпбиін түсіндіру, қолдану аясын кеңейту мақсатын көздеген семинарда О.Асанғазықызы «Жаңа әліпбиді енгізудің алғы шарттары» тақырыбында баяндама жасады.

Келесі жылдан бастап мектептің дайындық сыныбына баратын оқушылар латын әліпбиін үйренеді. Соған орай, қазір оқулықтар емле ереженің негізінде сараптамадан өтіп, дайындалып жатыр. Сонымен бірге, келесі жылы жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері мен магистранттарына да жаңа әліпби өз кезеңімен енгізіледі. Жергілікті жердегі оқу орталықтары мен тілдер басқармасы жанынан арнайы біліктілікті арттыру курстары ашылады. Мемлекет және қоғам қайраткері өз сөзін: «Біздің ақпараттық-насихаттық топтың басты мақсаты – латын әліпбиін енгізудің үгіт-насихатын жүргізіп, емле ережелерін халыққа кеңінен түсіндіру және оларды талқылау. Кез келген ел азаматы өз ұсыныстарын emle.kz сайтына жолдай алады. Емле ережелері нақты бекітілген соң Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірден мұғалімдерді оқыту және оқулық дайындау шаралары жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар 2025-жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Біздің елімізде латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929-жылдан 1940-жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылған еді. Біз қазір негізінде латын әліпбиіне көшіп жатқан жоқпыз, сол өткендегіге оралып отырмыз», – деді.

Ғалым Бекжан Әбдуәлиұлы ешқандай шартқа бағынбайтын кісі есімдері жайында сөз қозғап, қызықты дерек мәліметтерді баяндады.

Ғалым Жазира Ағабекқызы емле ережелердегі негізгі өзгерістерді, сондай-ақ, шет тілінен енген сөздер мен терминдердің жазылуын түсіндірді.

Залдан түскен сауалдар мен ұсыныстарға нақты жауап берілді.

С.Тұрсынқұлов ақпараттық-насихаттық топқа алғыс білдіріп, семинарды қорытындылап: «Латын әліпбиінің жаһандық технология мен әлемдік ақпараттың, тіпті, медицина мен техниканың да тілі латынша жазылатыны жасырын емес. Әлемдегі ең дамыған ғылыми және әдеби туындылардың осы тілмен жазылатыны, бұл өркениеттің бұлжымас заңы екенін айғақтай түседі және бізді өркениетке біртабан жақындатады. Біз тағы бір тарихи кезеңге бетбұрыс жасағалы отырмыз», – деді.

Қ.ЖОЛДАСҰЛЫ.