ҚЫРЫҚ ЖЫЛҒА ҰЛАСҚАН ТАМАША ДОСТЫҚ

Жұма, 23 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 52 рет

Ұлтаралық татулық

10-15

Біз Тұрбат ауылының тұрғыны болған, өзбек ұлтының өкілі Баһадыр Орынбайұлы Сабитов пен аудандық мәслихат депутаты Сейдулла Сеңгірбаевтың отбасылық достығы, татулығы жайында сөз қозғағанды жөн көрдік. Қазіргі Тараз қаласындағы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын тері және былғары өнімдерін өңдеу технологиясы мамандығы бойынша 1978-жылы бітірген С.Сеңгірбаев еңбек жолын аудандағы шикізат дайындау мекемесіне тауартанушы болып бастаған. Ол арада Орынбай ата дайындаушы болып жұмыс атқарған.

О.Сабитовтың баласы Баһадыр негізінде ТашГУ-дің филология факультетін тәмамдаған. Содан ол мектепте мұғалім болып ұстаздық еткен. Кейін денсаулығына байланысты 1979-жылы өз атасы (әкесі) Орынбайдың жанына келіп, дайындаушы болып орналасқан. Міне, содан бері 40 жылдай уақыт өтіпті. Бір мекемеде жұмыс істеген Баһадыр мен Сейдулла екеуі сыйласып, араласып, жақсы қарым-қатынасы соңынан үлкен отбасылық достыққа ұласыпты. Біз С.Сеңгірбаевпен сұхбат жасағанымызда, ол Б.Сабитов туралы былай деді: «Тұрбат ауылының тұрғыны, өзбек ұлтының өкілі Орынбай Сабитов соғыс және еңбек ардагері болатын. Өзі сондай инабатты, көпшіл, бойында өте тамаша ізгі, жақсы қасиеттері бар еді. Бір қыз бен бес баланы тәрбиелеп өсірген-ді. Алты перзенті де жоғары білімді, оқу орындарын қызыл дипломмен бітірген-ді.

Баһадыр досымыз ақын болатын, өлең жазатын. Сол 1979-жылы анасына арнаған бір-екі өлеңін оқығанда, содан оның кім екенін жақсы білдім. Өзі тұтығып сөйлейтін, өлең оқығанда сол олқылығын кәдімгідей білдірмей жіберетін. Қазақстанның да, Өзбекстанның да тарихын жақсы білетін. 1981-жылы Ташкенттегі Төле би бабамыздың кесенесіне ертіп барды. Одан әрі Зеңгі атада, Самарқанда болдық. Орталық алаңы Регистанға апарды, Ұлықбектің обсерваториясы мен Бибі ханымның мавзолейін көрсетті.

Баһадырдың өзінен үш қыз, үш баласы бар. Алтауы да жоғары білімді.

Кезінде бірге қызметтес болған, қазір отбасылық досымыз, Сайрам ауданының тұрғыны, түрік ұлтының өкілі Салман Сапаровпен де өте жақсы тату-тәтті қатынаста араластық, – деді.

Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы, патриот ұлы Баһадыр Орынбайұлы Сабитов көзі тірісінде Елбасыға жыр арнаған. Ол жыр қазір Астанада, Елбасы мұрағатында сақтаулы тұр.

Табиғатынан елгезек Баһадырдың Сейдулладан басқа, Тұрбатта, ауданда, сондай-ақ Жамбыл облысында қазақ достары көп еді. Ол дүниеден өткен соң, отбасылық достық үзіліп қалмай, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып, қазір перзенттері тонның ішкі бауындай болып араласады.

Сейдулла Сеңгірбаев өз досының жақсы қасиеттерін айтудан жалықпады. Тағы да Б.Сабитов туралы толғанып: «Баһадыр қай кезде болса да өзінің Қазақстанның патриоты екенін үнемі білдіріп отыратын. Шумақ-шумақ өлең шығарып, үн қосатын. Мысалы, «Қолымды кеудеме қойып, жалғыз Отаным, қай жерде болса да Қазақстанды мадақтаймын. Себебі, мен өзімнің қазақстандық, оның ішінде тұрбаттық болғаныма мақтанамын», – деп айтатын. Осындай асыл жүректі досымыздың болғанын біз ешқашанда ұмытпаймыз. Айтқан лебіздерін, шығармаларын ойымызда сақтаймыз. Осы күнге дейін сол отбасының бар жақсылығына ортақтасып келеміз. Зайыбы Хурият үнемі разылығын, алғысын білдіріп жатады. Баһадырдың Жавлан деген ұлы Тураб Тула атындағы жалпы орта мектебінің директоры, аудандық «Өзбек» этномәдени орталығының төрағасы, республикалық достық қауымдастығының кеңес мүшесі, – деді.

Біз негізі бекем қағылған, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасын тапқан отбасылық достықтан ұлттар арасындағы тамаша татулықтың жарқын үлгісін көргендей болдық. Келесі жылы 40 жыл толатын үлкен жүректен туған достыққа сүйсіндік.

Қ.ҚОЖАННЕМЕРЕСІ.