Үш тұғырлы тіл – ұлт болашағы

Дүйсенбі, 26 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 49 рет

                         Ұлттық жоба

 

 

                                                 Қазіргі қазақстандық үшін үш тілді  

                                                 меңгеру – бұл өз игілігінің кепілі.

                                                                  Н.Ә.Назарбаев.

 

 

         Қазақстан Республикасында тіл саясаты шеңберінде қолға алынған «үш тұғырлы тіл» ұлттық жобасы бүгінде білім беру саласында айрықша маңызға ие болып отыр. Себебі, бүгінгі студент ертеңгі сала қызметкері болғандықтан, оның күнделікті кәсіби қызметінде мемлекеттік тілдің алар орны ерекше. Әсіресе, мемлекеттік басқару органдарында, заң, мәдениет, саясат және халықаралық қатынастар салалары үшін үш тілді жетік меңгерген мамандар қажет. «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006-жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал, 2007-жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлылығы» атты мәдени жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Қазақстан халқының рухани дамуымен қатар, бұл идея ішкі саясатымыздың жеке бағыты болып белгіленді. Яғни, идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Айталық, үш тұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Яғни, бүгінгі таңда ТМД мен Орталық Азияның көшбасшы мемлекетіне айналған Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Көп ұлтты Қазақстанның жағдайында «Үш тұғырлы тіл» ұлттық жобасы қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі факторы болып саналады.

Жуырда дипломатиялық аударма кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты К.Смағұлова, филология ғылымдарының кандидаты Л.Котиева, Г.Жанұзақованың ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде Қазақстан тілдері күніне орай жалпы университеттік тілдер фестивалінің шеңберінде «Тіл халықтың – жаны» атты тақырыпта мерекелік кеш өтті.

       Маңызы зор осынау ауқымды іс-шараға әдістеме және тәрбие ісі қызметіне жауапты кафедра меңгерушісінің орынбасары, аға оқытушы, Р. Маткеримова және «аймақтану», «халықаралық құқық», «халықаралық қатынастар» мамандықтарының студенттері қатысты. Отырыс барысында «аймақтану» мамандығының 3-курс студенті Антон Волушенков «Үш тұғырлы тіл жобасы» атты тақырыпта қазақ тілінде мазмұнды баяндамасын ұсынды. Баяндамадан кейін қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды және Айым Есімсейтова француз тіліндегі өлеңін ұсынды. Аталмыш шараның мақсаты студенттердің лингвистика ғылымына деген қызығушылықтарын арттырып, тілдік саясатты қарастыру болып табылады.

     Еліміздегі негізгі үш тілді дамытуға басымдық беру – басқа халықтардың тілдерін назардан тыс қалдыру деген сөз емес. Мәдениеттер мен тілдердің сан алуандығы – бұл біздің ұлттық байлығымыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, мемлекет Қазақстандағы халықтардың барлығының мүдделерін ескере отырып, посткеңестік кеңістікте ең либералдық тілдік саясат жүргізді. Біздің қоғамда барлық этностардың мәдениеті мен тілін дамытудың бірегей формуласы жасалып отыр. Сонымен қоса, бұл жүйе ең алдымен, мемлекеттік тілді меңгеру мен оқытудың бірыңғай стандарттарын әзірлеуді және бекітуді, содан соң оларды білім беру жүйесінің барлық деңгейіне – мектепке дейінгі мекемелерге, мектептерге, жоғары және одан кейінгі оқу жүйесіне енгізуді көздейді. Екінші жағынан, отандастарымыздың орыс тілін меңгеру деңгейін сақтап қалуына да көңіл аударуымыз керек. Өйткені, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас пен интеграциялық қызметтердің діңгегі. Ақиқатын айтсақ, ақпараттық кеңістігімізде орыс тілі әлі де маңызды рөл атқаратынына ешкім дау айта алмас. Ал, «Үш тұғырлы тіл» идеясының үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Оған қоса, ағылшынша білсең – әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің мол. Тіпті, оқуыңды аяқтаған соң, біршама уақытқа шетелде қалып, еңбек етуің үшін де бұл тамаша мүмкіндік.

       Бүгінде әлемдік саяси кеңістікте Қазақстанның өзіндік орны қалыптасқан. Республикамыз халықаралық аренаға шығып, бірқатар маңызды жобаларды ұсынуда. Қорыта келгенде, Қазақстандағы үш тұғырлы тіл саясаты – бұл елімізді, оның әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған тұтас тұжырымдама. Іс жүзінде тілдердің үш тұғырлылығы идеясы бәсекеге қабілетті Қазақстанның ұлттық идеологиясының бір бөлшегі болып табылады.

К.СМАҒҰЛОВА,

философия ғылымдарының кандидаты, доцент.

Л.КОТИЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.