«Аялы алақан» апталығы

Дүйсенбі, 26 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 57 рет

Игі іс

М.Өтемісұлы ЖОМ

Қамшының сабындай қысқа өмірде әрбір адам баласы аялы алақан мен жан жылуын аңсайтын жандарға қол ұшын бергенге не жетсін! Жуырда М.Өтемісұлы атындағы жалпы орта мектебінде «Аялы алақан» атты қайырымдылық акциясы өткен болатын. Шараны мектеп директоры Манзура Тұрғымбаева ашып: «Әлемдік деректерге сүйенсек, жалпы адамның үштен бірі ғана бай екен. Осының барлығы әрбір пенденің маңдайына жазылғаны десек те, адам қысылтаяңда бір-біріне дос, бауыр ретінде өзінің саналы сезімімен көмек көрсететін жандар деген ойдамыз. Біздің қазақ халқы қашан да қарапайым әрі кеңпейіл қасиетімен ерекшеленген. Сонау ықылым заманнан ата-бабаларымыз қайырымды істің қайыры бар екендігін айтып кеткен», – деді.

Мұнан кейін қайырымдылық шарасы мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Келген қонақтар осынау акцияға өз үлестерін қосты.

Кешті қорытындылаған мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы: «Ақ ниеттер еселене түскен «Аялы алақан» кеші ерекше әсер қалдырды. Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген нақыл сөз бар. Бұл талай тауқыметті өткерсе де, жетімі мен жесірін жылатпаған, қарттарын қаңғыртпаған, ұлтымыздың ұлағатты сөзі. Жаһандану заманында түрлі жағымсыз ақпараттардың көптігі сонша, оларды тыңдаған соң, ауырлық сезінесің. Ал, осы кештен біз жақсы әсер алдық. Сауапты істің куәсі болдық. «Бір қолыңның бергенін екінші қолың білмесін» дейді. Осында жиналған жұртшылық жақсылық жасауға асыққан жандар деген болар ем», – деді.

Шара соңында мектептің қамқоршылық кеңесі құрған комиссия мүшелері түскен қаражатты есептеп, ақылдаса отырып, көмекке зәру мектеп оқушыларының мұқтаждығына жұмсады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға көмек қолын созған демеушілердің атынан арнайы жылы киім-кешек, оқу құралдарына толы сөмкелерді табыс етті. Жақсы істің жаршысы болған кәсіпкер Мақсатбай Мәуленов, Жорабай Раимов, Әсет Доғабаев, Батыр Бертанов, т.б. азаматтарды атап өтпей болмас.

Осы күні 1-9 сынып аралығында үйде оқытылатын оқушылардың қатысуымен ашық тәрбие сағаттары өтті. Сыныптастары оларға өздері жасаған сыйлықтарын табыс етті. Бейнелеу пәні мұғалімі А.Кенжееваның ұйымдастыруымен «Бала арманы» тақырыбында сурет көрмесі көпшіліктің назарын өзіне ерекше аударды.

                                                                                                  

Р.АХМЕТОВА, А.ҚҰРБАНОВА, Г.СӘРСЕНБАЕВА,

М.Өтемісұлы атындағы жалпы орта

мектебінің мұғалімдері.