Арнайы терминал орнату кәсіпкерлер үшін тиімді

Дүйсенбі, 26 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 49 рет

Пилоттық жоба

IMG 5112

Жуырда Қазығұрт ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының ұйытқы болуымен «Салық төлеушілер Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018-жылғы 16-ақпандағы №206 бұйрығына толықтырулар енгізгеніне орай осы мәселені кеңінен талқылап, жүзеге асыру мақсатында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.

       Оған Қазығұрт ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Гүлжан Ахаева, оның орынбасары Нұрболат Мүсірәлиев, бөлім басшысы Қыныбек Ұрынбаев, «Нұр Отан» партиясы филиалының консультанты Ақбөпе Құрбан, «ҚазТелеком» бөлімшесінің инженері Бекасыл Жұмашов, «Халық» банкінің басшысы Мейірбек Лебаев, «Атамекен» палатасы филиалының директоры Бекболат Әбуов, «Ешенқұл ата» орталық базарының меңгерушісі Жақсыгүл Исақұлова, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аян Көшкінбай қатысты.

Алдымен сөз бастаған аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Гүлжан Ахаева Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауында кәсіпкерлерге барынша жағдай жасау керектігін, олардың жұмысының ашықтығы мен жариялылығына мән беру керектігіне тоқтала келіп, жоғарыда аталған Қаржы министрінің салық төлеушілерге, яғни, кәсіпкерлерге ақшалай есеп айырысуларына тиісті жағдай жасау, мүмкіндігінше олардың уақытын тиімді пайдалануына, ақшалай есеп айырысуда сандалтпауға жағдай туғызу керектігіне тоқталды.

Салық төлеушілерге тиісті жағдай жасап, оларға мүмкіндік беруге болатын, тіпті, үлгі алып, оны өз өңірімізде іске асыруға болатын мысалдар да көп екен. Соның бірі – Астана қаласындағы «Шапағат» орталық базары. Бұл базарда салық төлеу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған, арнайы терминал жұмыс істейді. Салық төлеушілер ешқайда бармай-ақ, осындағы терминалға салығын төлеп, есеп-шотын ашып, тіпті, онлайн арқылы есебін жүргізеді екен.

Біз де осы салық төлеушілерге жағдай жасау мақсатында «Ешенқұл ата» орталық базарына арнайы терминал қойып, базардағы сатушы кәсіпкерлерді әуреге салмай тіпті, түрлі төлемдерін сонда төлеуді ұйымдастырсақ деген пилоттық жобаны жүзеге асыруды ойластырып отырмыз.

Мейірбек Лебаев: – Негізінен өте орынды мәселе көтеріп отырсыз. Бірақ, бұл жобаны жүзеге асырудың машақаты көп. Ең алдымен терминал қою үшін күзет жағын ойластыруымыз керек. Одан кейін салық төлеушілерге тиімді, әрі ыңғайлы болу үшін арнайы ғимарат керек. Оған интернет қосылу керек. Күзетке, интернетке төленетін қаржы жағын да шешу керек. Сонда ғана бұл мәселе шешіледі.

Бекболат Әбуов: – Бұл мәселені шешуге өзім тікелей атсалысамын. Өйткені, бұл салық төлеушілерге тікелей көмек. Мәселен, қазір «Ешенқұл ата» орталық базарында кем дегенде 300-ден аса салық төлейтін сатушылар отыр. Ал, базардың айналасындағы сауда үйлері мен дүкендерін қоссаңыз, мұның бәрі базар ішіне қойылатын терминалдың қызметін пайдаланса, олар қаншама уақытын үнемдемей ме?! Бірақ, салық төлеушілердің арасында үгіт-насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізуіміз керек екенін ұмытпайық.

Аян Көшкінбай: – Кіріс көздері салық төлеушілердің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Шын мәнінде, салық төлеушілерге жан-жақты жағдай туғызу арқылы мемлекетке түсетін кірісті де көбейткен жөн. Бұл тұрғыдан алғанда біздің кәсіпкерлік бөлім жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлердің салық төлеуден жалтарғанын анықтап, аудан бюджетіне қомақты қаржы түсіргенін айта кеткенді жөн санадым. Ал, сіздердің бұл пилоттық жобаларыңыз қолдауға лайық. Біз бөлім тарапынан қандай көмек керек болса аянып қалмаймыз.

Бекасыл Құрбан: – Бізге «Телеком» жүйесінің артқаны керек. Егер де, жобаны іске асырып, орталық базарға терминал, интернет орнатамыз десеңіздер, біз қолымыздан келген көмегімізді береміз.

Ақбөпе Құрбан: – Билік партиясы болғандықтан, Елбасы саясатын жүзеге асыруға бағытталған барлық пилоттық жобаны іске асыруға ықыласты. Сондықтан, Нұротандықтар әрдайым қолдайды.

Жақсыгүл Исақұлова: – Біз аудандық мемлекеттік кірістер басқармасымен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы арнайы Меморандумға қол қойғанбыз. Демек, біздің тарапымыздан базар ішінен терминал орнату үшін ғимарат интернет, күзет керек болса, оны жедел түрде шешуге дайынбыз. Бұл пилоттық жоба өз кезегінде салық төлеуші-сатушылардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын.

Қыныбек Ұрынбаев: – Бұл пилоттық жоба ойдан шығарылған жоқ. Бұл, біріншіден, жоғарыдан келген нұсқау болса, екіншіден, жергілікті салық төлеушілердің жағдайын жан-жақты зерделеп, зерттей келе өмірге жолдама алған пилоттық жоба. Соны Сіздердің назарларыңызға ұсына отырып, тиісті мекеме, ұйым басшылары өз көмегін береді деген ойда «дөңгелек үстел» ұйымдастырып, талқыға салып отырмыз. Егерде, Сіздердің тараптарыңыздан толық қолдау тапса, бұл пилоттық жобаны алдағы желтоқсан айының 20-шы жұлдызына дейін аяқтауды ойластырып отырмыз.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ.