Ауылды көріктендіру – тұрғындардың парызы

Дүйсенбі, 26 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 50 рет

                                         Өзекті мәселе

        

 

Жуырда Тұрбат ауылдық округі әкімдігінде ауыл әкімі С.Атымтаевтың басқаруымен алқалы жиын өтті.

Бұл жолғысы бірсыдырғы өтетін кезекті жиналысқа ұқсамады. Көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары кім-кімді де бейжай қалдырмайтыны байқалды. Жиналысқа қатысқан мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, ардагерлер кеңесі төрағалары, ауыл билері белсенділік танытып, басқа да ең өзекті мәселелерді қызу талқыға салды.

Тау бөктеріндегі осы округте кәсіпкерлік жақсы дамыған. Негізінен өзбек-қазақ аралас тұратын аймақтың тұрғындары өте еңбеққор. Тұрбатқа кіріп келе жатып-ақ, қаптаған жылыжайлар кешендеріне көз түсіп, тәнті боласың! Алайда, шешімін таппаған мәселелер де баршылық болып шықты. Мәселен, жылыжайлар, қоралар жанында малдың қиын көзге қораш көрінетіндей жанына, көше жаққа тастағаны көңіл қынжылтады екен.

Ауыл әкімі С.Атымтаев жылыжайларда көкөніс өсірумен айналысып жатқан кәсіпкерлердің және шаруа қожалықтары төрағаларының санитарлық тазалыққа жете мән бермей отырғандарын, әсіресе, Тұрбат-Қазығұрт тас жолы бойында жылыжайлардан шыққан күл қоқыстардың ретсіз шашалып жатқанын, тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын мал қиларын күре жолдың бойына төгіп, санитарлық талаптарға мән бермейтіндігіне тоқтала келе, кәсіпкерлерге бірнеше рет ауызша және жазбаша түрде ескертулер берілсе де, олардың тиісті қорытынды шығармай отырғандарына тоқталып өтсе, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Б.Жәдігеров заң аясында қажетті іс шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.      

Мұнан кейін Өндіріс елді мекенінің ауыл биі Т.Асанов қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетіліп, аз пайызды, жылына еккен өніміне қарай екі рет субсидия беріліп жатқанын, алайда жылыжайда көкөніс өнімдерін өндіретін азаматтардың санитарлық талаптарды сақтау былай тұрсын, бүкіл ауыл тұрғындарын көмір түтінімен улап жатқандарын, әсіресе, жас балаларға қиын тиетінін тілге тиек етіп, жылыжайдың түтін шығатын мұржасын заң талаптарына сай биіктетіп, фильтр (сүзгі) орнатуды талап етті. Аудандық «Қазығұрт тынысы» газетінің бас редакторы Д. Шәріп ауыл әкімі мен осында игі бастама көтергендердің әрекетін қолдайтынын, қажет жағдайда талаптарды орындамаған азаматтарды аты-жөнін атап, газетке жариялауға дайын екенін білдірді. Ауыл округінің төбе биі Н.Бектаев көріктендіру, абаттандыру, санитарлық тазалықты реттеу үшін қаражат керек болса, «Ауылын көріп, азаматын таны» деген тақырыпта арнайы акция ұйымдастыруды ұсынды.

Соңында жиналысқа қатысушылар санитарлық талаптарды бақылау мақсатында комиссия құру керек деп шешіп, оның құрамын да бекітті.

                                               Дидар Бегалиев