ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТҰМАРЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК

Дүйсенбі, 24 Желтоқсан 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 61 рет

Салтанатты жиын

IMG 5624

Тәуелсіздік – текті сөз. Биыл елдігіміздің тұмары, егемендігіміздің жарқын көрінісі, болашағымызды айқындауға кемелді жол ашқан Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 27 жыл толып отыр. Аудандық мәдениет сарайында Тәуелсіздік күні мерекесі аталды. Алдымен халық театры артистерінің орындауында «Тәуелсіздік тұғыры жас ұрпақ, саған аманат!» атты театрландырылған көрініс қойылды.

Салтанатты жиын ашылып, әнұран орындалған соң аудан әкімі Т.Телғараев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Момынов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, 1986-жылғы Алматы қаласындағы алаңда болған Желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлесіміз, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқу ісі меңгерушісі Назира Арыстанбекова және Тәуелсіздік құрдасы, «Ащыбұлақ» жалпы орта мектебінің мұғалімі Айжан Беркінбаева жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады. Аудан басшысы: «Тәуелсіздік мерекесіне киелі ауданымыздың халқы жан-жақты дайындық және толағай табыспен келіп отыр. Ағымдағы жыл – аудан халқы үшін берекелі жыл болды. Биыл ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толды. Осы мерейлі датаны аудан халқы жыл басынан бастап түрлі игі іс-шаралар ұйымдастырып, елдімекендерді абаттандыру, көркейту, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізді», – деді.

М.Момынов: «Ұлысымыздың ұйытқысы саналатын қасиетті Қазығұрт ауданының тұрғындары бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен тыныштықтың ерекше үлгісін қалыптастыруға белсене атсалысып келеді. Болашақта да Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламалық және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер мен тапсырмаларды жүзеге асыру, әрі «Мәңгілік ел» мұратында талмай еңбек етері сөзсіз. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай», – деп ізгі тілегін білдірді.

Желтоқсан оқиғасының куәгері болған Н.Арыстанбекованың сөздері өте әсерлі шықты. Ол: «Желтоқсанның ызғарын, сол кездегі жастардан артық ешкім білмейді. Сол кезде өз студенттерін «Бұл шеруге барған жоқ, сабақта болды» деп басын бәйгеге тігіп қорғаған мейірімді ұстаздарды көрдік. «Мына студент сабақтан қашып, шеруге кеткен» деп өз студентін ұстатып жіберген «белсенді» оқытушыларды да байқадық. «Саған тиген дубинка маған тисін» деп бар ауыртпалыққа арқасын тосқан ағалар мен әпкелер ерлігінің куәсі болдық. Бұл сол кездегі қазақ жастарының рухының биіктігін, патриоттық тәрбиені бойына сіңіргендігінің көрінісі болатын», – деді.

Жиында «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Намешов, «Қазанның ХХХ жылдығы» мектебі директорының орынбасары Б.Сабитов, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінің ұстазы Л.Ибрагимова, «Қазығұрт ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен «Жебе» баспа үйінің директоры Ж.Төлтебай, «Ысмайыл ата» мешітінің имамы Е.Полатов, еңбек ардагерлері О.Өсербаев, Р.Рақымжанов және Н.Ержанов марапатталды. Сонымен қатар, аудан әкімінің «Алғыс хатына» еңбек ардагерлері О.Сүйерқұлов пен П.Анарбек, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Р.Жоланова, «Строй. Ком.» «Прогрес» ЖШС-інің директоры А.Қожабаев, ауданның «Құрмет Грамотасына» еңбек ардагерлері М.Лесбеков пен А.Омаров, «Әсем» бала бақшасының меңгерушісі Ә.Дөнен, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің ұстазы З.Сәбденова, аудандық мәслихаттың «Алғыс хатына» Ө.Жамалов және Ы.Алтынсарин атындағы мектептердің ұстаздары А.Сарманова мен Ж.Нұрбекова және «Шолпан» балабақшасының тәрбиешісі О.Арсланова ие болды.

Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.