«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН

Дүйсенбі, 24 Желтоқсан 2018 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 268 рет

Форум

Түркістан

Қазіргі уақытта Ұлы даланың – Оңтүстік өңіріндегі ортағасырлық қалалар – Отырар мен Түркістанның тарихымыздағы алар орнының ерекше екені Қазақстанда ғұмыр кешіп отырған әрбір азаматқа тайға таңба басқандай көріне бастағаны облыс жұртшылығын қуантады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында еліміздің түпкі тарихындағы әрбір қазақстандық мән беруге тиісті жеті қырын санамалап көрсеткен. Солардың бесінші қыры – «Түркі әлемінің бесігінде» әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдары дәрежесіне жеткен отырарлық Әбу Насыр әл-Фараби мен түркістандық Қожа Ахмет Ясауи аталады. Жуырда ғана Түркістан қаласында өткен Түркістан облысы әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының кезекті жиыны «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» тақырыбын қозғады.

Форумды облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев жүргізді. Көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғадық форумының хатшысы М.Байғұт, Жетісай ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Т.Жүнісов, Шардара ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, Түркістан облысы ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов, ғалымдар С.Құдасов, Қ.Тәжиев, М.Қожа және тағы басқа зиялы қауым өкілдері сөзге шығып, Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының ұлтымыздың мәдениеті мен тарихын, тілі мен руханиятын жаңа қырларынан танытуға, дамытуға бағыт беретінін әңгімеледі. Өзіндік ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салып, Түркістан қаласын, облыс орталығын одан әрі жандандыру мәселелерін қозғады.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы өз мақаласында Түркістанға арнайы тоқталғанын айта келіп, көне шаһарды дамыту жолдарын көтерді.

– «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айқын көрсетілген тарихымыз бен жобаларды қолға алып, ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда және Түркістан облысын дамытуда барлығымыз бірлік пен татулықты ту етіп, еңбек етуіміз керек, – деді аймақ басшысы.

Жиынға қатысушылар «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» тақырыбын кеңінен талқылап, қарар қабылдады.

Форумда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сүбелі үлес қосып жүрген қоғам белсенділері «Туған өлке», «Жыл меценаты», «Батыл жүрек», «Жыл тұлғасы», «Ерен еріктілер», «Жүректен жүрекке» аталымдарымен марапатталды. Олардың арасында Қазығұрт ауданынан Бекет Тұрғараев пен Сырым Ертаев та бар.

Соңында «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» және «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары және киелі жерлері» кітаптарының тұсаукесері болды.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.